Соның ішінде үш алпауыт мемлекет – АҚШ, Ресей мен Қытай қатынасы санкция мен сауда соғысын қойып, ашық теке-тіреске айналып барады. Мұндай ахуал олардың төңірегіндегі елдерді белгілі бір шешімдер қабылдауға итермелейді.
Біздің таңдауымыз – дипломатия мен диалог
Осынау аумалы-төкпелі уақыттағы Қазақстанның позициясын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур сапарында айқын жеткізді.
46-шы Сингапур лекциясында «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты тақырыпта дәріс оқыған Президент жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету және ондағы орта державалардың рөлі туралы маңызды ой-пікірімен бөлісті.
Айта кетейік, Сингапур лекцияларын 1980 жылдардан бері Юсоф Исхак институты (ISEAS) ұйымдастырып келеді. Мұнда саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар түрлі мемлекет басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік алады.
«Біз геосаяси шиеленістен бастап, макроэкономикалық қиындықтарға дейінгі және жиілей түскен климаттық апаттар секілді қаншама дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз. Қауіпсіздік архитектурасының іргесі жылдам сөгіліп барады, әлемдік державалар арасында бір-біріне сенімсіздік таныту үрдісі үдей түсті. Шамасы, Қырғи-қабақ соғыстан кейін орнаған «бейбітшілік несібесі» түгесілуге жақын. Өйткені былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 триллион долларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Демек, қаруланудың жаңа бәсекесі басталды. Қанша күш-жігер жұмсалғанына қарамастан, адамзат жаңа әскери қақтығыстардың құрбанына айналады. Экстремизм, терроризм, кибернетика, ғарыш, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, жаппай миграция және эпидемия туындатқан түйткілдер жаһандық қауіпсіздіктің жағдайын одан сайын ушықтыра түсті. Алайда Астана мен Сингапур дамып келе жатқан орта державалар ретінде мұндай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай алмайды. Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қабылдамаса, тағы бір қырғи-қабақ соғыс зобалаңына тап келуіміз әбден мүмкін», – деді Президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан еліміз жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін жеткізді.
«Барлық сыртқы серіктестеріміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бей-жай қарауға болмайды. Дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етеміз. Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогті таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – территориялық даулардан бастап, идеологиялық қақтығыстарға дейінгі түрлі қайшылықты еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы өзара сыйластық пен ортақ мақсаттарға негізделген әріптестік қатынастарды нығайтуға және баршаға ортақ бейбіт әрі жарқын болашақ құру жолында күш біріктіруге шақырды.
Сингапурдың таңдалғаны бекер емес
Президенттің «Сингапур лекциясы» сарапшылар ортасында да жылы қабылданып, жан-жақты талқыға түсіп жатыр.
«Біздің бейтарап саясат бірінші кезекте жауапкершілігі жоғары дипломатиямен ерекшеленеді. Сонысы үшін де оған әлем елдері түсіністікпен қарап отыр. Оны соңғы жылдары елімізге келіп жатқан көптеген шетелдік мемлекет басшыларының, қайраткерінің және де түрлі деңгейдегі делегацияның пікірінен аңғаруға болады. Олардың бір де бірі біздің елдің сыртқы саясаты туралы теріс пікір айтқан емес. «Қазақстан неліктен осындай позицияны ұстап алған» деп түсінбеушілік танытқан жоқ. Себебі біздің ұстаным, «түйеқұс сияқты басын құмға тығып алған» бейтараптылық емес, жаңа айтқанымдай, жауапкершілігі жоғары дипломатияға құрылған. Ол біздің Тәуелсіздік алғалы таңдап алған көпвекторлы саясатымыздың заңды жалғасы. Әртарапты болу қаншалықты дұрыс бағыт болған болса, бейтарапты болу да сондай дұрыс шешім. Осылайша, біз Тәуелсіздігімізді сақтап қала отырып, одан әрі дамуымызды жалғастыра беретін боламыз», – дейді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айгүл Құспан.
