Қазақтың ән мен күйінде батырларға арнау көп.
Елін қорғаған батырларға арналған күйлер
Фото: автордікі
1,989
оқылды

Ел мен жерін ардақтап өткен, «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» Отанды қорғаған ерлердің ерлігін сипаттайтын шығармалар жеткілікті. Мысалы, «Шора батыр», «Қамбар батыр» секілді күйлер жауһарға айналғаны қашан! Күй дейміз-ау, батырға арнап таңның атысы, күннің батысы тоқтамай мадақтайтын жыр-дастандар да бар.

Бүгінгі мақаламызды жазбас бұрын біраз ойландық. Көптің ішінен іріктеп алу оңай емес. Қай күйді алып қарасақ та жеке жазуға тұрарлық. Десе де ойлана келе тек екі күйге ғана тоқталдық. 

«Қабанбай батыр»

Он сегізінші ғасыр. Алакөлдің жағасы. Барлық тауының етегіндегі ауыл. Шамалап отыз-қырық отау тігілген. Он екі қанат ақ боз үй – батырдың үйі. Абылай ханның бас батыры – Қабанбайдың шаңырағы.

Ауылда еркек кіндік онша көрінбейді. Бірлі-жарым күзет болмаса, қалғаны жорыққа кеткен. Қатын-қалаш, бала-шаға, шал-кемпір ғана жүр. Әркім өз шаруасын біледі. Бос жүрген ешкім жоқ. 

Бір кезде алыстан жалғыз қара көрінді. Жақындай бергенде «Сүйінші, сүйінші!» деген дауыс естілді. Ауылға кіре сала, бас үй жаққа шауып барды. Үйден ақ жаулықты әже шығып, жөн сұрайды. 

– Батыр сәлем айтып жіберді. Дайындала берсін. Жеңіспен келе жатырмыз деді. 

Мұны естіген әженің жүзіне күлкі үйіріліп, «міне, сүйіншің» деп қолындағы күміс білезігін шешіп берді. «Ал, қамданыңдар», – деді де үйге қайта кірді. Абыр-сабыр басталды.

Жақын маңда атасы мен немересі жүрген еді. Қамсыз тірлікпен жүрген ауылдастарының бір сәтте жүгіре бастағанын көрген балақай: «Ата, не болып жатыр?» – деп сұрады.

– Құлыншағым, батыр атаң келе жатыр. Әне, жіберген елшісін көрдің ғой. Кеш батпай өздері де келіп жетер. Ал мына жұрт дайындалып жатыр. Қабанбай атаң жеңіліп көрмегенін білесің ғой. Осы жолы да жолдары болды.

– Ата, мен де батыр боламын. Мен де жерімді қорғаймын.

– Әрине, онсыз бола ма?! Сен де ертең анау тұрған Барлық тауының арғы бетіне барып шынығасың. Қолға қылыш ұстау – өнер. Өнерге машықтану керек.

– Ата, өткенде келгенде батырлар не үшін мына көлдің жағасында көп түнеді?

– Мына Алакөлдің суы шипалы. Жай су емес. Соғыс болған соң жауынгер жарақат алмай қайтпайды. Біріне қылыштың жүзі, екіншісіне найзаның ұшы тиеді. Ал Алакөл сол жараның бетін жазуға таптырмас жер, – деді де, – Әне, қарашы, батыр келер жолға өнерпаздар жинала бастады. 

Осы уақытта ауыл маңына өнерпаздар жиналып, домбыра, сыбызғының құлақ күйін келтіре бастайды. Ауылдың әдеті бойынша, Қабанбай батыр жорықтан оралғанда ауылдастары сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алады екен. Осы жолы да сол дәстүрден ауытқымады. Ал сол кезде тартылған сарын халық арасына кең таралып, «Қаракерей Қабанбай» күйі деп аталып кетіпті.

 

«Адай»

Сағырбай баласы Құрманғазы ауыл аралап, өнер көрсетіп жүрген кезі болса керек. Осы жолы Маңғыстауға жол түсті. Өзінің бұрыннан білетін жері, талай рет нағашысына келген. Еш қамсыз, жанындағы нөкерлерімен әңгімелесіп отырады. Бір қараса сайдың арғы бетінде қаруланған жігіттерді көреді. Бөтен емес, бірнеше рет ауылында қонақ қылып күткен Адай ауылының азаматтары екен.

– Ассалаумағалейкүм! Армысыңдар батырлар? Жолдарың болсын! – деп Құрманғазы «аз адам, көп адамға  бірінші амандасады» деген дала заңының салтымен.

 – Бармыз Құреке, бармыз, – деп бастарын сәл ғана иіп өте берді.

– Құреке, мыналар бекер бара жатқан жоқ. Біз де ілесейік. Көмегіміз тиіп қалар, – дейді бір нөкері. Күйші келісіп, аттың басын әскер соңына қарай бұрды.

Сүт пісірім уақытта межелі жерге жетіп, батырлардың топбасшысы: «Сіздер анау төбешіктің басына барып, қарай тұрыңыздар», – дейді. Амал жоқ, көмектесеміз деп келгендер көрерменге айналып, биік төбешіктің басына шыққан екен.

Енді ғана белгілі болды. Мына бетте түрікменнің қалың қолы көрінді.

– Құреке, біздің жігіттер құриды ғой. Түрікмендердің саны 3 мыңнан кем емес сияқты. Адайларың 300-ге жетер-жетпес, – деді бір нөкері.

Құрманғазы мына жігіттердің бекерден-бекер келмегенін сезіп тұр. Дұрыс екен. Әп-сәтте дала бұрқырап, шаң көкке көтерілді. Құрманғазы сәл шегініп, бажайлап қараса, адайлар ер-тоқымның артына қой терісін байлап, бір қатармен шаба бастағанын көреді. Жерге сүйретілген тері айланасын шаң-тозаңға айналдырады. Қас-қағым сәтте әлгі 300 жігіттің шапқаны, 30 000 жауынгері бар әскердің шапқан көрінісін берген екен. Сонда түрікмендер «есің барда, еліңді тап» дегендей соғыспай, қайтып кетіпті.

Осы өлкедегі шежірешілердің айтысына қарағанда, Құрманғазы осы көріністі жиі еске алып, Адай жігіттерінің ептілігі мен қулығына риза болып, ел мен жерін қорғаудағы зеректігіне арнап «Адай» күйін шығарған деседі. 

 

Бұған дейін  Қиын-қыстау заманда қол ұшын созған батырларға алғыс айту күйлері туралы жазған болатынбыз.