Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымының (FAO) қолдауымен Тұрақты дамуға жәр­дем көрсету орталығы «Тұрақты органикалық ластаушы зат­тар мен пестицидтер: олардың денсаулық пен қоршаған ор­таға қаупі және басқару шаралары» тақырыбында тренинг өт­кізді.
Зиянды пестицидтерге де субсидия беріледі
623
оқылды

«Алдымен тұрақты ластаушы мен пестицидтер деген не және олар­­дың денсаулыққа зияны қан­дай?» деген сұрақтарға жауап іздеп кө­релік. Табиғатты тұрақты лас­тау­шы заттарға қарапайым дустен бас­тап, зиянкестерден қорғауға ар­налған пестицидтер деп ата­ла­тын химиялық қосылыстардың көп­теген түрін жатқызуға бо­ла­ды. Пестицидтер көбіне зиян­кес­тер­ден қорғану үшін қол­да­ныл­ға­нымен, мөлшерден асып кетсе, адам денсаулығына және топы­рақ­қа зияны көп.

Алайда көптеген ел улы зат­тарды, оның ішінде тұрақты ор­га­ни­калық ластаушыларды (ТОЛ) жә­не ескірген пестицидтерді қа­уіп­­­сіз пайдаланудың ережелерін сақ­тай бермейді. Ауыл шар­уа­шы­лы­ғында, егін шаруашылығында жә­не мал шаруашылығында олар­ды қолдану адам денсаулығына қан­шалықты зиян екенінен де ха­барсыз адамдар бар.

Қазақстандағы FAO жобасы­ның ұлттық менеджері Салтанат Бае­шованың айтуынша, тре­нинг­тің мақсаты – халықты тұрақты органикалық ластанудан болатын қауіп­тер туралы ақпараттандыру, денсаулық пен қоршаған ортаға зия­ны және оларды қолдану ша­ра­ла­рын талқылау. Бұл платформа хи­миялық қауіпсіздік саласындағы са­рапшыларды, соның ішінде мем­лекеттік қызметкерлерді, үкі­мет­тік емес ұйымдарды, ғылыми ор­таны бір мақсатқа жұмылдыруды көздейді. Тренинг барысында пес­ти­­­цидтерге арналған кон­тейнер­лер­ді қайта өңдеу және осыған бай­ланысты FAO мен Қазақ­стан­ның бірлескен жобасын жүзеге асыру мәселесі де талқыланды.

– Жобаға қатысушы елдерде, со­ның ішінде Қазақстанда тіркеу ке­зінде көптеген факторға назар ау­дарамыз. Елде пайдаланылған жә­не тіпті, субсидияланған пести­цид­тер тізімінде аса қауіпті пести­цид­тер бар екені анықталған. Олар­ды пайдалану ұлттық заңна­ма­мен реттеледі, бірақ дамыған ел­дерде ескерілген көптеген кри­те­рий назардан тыс қалып отыр. FAO-ның далалық сынақтары қа­зақ­стандық фермерлер зиян­кес­термен күресудің қымбат емес ба­­­ламалы биологиялық әдістерін қол­­дану арқылы пестицидтерді қол­дануды 60-70%-ға дейін азайта ала­тынын көрсетті, – деді Сал­та­нат Баешова.

Халықаралық сарапшылардың ай­туынша, әлемде көптеген ауыл­шаруа­шылық аймақтарының то­пырағы адам денсаулығына және бү­кіл экожүйеге қауіп төндіретін тұ­рақты органикалық ластаушы зат­тар (ТОЛ) және ауыр метал­дар­мен ластанған. Әлемде пести­цид­тер­ден 385 миллион улану және 15 мың адам өлімі тіркелген. 

Қазақстанда пестицидтерді дұ­рыс қолданбау (мысалы, үй-жай­лар­­ды залалсыздандыру, жер учас­ке­­лерін өңдеу және т.б.) сал­­­дары­нан адамдардың, соның ішінде бала­лар­дың өлімі жиі кездеседі. Мәсе­лен, пестицидтерге арналған кон­тейнерлерді кәдеге жаратуды және қай­та өңдеуді бақылау механизм­де­рінің жоқтығынан адам денсау­лы­ғы мен жануарлар дүниесіне үл­кен қауіп төніп тұр. 

Тұрақты дамуға жәрдемдесу ор­талығының Қалдықтар және хи­миялық қауіпсіздік департ­а­мен­тінің директоры Юлия Лобунцова өз баяндамасында Қазақстан ЕО ел­дері бас тартқан аса қауіпті пес­тицидтің 22 түрін импорттауды жә­не субсидиялауды жалғастырып жатқанын айтты. Ғылыми дерек­тер­ге сүйенсек, бұл заттар қатерлі ісік пен генетикалық өзгерістер ту­­­­ғызып, адамның эндокриндік жә­не ұрпақты жалғастыру жүйе­сінің жұмысын бұзады.

– Біздің ойымызша, біз Қа­зақ­стан нарығын аса қауіпті заттардың им­портынан қалай қорғау керек­ті­­гін ойлауымыз керек. Талдау көр­­сеткендей, аса қауіптілер тізі­мі­не енгізілген пестицидтер Қа­зақ­станда қолжетімді және оларды ба­­зарлар мен интернет-дүкен­дер­ден оңай сатып алуға болады. Мы­салы, қазақстандықтар жән­дік­терге арналған әйгілі дуст (шаң) не­месе астық және бұршақ дақыл­да­рын өңдеуге арналған препарат­тар­дың бөлігі болып табылатын алю­миний фосфидін төсек қанда­ласынан құтылу үшін сатып алады. Халық өздерінің қауіпсіздігін сақ­тау шараларын біле бермейді, – дейді Юлия Лобунцова.

Жиын қорытындысында пес­тицидтерді тіркеу, өткізу, сақтау, кә­деге жарату және нарықтағы ай­налымға бақылауды күшейту үшін заңнамалық өзгерістер енгізу, тыйым салынған химиялық зат­тар­дың тізімін жасау, олардан бо­ла­тын жазатайым оқиғалардың мә­лімет­тер базасын жасау ұсы­нылды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