Заң үстемдігін нығайту мақсатында қазір «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын енгізу арқылы «Әділетті Қазақстан» құру мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті Қазақстан» – бұл әуелі халықтың заңды құқығы мен азаматтық қоғам қағидаттарына сай экономикалық, әлеуметтік, саяси құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін мемлекеттік ұстаным. Заңды білу тек құқық қорғау органдары мен заңгерлерге ғана міндет емес. Заңды білу және заң талаптарын орындау, алдымен халықтың құқықтық сауаты мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Яғни, құқықтық мемлекет құру, заң үстемдігін орнату процесінде құқықтық тәрбие мәселелерінің маңызы жоғары.
Жеке адамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру, тұрғындарға заң тұрғысында тегін кеңес беру мақсатында 2016 жылдан бері республикамыздың барлық өңірінде «Халық заңгері» республикалық акциясы ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін акцияға 8 000-нан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан.
– «Халық заңгері» республикалық акциясы еліміздің барлық қалалары мен елді мекенінде өтті. Басты мақсаты – халықтың құқықтық сауатын жоғарылату, халыққа құқықтық көмек көрсету, тегін заң кеңестерін беру. Мемлекеттік барлық құқық қорғаушы органдарының белгілі заңгерлері тұрғындар тарапынан туындаған құқықтық сұрақтар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, халыққа заң кеңестерін береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл акцияға әр жыл сайын белсенді қатысады. Өйткені тұрғындарға құқықтық сауаттылық қолдау көрсету превенция жұмысының бір шарты болып табылады. Халық жер дауы, КСК, сапасыз тұрғын үй мәселесі бойынша көптеген сұрақтар қойып жатады. Біздің агенттік халық тарапынан түскен сұрақтарға қатысты тиісті бағдар береді және мәселенің шешілуін аяғына дейін жеткізуге көмектесеміз, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметі басшысының орынбасары Жігер Байділдин.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Халық заңгері» акциясына әдеттегідей халық көп жиналды. Қала тұрғындары кез келген даулы мәселесіне қатысты тегін заң кеңесіне жүгіне алды. Акцияның болатынын инстаграм арқылы білген қала тұрғыны Мадина Каренова:
– Мұндай акцияның болуы халық үшін өте пайдалы әрі керек. Тұрғындар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, шешімін таппай жүрген мәселесіне қатысты жауабын ала алады. Өзіңізге белгілі кез келген адам өзіне қажет маман кеңесін алу үшін түрлі есіктерді қағып, тіпті кейде соңында әділетке жете алмай, қолын бір сілтеп жатады. Мен өзімді мазалап жүрген сұрағыма жауап алдым. Мемлекет тарапынан халыққа заң тұрғысында тегін кеңес берудің маңызы зор. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – деді.
Халықтың мұңын тыңдап, тегін заң кеңесін берудің жөні бөлек. Акция аясында тұрғындар білікті мамандардан тегін заң көмегін алудың қолжетімді болғанына дән риза. Ұзақмерзімді ипотекамен алған баспанасының сапасыздығына шағымданып келген қала тұрғыны Айша Жанарбек жаңбыр салдарынан «Отау» тұрғын үй кешенінен несиеге алған үйінің төбесінен су аққанын және салдарынан қабырғаларының батпағы құлап жатқанын айтты. «Заңгерден тиісті жауап ала алдыңыз ба?» деген сұрағымызға қала тұрғыны:
– Иә, заңгерге тікелей жолығып, мәселемді жеткізгенім үшін қуанып тұрмын. Заңгердің айтуынша, құрылыстың сапасына тұрғын үйді салған компания жауапты екен. Олар заң аясында өздері келіп барлық кемшілікті түзетіп береді. Мен өтінішімді жазып қалдырдым, – деді.
Шара аясында адвокаттар, нотариустар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, полицейлер, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, әділет, салық органдарының, жылжымайтын мүлікті тіркеу басқармасының қызметкерлері секілді 70-тен астам маман тұрғындарға заң көмегін ұсынды. Жаз мезгілінде өрт қауіпсіздігі мәселелерінің жиілеп кететініне байланысты сұрақтарымен келген халықтың да қарасы көп екен.
– Көбіне тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігі мәселесіне қатысты сұрақтармен келіп жатқандар көп. Біз бұл бағытта алдын алу шараларын жүргіземіз. Өрт қауіпсіздігі маусымы басталғалы бері біздің басқарма әкімдікпен бірлесіп, тұрғындарға түсіндіру бағытындағы жұмыстарды бастап кеттік. 8 сәуірден бастап қала аумағындағы қамыстар мен құрғақ шөптерді шауып, өрттің алдын алу шараларына басымдық беріп жатырмыз. Ал орман алқабындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша, Ауыл шаруашылығы мен төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп жұмыстар атқарамыз, – деді Астана қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ажар Рүстемова.
Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, акция аясында заң көмегіне жүгінген 150 мыңнан астам адам тегін заңгерлік кеңес алды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