Оның айтуынша, Қазақстан ішкі саясатында мемлекетті өз халқы, азаматтары тұрғысынан қарастырады. Институт ретінде емес, адам ретінде, халық ретінде, онда да «қазақ халқы» ретінде бағалайды. Оның мүддесі мен мүмкіндіктері жолында қызмет етеді. Халқымызды қалай аман сақтап қалуға болады деген тілекпен өмір сүреді. Мұны әзірге халқымыз толық аңғармай отырған болуы мүмкін, бірақ Президентіміз жақсы түсінеді. Міне, осы ішкі саясаттағы ұстаным Мемлекет басшысы үшін сыртқы саясатта да қозғаушы күшке ие болып отыр. Мұнысын ол Сингапурде өте терең мағынада атап өтті.
«Мұндай мәлімдеме жасау үшін Сингапурдың таңдалып алынуы тегін емес. Өйткені бұл ел әлем елдерінің барлығымен ортақ тіл табысып, әріптестік орнатқанының арқасында гүлденіп отырған мемлекет. Соның ішінде АҚШ-пен де, Қытаймен де таразы басын тең ұстап отыр. Өздерінің сарабдал сыртқы саясатының арқасында көптеген елге үлгі. Мұны біздің Президент өте жақсы түсінеді. Сондықтан да сол алаңда айтылған ой тыңдаушы-адресатына жететінін, жетіп қана қоймай, белгілі бір шешімдерге негіз болатынын түсінеді. Мұнда да үлкен саяси астар жатыр», – дейді Айгүл Құспан.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан – сыртқы саясатта өзінің жолы бар, төл моделі қалыптасқан ел. Алпауыт державалардың арасында қиыннан қиыстырып, өз ұстанымымызды ұқсата алу – қазақ дипломатиясының сан ғасырлық тарихи дәстүрі. Тек бүгінгі ахуал жаһандық аспектілермен күрделеніп отыр. Геосаяси аренада ойыншылар көбейді. Солардың бәрімен ортақ тіл табысу – заман талабы. Міне, Сингапурмен арада осындай ұқсастық бар.
Орта державалардың орны
Негізінен, мұндай бастама Президенттің осыдан екі жыл бұрынғы Нью-Иоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының диалогтеріндегі баяндамасында айтылған болатын. Ол сол кезде орта державалардың қазір рөлінің артып келе жатқанын, соның ішінде, әлемдегі түрлі кикілжің мен қақтығысты, түрлі жаһандық мәселені шешуде орта державалардың дауысы естілу керек екенін айтты.
«Осы бастаманың жалғасы ретінде Сингапурдегі дәрісті, Евроньюстегі мақаланы айтуға болады. Бұл жерде Президенттің басты тезисі жаһандық саяси жағдаймен, әлемдік державалар арасындағы шиеленістер мен қақтығыстардың күшеюіменен сипатталады. Оның ішінде, ең маңыздысы – әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретініне назар аудартып отырғаны. Өйткені Украинадағы, Таяу Шығыстағы, Үнді-Тынық мұхитындағы түрлі қақтығысты алып қарар болсақ, ол жерде ірі державалардың мүдделері жатыр немесе қандай да болмасын біржақты қолдауы бар. Соның нәтижесінде ол қақтығыстар шешілмей, тараптар мәмілеге келмей, қандай да бір дипломатиялық құралдар әлсіз боп, келіссөздер нәтижесіз қалып жатыр. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы «Дамыған елдер қатарына қосылу үрдісін бастан өткеріп жатқан Қазақстан сияқты орта державалардың дауысы ескерілуі керек» деп ұсыныс айтып отыр. Бұл жай ғана ұсыныс емес, нақты істермен нақтыланып жатқан ізгі ниеттер бастамасы», – дейді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.
Қазақстан Сирияға байланысты Астана процесстерін, миграция мен босқындарға байланысты Алматы процесстерін өткізді. Одан өзге түрлі қақтығысты дипломатиялық келіссөздер арқылы шешуде өз платформасын ұсынуда. Мұндағы бастамалар нәтижесіз де емес. Сондай-ақ Қазақстан Президенті жаһандық проблемаларды талқылау немесе бірлескен шешімдер әзірлеу үшін алаң ретінде Астана халықаралық форумын өткізуді ұсынып отыр. Мұндай форумдар климаттың өзгеруі, экономикалық теңсіздік, аймақтық қақтығыстар сияқты жалпы мәселелерді шешуге ықпал етеді. Бұл тұрғыда биыл біз төрағалық ететін Азиядағы өзара іс-қимыл жөніндегі диалог алаңы осындай жаһандық мәселелерді шешуде тиімді алаң екенін көрсетті деп айта аламыз. Алдағы уақытта, әсіресе аймақтық деңгейдегі қақтығыстарды шешуде осындай платформалар өзінің өміршеңдігін көрсететініне назар аудару қажет.
