Астана қаласында Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназияда қатардағы оқушылармен бірге көзі көрмейтін балалар да оқиды.
Көз жанары көрмесе де, бала ортаға бейімделуі керек
1,627
оқылды

Оларға арналған арнайы сыныптар 2015 жылы ашылған. Сол жылы оқуға түскен бала бүгінде 8-сынып оқиды. 

Мектеп директорының айтуынша, ерекше балаларға арналған сыныптың ашылуына мектеп жанындағы балабақша түрткі болған.

– Дәл жанымызда көзі нашар көретін балаларға арналған балабақша бар. Соның негізінде мектеп ішінен ерекше балаларға арнайы сынып ашылған. Мұғалімнің бәрі – білікті, оқушыларға сабақты брайль тәсілімен оқытады, – дейді мектеп директоры Бақытжан Шарапбекұлы.

Білім ордасында оқушылар көзі нашар көретін 18 сынып және жанары мүлдем көрмейтін 5 арнайы сынып бар. Көз-жанары мүлдем көрмейтін топта – 28 бала оқиды.

Бақытжан Шарапбекұлының айтуынша, көзі көрмейтін балалардың саны жылдан-жылға өсіп келеді. «Былтыр ерекше балалардың саны 140 болса, биылдың өзінде 169-ға жеткен. Ал осы жылы 1-сыныпқа балабақшадан екі сынып келмекші», деді ол.

 Дені  сау балалармен бірге оқитын – Инсар

Оқушыларға сабақ мемлекеттік стандартқа сай өткізіледі. Таңғы 8-ден бастап, түсте бітеді. Бір сабақ 45 минут жүреді. Көзі нашар көретін балалар дәрігердің рұқсатымен ғана 9-сыныптан кейін емтихан тапсыра алады. Ал көзі мүлдем көрмейтіндер сынақтан босатылған. 10-11-сыныпқа келгенде олар қоғамдық гуманитарлық және жаралыстану бағытында оқытылады.

– Біздің мақсат – ерекше балаларымызды ортаға бейімдеу, әлеуметтендіру. Көзі нашар көреді немесе көрмейді деп оларды елден бөлектеп, оқшаулау ұстау – дұрыс емес. Ерекше балалардың өз бетінше жүруге, емін-еркін қозғалуға икемделгені жақсы емес пе?! Мысалы, тәжірибе ретінде  Инсар мен Диас деген екі ерекше баланы 30 оқушы оқитын жай сыныпқа қосып жібердік.

Қазір Мирас отбасылық жағдайымен Ақтөбеге көшіп кетті. Дегенмен екеуі сыныптастарының ортасында емін-еркін жүруді үйренді. Асхана мен дәретханаға да өздері бара береді. Кейбір пәнді сыныптан сыныпқа ауысып оқығанда, балалардың иығына сүйеніп, қажетті бөлмеге бара алады. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Оған қоса, оларға жанындағы балалар қамқорлық етіп, әрдайым көмектесіп жүреді. Сондықтан ондай сыныптар біздің мектепте ғана емес, өзге білім ордаларында да ашылып не болмаса инклюзивті оқыту жүруі керек, – дейді Бақытжан Шарапбекұлы.

Оқу ордасының бір бұрышында үстел теннисін ойнап жатқан балаларды байқап қалдық. Арасында 30 баламен жай сыныпта оқитын Инсар да жүр. Өзі спортпен қана емес, өнерден де құр алақан емес, барабанда да ойнайды екен. Былтыр Алматыда жасөспірімдер арасындағы шоудаунан өткен жарыста бірінші орын иеленіпті.

– Әрине, кез келген сайыстың басында уайымдаймын. Артынан қызығына кіріп кетемін. Өзім күнделікті жаттығуға жарты, бір сағатым кетеді. Спорттан басқа биология, физика, қазақ тілі сабағы ұнайды, – деген Инсар сыныпта екі-үш досының барын айтып қалды. Қазір оның жасы – 15-те, 8-сыныпта оқиды.

