Басқосуда алдымен осы жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысы мен іс-шара жоспарларының орындалу жайы сөз болды. Одан соң «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген мәдениет және архив ісі саласы қызметкерлерінің жалақысын екі есеге ұлғайту мәселесіне байланысты ұсынымдар мен пікірлер тыңдалып, тиісті тұлғалар жауап берді.
Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей назарындағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызына тоқталды.
«Бұл дүбірлі дода – біздің мемлекетіміз үшін де, Қазақстан халқы үшін де аса маңызды шара. Сонымен бірге біздің ұлттық спортымызға тигізер үлесі де зор болмақ. Өздерін көшпелілердің ұрпағы санайтын кез келген ұлт көз тіккен бәсекені жоғары деңгейде өткізу – баршамызға міндет. Сондай-ақ түбі бір түркі көшпенді халықтардың мәдени-рухани жақындасуына септігін тигізіп, ынтымақтастығын арттыра түсері сөзсіз. Сондай-ақ елімізді әлемге әйгілеудің тағы бір орайы туды деп түсінеміз. Түркі мен қазақты бөліп қарауға болмайды, сондықтан көшпенділер ойыны біз үшін, болашақ ұрпақ үшін де бабалар аманатының жаңғыруы ретінде бағалануы тиіс», – деді ол.
Шынымен де, байрақты бәсекеден күтер үміт зор. Осымен 5-ші рет ұйымдастырылғалы отырған дода негізгі 3 бағыт – спорт, мәдениет, ғылым бойынша жүзеге аспақ.
Жалпы, шараның ұйымдастырылуы мен оның ерекшеліктері туралы баяндаған Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жараспаев қазірдің өзінде 84 ел қатысуға өтінім беріп үлгерді деп отыр.
«Қазір ұйымдастыру жұмыстары пысықталу үстінде. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу үшін мемлекеттен тиісті қаражат бөлінуде. Соған сәйкес ауқымды шараны ұйымдастыру мақсатында елордада ешқандай да жаңа спорттық кешен салынбайды. Бізде бұрыннан бар мәдени спорттық кешендер жеткілікті. Сондықтан барлық шаралар кестесі белгіленген 7 нысанда алдын ала жоспарланып Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып пысықталуда», – деді ол.
Белгілі болғандай, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 85 елден келетін спортшылар барлығы 21 спорт түрінен бақ сынасады деп күтілуде. Одан бөлек, 150-ден артық мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 100 мыңнан артық туриске қызмет көрсетілмек екен. Вице-министрдің сөзінше, Астанада жүзге тарта киіз үй тігілген этноауыл жүйесі құрылмақ. Мұнда ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдени өмірі қонақтарға насихатталады.
Ал отырыстың келесі маңызды тақырыбы болып белгіленген «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген мәдениет және архив ісі саласы қызметкерлерінің жалақысын екі есеге ұлғайту мәселесіне ойысқан депутаттар мәдениетіміздің мәйегі болған бұл саланы назардан еш уақытта шығаруға болмайтынын баса айтты.
Бұл тұрғыда Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан біршама кемшіліктердің орнын толтыру керектігі турасында сөз қозғады.
«Біздің елде мәдениет пен мұрағат саласының қызметкерлері шынын айтқанда қолдауға зәру. Себебі олардың жасап отырған жұмыстары мен ғылыми ізденістері алып отырған жалақысына сай емес», – деді депутат.
Сала қызметкерлерін мемлекеттік тұрғыда ынталандыру, «AMANAT» партиясы тарапынан да қолдаудың бар екендігі жасырын емес. Өңірдегі сала мамандарының жалақысын ұлғайту туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив құжаттама, кітап ісі комитетінің төрағасы Рүстем Әли айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2022-2025 жылға дейін аталған сала мамандарының жалақысын жыл сайын 20 пайызға ұлғайту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Қазір мамандар 225 мың теңге көлемінде жалақымен қамтылды. «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасында бекітілген қағида бойынша келесі жылы қызметкерлердің жалақысы тағы екі есеге дейін ұлғайтылатын болады», – деді ол.
Демек, бұл – мемлекеттің бекіткен жоспарына сай мәдениет саласы мен мұрағат қызметкерлерінің еңбегіне сай ескерулер заңда қаралып, алдағы уақытта сала мамандарының жалақысы жоғарлайды деген сөз.
Отырысты қорытындылаған кеңес төрағасы Аманжол Әлтай Мәжілісте көтерілген барлық мәселе тиісті мекемелерге міндетті түрде жеткізілетінін айтты.
Бердібек ҚАБАЙ