«Сингапурда дәріс оқыған кезде Президент Қазақстан өзінің көпбағытты саясаты мен бейбіт өмір сүру тәжірибесімен басқа ел үшін үлгі болатынын айтты. Мысалы, көпвекторлық ұстанымның өзіндік негізі барын, Қазақстан өзінің географиялық орналасуына байланысты жан-жақты қатынастармен қоса, ұлттық мүдделерді де тең ұстап отырғанын жеткізді. Көпвекторлық дегеніміз, бұл – «бірнеше үстелде отыру» саясаты емес, керісінше кез келген мәселеде мультилатерализм саясаты арқылы өз мүддесін ескере отырып, еш қақтығыссыз, дипломатиялық келіссөздер арқылы саясат жүргізу. Әлемде территориясы жағынан тоғызыншы орындағы мемлекет бола тұра, Қазақстан көршілес елдермен делимитация және демаркация мәселесінде проблема жоқтығын көрсетті. Бұл – дипломатиялық қарым-қатынастар мәселесіндегі келісімдердің қорытындысы. Сонымен қатар еліміз көпұлтты, түрлі дін конфессияларының өкілдері бар екеніне қарамастан тұрақтылық саясатын ұстана алып отыр. Бұл модель шын мәнінде басқа мемлекеттер үшін үлгі бола алады», – дейді Қазбек Майгелдинов.
Оның айтуынша, Президент заманауи сын-қатерлер жағдайында халықаралық қоғамдастық (ұйымдар мен блоктар) тұрақты және әділ әлемдік тәртіпке қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге тиіс екенін атап өтті. Бұл өте маңызды. Өйткені климат болсын, ауызсу немесе азық-түлік қауіпсіздігі болсын – барлық мемлекет үшін ортақ мәселелер. Бірақ өкінішке қарай бүгінде бірлесе жұмыс істеу қағидаты қауқарсыз болып тұр. Жалпы айтқанда, Мемлекет басшысының дәрісі қазіргі халықаралық саясаттағы орта державалардың рөлінің маңыздылығына баса назар аударады. Әрі ынтымақтастық пен диалог арқылы мультилатерализмді нығайту бойынша нақты қадамдар ұсынады.
Әлбетте, дәл қазіргі геосаяси аумалы-төкпелі дәуірде біз сияқты елдерге ең дұрысы – бейтараптық және қақтығысты диалогпен шешу жағында болу. Мұндай пікірді саясаттанушы Асхат Қасенғали да жақтайды.
«Мәселен, ХХ ғасырдың екінші жартысында, яғни қырғи-қабақ соғыс дәуірінде екі блоктың арасындағы саяси-идеологиялық, әскери қақтығысқа қатыспайтынын айтып, бейтарап қалған елдер бар. Олардың саны өте көп болды. «Біз бәрімен тең қатынас ұстаймыз және экономикалық байланысымызды үзбейміз» деген пайымда болды. Негізгі мақсаттары державалар арасындағы қақтығысқа араласып, құрбан болып кетпейік дегендері еді. Өйткені Вьетнам, Лаос, Камбоджа мемлекеттерінде қырғи-қабақ соғыстың қалай өткенін білеміз.
Қазіргі біздің ұстаным да соған ұқсас. Әлемде милитаризм саясаты үстемдік құра бастады. Қақтығыс ошақтары артуда. Державалар түрлі тілмен, ым-ишарамен «сен кіммен біргесің» деген сұрақты қойып жүр.
Біздің жауап: «Біз бейтараппыз, қақтығыстарға қатыспаймыз, халықаралық құқықтар мен құжаттардың, БҰҰ-ның жарғысының сақталуын, елдердің территорияларының тұтастығын қолдаймыз» болуға тиіс», – дейді саясаттанушы Асхат Қасенғали.
Сарапшылардың сөзінің жаны бар. Қазақстан экономикасы әртарапты, саясаты бейтарапты ел болып қала беруге тиіс.
Нұрлан ҚОСАЙ