Оқушының асханаға барып, қасықпен тамақ іше алуы – үлкен жетістік

Ерекше балалармен жұмыс істеуде тәжірибесі мол ұстаздың бірі – Сәуле Ләбиқызы. Ол 40 жылдық тәжірибесінің арқасында осы мектептегі ерекше балаларды оқытудың тәсілі негізінде қалаған. Білікті ұстаз да басшылықтың сөзімен келісіп отыр. Сәуле Ләбиқызы білім ордасындағы ерекше балаларды әрбір мұғалім, мектеп қызметкері қалыпты бала ретінде қабылдауы керек деп санайды.

– Бұл жер – оларды жетектеп, әлпештеп отыратын үйі емес, білім ордасы. Қаламы жерге түссе де, өзі алуы тиіс. Дәретханаға да өзі барып-келуі керек. Оның әрқайсысына жүгіріп жүрсек, сабағын оқыту жайында қалады. Өбектей берсек бала да үйреніп, өз еркімен қозғалудан қалады. Ерекше жандарды дені сау баламен салыстыруға келмейді, екеуі екі бөлек әлем. Ал сырқат баланың қай-қайсысы бір-біріне ұқсамайды. Олармен жұмыс істеу үшін әрқайсысына өзіндік жол таба білудің өзі өнер.

Он екі мүшесі сау баланың артықшылығы – сабақ оқуға деген ынтасы болса жеткілікті. Ал біздің балаларға ынтаның өзі аздық етеді. Қажымас қайрат пен жігер қажет. Оқушыларымыздың бір әріпті үйренгені ғана емес, өзі асханаға барып, қасықпен тамағын іше алуы – үлкен жетістік. Мәселен, балалардың арасында эхолалиямен ауыратындар бар. Олар айтып-оқып бергеніңді түп-мәнін түсінбестен, сөзбе-сөз қайталайды. Зат есімнің ережесі немесе өлең жолдары болсын, судыратып жатқа айтып беруі мүмкін. Бірақ мән-мағынасын түсіне қоймайды. Салдарынан кейде бір сабақты өзіне бірнеше рет қайталауға мәжбүрміз. Сабақта өткен дүниені түсініп, «кім, не?» деген сұраққа жауап бергеннің өзіне қуанамыз, – дейді Сәуле Ләбиқызы.

Оның айтуынша, сырқат баламен қандай да бір жетістікке жету үшін әрбір ата-ана «балам осыны істей алады» дегенге сенуі қажет. Оларды аяп, қатты қамқорлыққа алса, ертеңгі күні бала өскенде оның зардабын тартады.

«Ерекше бала болса да оларды мектептегі барлық оқушымен теңдей қараймыз.  Менің уайымым – мектептен кейін олар қандай оқуға түсіп, қандай маман иесі атанады, қалай жұмыс істейтінін уайымдаймын. Сондықтан ерекше балаларға арнап мектептің жанын колледж ашуы керек», деді ұстаз. 

 Брайль тәсілін үйрететін білім ордасы

«Дара», «Шеврон» секілді компаниялардың қайырымдылық жасап, әрдайым қолдауының арқасында білім ордасында жақында ресурстық орталық ашылған. Мұнда оқушылармен бірге мұғалімдерді және ата-аналарды брайль әдісін оқытуды үйретеді. Арнайы тақтайшада инемен тескілеп әріпті теріп, сөйлем жазады. Әр әріптің өз белгісі бар. Зағип жандар оны қолымен ұстап, саусақтарының ұшымен сезу арқылы оқиды.

