Ауа-райы құбылып, 5°C-қа дейін суыған Астанадан 3000 шақырым қашықтықтағы Үндістанда ауа температурасы 50°C-қа көтерілген. Бұның бәрі де климаттың өзгеруінің әсері.
Делиде ауа температурасы 50°C-қа дейін көтерілді
Көшеде ыстықтан қиналған үндістандық әйел. Фото BBC News сайтынан аланды. Авторлығы: Getty Images
1,230
оқылды

BBC News жариялаған фоторепортажда үндістандықтардың ыстықтан қиналып жатқаны көрсетілген. Аптап ыстық Үндістанның экваторға жақын оңтүстігі емес, солтүстік аудандарында тіркелген. Aikyn.kz мұндай ыстықтың неліктен солтүстік аудандарда болғанын түсіндіреді.

Ұзаққа созылған аптап ыстық толқындары Үндістанның солтүстігіндегі тұрғындардың қалыпты өмірін өзгертті. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Биыл ұзаққа созылған аптап ыстық толқындары Үндістанның солтүстігіндегі тұрғындардың қалыпты өмірін өзгертті. Бейсенбіде (23 мамыр) көптеген штаттарда температура 45°C-тан жоғары көтеріліп, Раджастхан штатындағы Бармерде 48,8°C-қа жеткен.

Үндістанның ауа райы департаменті аптап ыстық сәрсенбіге дейін (29 мамыр) созылуы мүмкін деп мәлімдеді. Кейбір аймақтар энергия тұтынудың күрт артуына байланысты су мен электр қуатының тапшылығына ұшырауда.

Климат мамандары қазіргі ыстықтың бірнеше жергілікті құбылыстардан туындағанын айтуда, бірақ басты себеп – жаһандық жылыну. Мұндай аптап ыстықтың салдары фермерлер үшін ауыр болмақшы, температураның кенеттен көтерілуі егіннің өніміне әсер етеді, бұл жағдай әлемдегі халқының саны жағынан бірінші орынға шыққан Үндістан үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Аптап ыстықтан адамдар ғана емес, жануарлар да қиналуда. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Аптап ыстықтың салдарынан электр қуатын тұтыну да күрт өскен, үйлерде кондиционерлер күні-түні қосулы болады. 

Климаттың өзгеруін зерттеу институтының өкілдері Үндістандағы жылудың жойқын әсері тек жаһандық жылынудың өзімен ғана емес, сонымен қатар басқа да факторлармен де болғанын айтуда.

Атап айтқанда, халық санының өсуі, ормандардың жойылуы, көлік санының артуы мен үлкен аумақтарға салынып жатқан тұрғын үйлер мен өндіріс орындарының құрылысына  байланысты күшейіп отыр. Өйткені бетон жолдар мен ғимараттар көп болса, олардың ішінде жылу жиналады. Бұл ауаны одан ары қатты жылытады. 

Мұндай ыстықтан көп зардап шегетін тұрмысы төмен отбасылар. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / EPA-EFE / REX

Ғалымдардың айтуынша, жоғары ылғалдылықпен бірге аптап ыстыққа үйренген үндістандықтардың денсаулығына осындай мезгілсіз, ұзаққа созылатын ыстық толқындары де нұқсан келтіреді. Мұндай ыстықтан көп зардап шегетін тұрмысы төмен отбасылар.

Сәрсенбіде Делидің электр қуатына сұранысы 8 000 МВт-қа жеткен, бұл Үндістан астанасы тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Делиде осы аптада 45-46°C аралығында болатын қатты аптап ыстық толқыны жүріп жатыр.

Ауа райы мамандарының айтуынша, жоғары ылғалдылық салдарынан жылу индексі – немесе көрінетін немесе сезілетін температура – 50°C-дан асып кеткен.

Қалалық ауруханаларда жылудан зардап шегетін науқастарды емдеуге арналған арнайы қондырғылар жасалған, олардың саны да артып келеді.

Ер адам Кашмирдегі Дал көлінде шомылуда. Ол бүкіл Үндістандағы ең бақытты адамға ұқсайды. Осы жазда Гималай аймағында да ауа температурасы нормадан жоғары. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / EPA-EFE / REX

 

Дели биыл қайнап тұр. Төзімді индустардың өзі аптап ыстық адам төзгісіз дейді. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Делиде жарнама саласында жұмыс істейтін 34 жастағы Рохит Наир аптап ыстық адам төзгісіз дейді. Наир мырза түстен кейін сыртқа шықпайтынын, бірақ үй ішінде де өзін жайсыз сезінетінін айтады. 

«Мен күні бойы өзімді шаршаған күйде боламын. Дели биыл қайнап тұр. Кондиционерсіз отыру мүмкін емес», – дейді ол. 

Жердегі климаттың өзгеруі ғалымдар айтқан қиын салдарларға алып келуде. Ресей мен Қазақстанның көптеген аймақтары су тасқынынан қиындық көрсе, Үндістан мен Пәкістан аптап ыстықтан қиналуда. Әзірше әлем елдері атмосферадағы парниктік газдарды азайтудан басқа климаттық зардаптарды жоюдың тиімді концепциясын таба алмай келеді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.