Жердің айналасында 30-40 жыл бойы жиналған қоқыс мамандардың алаңдаушылығын күшейтті. Халықаралық ғарыш стансасынан тасталған қоқыс үйдің төбесіне құлаған.
Ғарыш аппаратының қалдықтары үйдің төбесіне құлады
Мынандай аппарат құласа үлкен апат болар еді. Фото news.rambler.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Ferra.ru
2,607
оқылды

Ғарыш стансасынан тасталған 2,5 тонна қалдық атмосферада толық жанып кетпей тұрғын үйдің төбесіне құлағанын bgr.com технологиялық сайты жариялады. Таңғаларлық оқиғаны Aikyn.kz осы мақалаға сүйеніп түсіндіреді.

NASA батареялар бумасын ғарыш кеңістігіне қоқыс ретінде тастаған. Фото habr.com сайтына алынды

Ғарышта зерттеу жүргізетін Халықаралық ғарыш стансасы 417 км биікте Жерді айналып ұшып жүреді. 2021 жылдың наурыз айында NASA ғарыш стансасынан ескірген никель-гидридті батареялар бумасын ғарыш кеңістігіне қоқыс ретінде тастауға шешім қабылдайды.

2500 кг салмағы бар бұл батареялар бумасы Жер атмосферасына кіргенде толығымен жанып кетеді деп күтілген. Алайда, 2024 жылдың наурызында, батареялар бумасы атмосферада толық жанбай, оның қалдықтары АҚШ-тың Флорида штатынының тұрғынының үйіне құлаған.

Флоридадағы үйдің шатырын зақымдаған ғарыштан келген батареяның бөлігі. Фото NASA сайтынан алынды

NASA хабарлауынша, 2,5 тонна салмағы бар жабдық 2024 жылдың 8 наурызында Флоридадағы үйдің шатырын зақымдаған, үй өрттен аман қалған. Бастапқыда үй иесі мен көршілер құлаған затты метеорит деп ойлаған. Бірақ мұқият тексергеннен кейін оның шын мәнінде NASA-ның Халықаралық ғарыш стансасынан тастаған батареялары екені анықталған.

Ғарыштағы аппараттар мен жиналған қоқыстар. Фото naked-science.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Godefridus Victorinus

Бұл ғарыштан құлаған қоқыстың белгілі болған бір ғана оқиғасы. Бұрын апаттық жағдайға ұшыраған зымырандардың жерге бақылаусыз құлаған жағдайлары болғаны белгілі. Бұндай оқиғалардың жиілеуі ғарыштағы қоқыстардың жерге құлау мүмкіндігінің өскендігін көрсетеді. Яғни, ғарыштағы қоқыстың көлемі де жылдам өсіп келеді. Флоридадағы төтенше оқиғадан ешкі зардап шекпегені қуантады.

100 спутник зымыранмен орбитаға осылай шығарылады. Фото SpaceX сайтынан алынды

SpaceX компаниясы Starlink спутниктерінің ғарыштағы санын 30 мыңға жеткізбекші. Олар 335-345 км биікте қызмет көрсетеді. Қазірдің өзінде ғарышта 6000 жуық Starlink спутниктері орбитаға шығарылған. Starlink спутниктерінің жұмыс істеу мерзімі 5-10 жыл ғана. Бұдан кейін олар да ғарыштағы қоқысқа айналады. 

Осының өзі ғарыш қалдықтары туралы алаңдаушылықты шетке ысырып қоюға болмайтынын көрсетеді. Мына видеода ғарыштағы қоқыстың қандай жылдамдықпен өскенін көреміз:

Ғарыштағы қоқыстан болған төтенше оқиғалар ғарыш қалдықтарымен күресудің жаңа жолдарын іздеудің маңыздылығын көрсетеді.

Болашақта жоспарланған көптеген ғарыштық миссиялардың салдарынан біздің кішкентай планетамыздың айналасындағы кеңістікті қоқыс жинайтын полигонға айналдыру қаупі де өсуде.

NASA мен басқа да Роскосмос, ЕуроОдақтың, Қытай мен Үндістанның ғарыштық агенттіктері бұл проблеманы бірлесіп шешетін уақыт таяп қалған сияқты. Адамзат өркениеті үшін Жердің асты мен үсті, оның ғарыштық қалқанының да тазалығы маңызды. Осыны үлкен державалар ертерек түсіне бастағаны дұрыс болар еді.