– Бастауыш сыныптан кейін оқушыларға химия, биология секілді қосымша пәндер қосылатыны белгілі. Дені сау балаға сабақ беріп жүрген ұстаз бұларға келгенде кібіртіктеп қалады. Осының алдын алу үшін өз мұғалімдерімізді көзі көрмейтін немесе нашар көретін балалармен жұмыс істеуге үйретеміз. Мәселен, ерекше оқушылар оңнан солға қарай жазады. Ал оқығанда керісінше, солдан оңға қарай оқиды. Енді бірінің сөйлеуінде кемістігі бар. Олармен осы жердегі логопедтер жұмыс істейді. Коррекция кабинетіне барса да болады. Әйтпесе, мемлекет тарапынан қажетті деген барлық кітаппен қамтылып отырмыз. Сондықтан  ата-аналарды да осы жерде оқытамыз. Өйткені олардың көмегінсіз балалар үй тапсырмасын орындауы қиын,  – дейді Сәуле Ләбиқызы.

Оның айтуынша, елімізде ерекше балаларды оқытатын білікті маман жетіспейді. «Шынын айту керек, оқушыларымызды оқытатын маман жоқтың қасы. Бұрнағы жылдардың өзінде ондай мұғалімдерді бір-ақ жерде, Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы Герцен институты ғана дайындайтын. Ал қазір Алматыдағы Абай университеті биыл соңғы курсын шығарып жатыр. Бар-жоғы 6-7 ғана, онда да олар бұл жаққа келмейді. Осыны қолға алуымыз керек», деді ұстаз.

Мектеп басшылығының айтуынша, маманның көпшілігі тәрбиешіден бастайды. «Осында істегеніме үш жыл болды. Әуелі тәрбиеші боп келдік, қазір дефектологке оқып жатырмын. Бұйыртса, ұстаздық етпекпін», дейді мұғалімнің жанында тұрған тәрбиешілердің бірі.  

 Жұлдызға айналған оқушылар

Бастауыш сыныптағы ерекше балалардың сабағына кіріп шықтық. Есік ашылып, бірнеше адамның кіргенін естіген олар бір-бірімен жарыса амандаса жөнелді. Сынып жетекшісі оқушыларды таныстыра келе, арасында жақында ғана Шымкентке паракаратэден жарысқа барып, екінші орын алып, күміс жүлдегердің барын мақтан етті. Есімі – Виктор, бұл оның алғашқы жеңісі емес, оған дейін де талай жарысқа қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Сөйтіп, бізге каратэнің бір-екі әдісін көрсетті.

Балалардың ішінде елге танылған жұлдызы да бар. Есімі – Дәулетхан, 2-сынып оқиды. Өзін тиктокер деп санайды. Былтыр бірінші сыныпқа келгенде Әнұран орындап тұрғанын бәзбіреулер түсіріп, видеоны TikTok-қа салып жіберген. Бір күнде 7 мың қаралым жиналған.

– Қазір TikTok-та қанша жазылушың бар?

– 12 600, сол күннен бастап бәрі жазыла бастады ғой.

Сабақ оқыған ұнай ма, әлде видео түсірген жақсы ма?

– Әрине, мектепке келіп сабақ оқыған жақсы. Бірақ видео түсірген бұдан да күшті. Видеоны күндіз-түні түсіре берер едім.

 – Қай елден боласың, руың кім?

– Дулаттың ішінде Жиембет Жалғасұлымын.

– Мұғалімдерінің қайсысы жақсы?

– Сіздер бір айналып келіңіздер, сосын айтамын, –  деп әзілдеп қояды Дәулетхан.

Сынып жетекшісінің айтуынша, сыныбында 5 бала. Бір оқушысы былтыр аяғын сындырып алып, сабағын үйден оқып жатыр. Ал екі оқушысы ауырып қалған.

– Бізде бір сыныпта 8 оқушыдан артық бала болмауы керек. Мысалы, әлеуметтік тұрмыстық бағдарлау сабағында киімді қалай үтіктейді. Ыстық пешті қалай қосып, пайдалану секілді тұрмысқа қажетті дүниелерді дұрыс қолдануын үйретеміз. Тіпті, асханаға не болмаса кафеге барып, өзін-өзі қалай ұстау керегін айтып, бойына сіңіруге тырысамыз, – дейді Айгүл Кеңесқызы.