Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндетін қойды.
Тұрғындар ұсынысы – тұрақты назарда
746
оқылды

Осы ретте «Түркістан облысы әкімі аппараты лауазымды адамдарының жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламентін бекіту туралы» Түркістан облысы әкiмдiгiнiң қаулысы бекітілген. Қаулыда облыс тұрғындарын жеке қабылдау Түркістан облысының әкімі бекіткен кестеге сәйкес айына бір реттен сиретпей жүргізілетіндігі көрсетілген.

Түркістан облысы әкімі ап­па­раты өтініштердің қаралуын бақы­лау бөлімінің жетекшісі Айдана Әмірбектің айтуынша, облыс әкі­мінің азаматтарды жеке қабыл­даулары бойынша ұйым­дастыру жұмыстары жүргізіліп, жеке қабыл­дауларда берілген тапсырмаларға байланысты түзілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу бары­сына тұрақты талдау жүргізіліп тұ­рады. Нәтижесінде, жыл басынан бері лауазымды тұлғалар тарапынан жалпы 33 мәрте қабылдау өткізіліп, 386 адамның өтініш-тілегіне құлақ түрген. Оның ішінде облыс әкімі өткізген 14 жеке қабылдауда 176 жанның арызын тыңдаған. 

Сонымен қатар Үкімет Аппа­­ратының Азаматтарды қабылдау орталығы тәжірибесіне сүйене оты­­­­­­­рып, 2024 жылдың басынан бері облыс әкімдігі жанында Аза­маттарды қабылдау орталығы фронт-­­офисі қызметі жұмыс жүр­­гізуде. Түркістан облысы әкімі ап­­­­­­­­­параты басшысының бұйрығына сәйкес Әкімдік жанынан құрылған Азаматтарды қабылдау орталы­ғының жұмыс регламенті, қызмет көрсету стандарты және өңірдегі мемлекеттік органдардың бірыңғай қабылдау кестесі үлгілік ережеге сәйкестендіріліп жасақталған.

Осы жұмыстарды жандандыру және облыс тұрғындарының ұсы­ныстарымен туындаған өзекті мә­селелерін шешу жолдарын қа­рас­тыру мақсатында «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік кор­­порациясы» КеАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы мен Әкімдік арасында бірлескен жол картасы жасалған. Жол картасы аясында өңір бойынша облыстық АҚО фронт-офистері жаңартылып, халыққа қызмет көрсету орталығы ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің бірыңғай электрондық кезегі енгізілген. Орталықтарда аза­­­­­­­маттарды қабылдау, кеңес беру, түсіндіру жұмыстары бірыңғай электронды кезектілік тәртібімен жүргізіліп келеді. 

Түркістан облысы әкімі ап­параты өтініштердің қаралуын ба­қылау бөлімінің жетекшісі Ай­­дана Әмірбекқызы облыстағы аудан, қалалардағы Азаматтарды қа­­был­дау орталықтарында жыл басынан бері 41 682 адамға кеңес беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіл­генін атап өтті. Айта кету керек, аудан, қала кесіндісінде ең көп қо­­­ғамдық қабылдау Түркістан қалалық әкімі аппараты – 21 992, Түлкібас ауданы әкімі аппараты ܺ 7 925 және Кентау қалалық әкімі аппараты 4 600 адамды қабыл­даған. Қорытындылай келе, жер­­гілікті атқарушы мекемелер тара­­пынан халықтың игілігі үшін ұйым­­­­дас­­­тырылған іс-шаралар оң нәтиже көрсетіп, көтерілген бар­лық мәсе­лелер назардан тыс қал­­мау мақса­тында тиімді әрі сапалы қызметтер көрсету жіті бақылауға алынған.

Айта кетейік, Түркістан облы­сының әкімі Дархан Сатыбалды дәл қазіргі кезеңде өңірдің бір­қатар ауыл-аймақта халықпен кездесу ұйымдастырып, жұрттың жанай­қайына құлақ түріп, тұр­ғындардың өтінішіне назар ау­дарып жүр. Жуыр­­да ғана аудан­дарға кезекті са­парында Қазығұрт ауданындағы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде тұрғындар та­рапынан мәселелер ашық айты­лып, шешілу жолдары қарас­тырылды. Өңір басшысы тұр­­­­­ғын­­­дарды ашық сұхбатқа шақы­рып, ұсыныстары мен өтініштерін тың­дап, облысты дамыту бағытын­дағы жұмыстарды баяндады. Қа­зығұрт ауданындағы әлеуметтік-эко­но­микалық дамуын жақсарту жо­­лындағы жұмыстарға тоқталып, жос­­парларды атап өтті.

– Осындай кездесудің басты мақсаты – Президентіміздің «Ха­лық үніне құлақ асатын мемле­кет» тұжырымдамасын іске асыру. Сіз­дердің ой-пікірлеріңізді естіп, ау­данды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Ауылдық жер­лерді дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қазығұрт ауданында 2023 жылы 10 елді ме­кенде 35 жобаны іске асыруға 1,7 млрд теңге бөлінді. Мемлекет басшысы мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Об­лыста жалпы саны 330 мектепті жо­ғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің Starlink спутниктік интернет құ­рылғысын орнату жұмыстары бас­талып, бүгінде 329 мектепте орна­­тылды. Оның ішінде Қазығұрт ауданында 23 мектепте толық іске қосылды. Интернеттің жыл­­дам­дығы жақсарды. Тұрғындармен кездесуде проблемалық мәселе­лерді шешу, олардың жолдарын қарастыруға күш салынады. Сон­­­дықтан біз аудандағы кейбір сала­лардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жол­­дарын қарастыруымыз қажет. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кет­­кен болса, соны көтеру бойын­ша жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Тазалық пен тәртіп – кез келген қоғамның табысты дамуы­ның кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі. Осыны есте сақтайық, – деген Дархан Сатыбалды қазығұрттықтарды елі­мізде жүріп жатқан тазалық нау­­қанына атсалысуға шақырды. 

Қазығұрт ауданында 2023 жылы жалпыөңірлік өнім көлемі 240 млрд теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14 мың­­нан асқан. Олардың өн­дірген өнім көлемі 117 млрд теңгені құраған. Ауданда құрылыс жұмыс­тарының көлемі соңғы 3 жылда 31 пайызға өсіп, былтыр 9 млрд тең­геден асты. Ауыл шаруашы­лығының негізгі капиталына 15 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып, бүгінгі күнге нақты 1,5 млн теңге ғана тартылған. Облыс әкімі инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім салаларында жұмысты жан­­­дан­дыру жөнінде аудан әкімі мен басқарма басшыларына тап­сыр­малар берді. Сондай-ақ ауыл­дың жағдайын жақсарту үшін ха­лықты бірлесе жұмыс істеуге және ауыз­біршілікке шақырды. 

Облыс әкімі аудан әкіміне өзекті мәселелердің шешілуі бо­йын­ша бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ тұрғындардың өтініш­тері мен сұрақтары тыңдалды. Мәселелер ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылған кездесуде ау­­дан­ның ауыз­су, жол, денсаулық, жайылым жер және өзге де инфра­құрылымдық мәселелер айтылды. Ұсыныстар мен өтініштер хатта­маға енгізіліп, өңір басшысы тіке­лей бақылауында болатынын айтты.

Облыс басшысы Дархан Аман­гелдіұлы тұрғындармен кездесуін жақын күндері Төлеби ауданы мен Кентау, Түркістан қаласында жал­ғас­­тыратын болады. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы