Бір-біріне жаны ашып, бірінің басына қауіп төнгенде екіншісі араша түсетін қазақ балаларының бойындағы ержүректік батыр бабалардың қанымен дарыса керек. Бейбіт күнде батыр атанып жүрген балалар жетерлік. 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай қайсар мінезімен көзге түскен жас жеткіншектердің ерлігін әңгімелеуді жөн көрдік.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері 6 бала, ал былтыр 17 бала қауіпті жағдайда қалған адамның өмірін аман алып қалып, министрліктің Алғысхатын алған. Бұл – тек тіркелген көрсеткіш, оқыс жағдайда бір адамның тағдырына араша түскен жеткіншектер қаншама? Елімізде олардың ерлігі еленіп жатқаны да рас. Атаулы күнге орай елордаға еліміздің барлық өңірінен өз жетістіктерімен ерекшеленген түрлі жағдайда адам өмірін аман алып қалған батыр балалар жиналып, марапат пен сыйлықтарға ие болды. Соның ішінде жуырда ғана төртінші қабаттағы балконда ілініп тұрған 5 жасар баланы құтқарған №31 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Ақан Әкімжанның ерлігін ерекше атауға болады. Бүгінгі күннің батыр баласына айналып шыға келген елордалық оқушы кішкентай баланың өлім мен өмірдің ортасында тұрғанын көргенде ойланбастан көмекке ұмтылып әрекет еткенін айтты.
«Сол күні достарыммен аулада ойнап жүріп, балконда ілініп тұрған баланы көріп қалдық. Сөмкемді тастай сала оған көмекке жүгірдім. Лифтімен көтеріліп бара жатқанда қалай құтқаратынымды ойластыра бастадым. Бір жағынан үлгермеймін бе деп те қорықтым. Балконға жедел жеткен соң баланы қолынан тартып көтеріп алдым. Кейін ата-анасы келіп алғысын айтты. Негізі, кішкентай бала бұл үйге қонаққа келіп, анасын іздеп шыққан екен. Менімен бірге болған достарым да көмектескісі келді, бірақ олар мен үлгермей, бала құлап кеткен жағдайда құтқару амалдарын жасау үшін аулада қалды. Өзіне, жақындарына немесе мүлдем бөтен адамдарға әп сәтте не болатынын ешкім ешқашан білмейді. Егер адам қиындыққа тап болғанда оған көмектесуге мүмкіндігіңіз болса, қол ұшын созу керек деп ойлаймын. Кешегі оқиғада менің орнымда болған кез келген адам осындай әрекетті жасаған болар еді», – деді Ақан Әкімжанов. Батыр балаға бұл ісі үшін планшет пен миллион теңге сыйға берілді.
Ел аймағында болып жатқан қауіпті оқиғаларда ерлік көрсеткен жас балалар қатарында атыраулық Мұрат Айдын да бар. Ол осы жылдың 16 мамырында өз өмірін қауіпке тігіп, өртке оранған үйден адамдарды аман алып шықты. Мұрат Айдын – Атырау қаласы №12 Ф. Досымова атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы. Мектепке қарама-қарсы көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, «құтқарыңдар» деген дауысты естіген бойда көмектесуге жүгірген. Төртінші қабаттағы пәтерден қою түтінге тұншыққан 8 жасар баланы алып шыққан. Үшінші қабаттағы пәтер балконындағы өртті сөндіріп, пәтерден ерлі-зайыпты қарияларды да сыртқа шығарып үлгерген.
«Баланың айғайлағанын естіп, көмектесуге бардым. Баланы сыртынан анасы кілттеп кеткен екен. Есікті іштен ұрып, ашуға ұмтылып жатыр. Сыртқа «Мама, ашшы, мама, ашшы» деп жылаған дауысы естілді. Содан мен бірден есікті сындыруға кірістім. Менің қолымда есікті сындыруға көмектесетін ешқандай құрал да, зат та болмады. Қолмен соқтым, аяқпен тептім. Сөйтіп, есіктің қабырға жағы сынып кетті. Сол сынықтан бала демалып тұрды. Қорқыныш болмады. Өйткені бар ойым көк түтін арасында қалған баланы шығарып алу болды», – деді оқушы. Мұрат Айдын – белсенді оқушы, қазақтың дәстүрлі ән жанры бойынша облыстық, республикалық конкурстар мен түрлі деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегері. Анасы мен ұстаздарының айтуынша, айналасына көмектесуге ұмтылған елгезек бала. Атырау облыстық Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ертілеуқызы ерлік танытқан оқушыға алғыс білдіріп, Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологі» пансионатында демалуға жолдама табыс етті. Сонымен қатар батыл ұл тәрбиелеп отырған ата-анасын Білім беру басқармасының Алғысхатымен марапаттады.
Ал қостанайлық Рамиль, Матвей, Иван есімді 3 оқушы өрт шыққан үйден ұйықтап жатқан үй иесін құтқарды. Сабақтан келе жатып шатырдан шыққан түтінді көрген жеткіншектер сол үйде қарияның тұратынын білгендіктен, ұйықтап жатқан ақсақалды оятып, сыртқа алып шыққан.
– Үйде өрт шыққанын көріп, бірден өрт сөндірушілерге хабарластық. Өзіміз де қарап тұрмай үйге кіріп, атаны оятып, сыртқа шығардық. Бұл кезде өрт сөндірушілер де лезде жетіп, өртті тез арада сөндірді. Шынымды айтсам, бұл ісімізді нағыз батырлыққа жатқызбаймын, – деді қостанайлық Рамиль Соловей.
Ал 11-сынып оқушысы Марлен Көшербай арыққа ағып бара жатқан баланы аман алып шыққан. Осы аталған оқушылардың жасаған ержүректігі биылғы жылдың мамыр айына дейін болған оқиғалар.
Бейбіт заманның тағы бір батыры Нұркелді Нұрполат болашақта да халқының өміріне араша түсуді көздеп, өрт сөндіруші маманы болуды мақсат тұтты. Ол – Мақтаарал ауданы Қ.Үкібаев атындағы №37 жалпы орта мектебінің оқушысы. Былтыр Нұркелді суға ағып бара жатқан 3 жастағы баланы құтқарып, қайғылы жағдайдың алдын алғаны үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы марапатын табыстаған болатын. Батыр баланың айтуынша, бұл ерлігі ауылда әлі де ауыздан-ауызға тарап, басқаларға үлгі болып жүр екен.
«Қателеспесем, 4 наурыз еді, 8-сыныпта оқып жүрген кезім. Көкпарға жолым түсіп, өзен жағасынан өтіп бара жатқанда судың ағысына қарсы жүзе алмай, батып бара жатқан балаға көзім түсті. Алғашында су бетінде қалқып тұрған бір зат деп ойладым. Адам өмірі болған соң дереу балаға қарай бет алдым да, суға түстім. Жеткенімде баланың бүкіл денесі көгеріп кеткен, сұла түсіп жатыр. Бойымдағы қорқыныш сол кезде оянғандай болды. Бірақ не де болса аман алып қалуды ойлап жағаға шығардым да, сабақтан үйренген білген-түйгенімнің бәрін пайдаланып, ес-түссіз қалған балаға жасанды дем беріп, алғашқы көмек көрсеттім. Артынша ауылдың үлкен адамдары келді. Менің бұл әрекетімді көрген достарым бірінші әкеме айтып барған екен. Кейіннен бүкіл ауыл мені «ерлік көрсетті» деп жүр. Бірақ мен мұны аса бір ерлік деп санамаймын. Өйткені халқының амандығына жауапты болу, оны қорғау – әрбір ер-азаматтың мойнында тұрған халық алдындағы міндеті деп білемін», – деді батыр оқушы Нұркелді. Ұстаздарының айтуынша, ол мектепте үлгілі тәртібімен, үздік оқуымен ерекшеленеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Футбол үйірмесіне қатысып, түрлі деңгейдегі жарыстарда көзге түсіп жүр.
Павлодар облысындағы Башмачное ауылында 2021 жылы төрт жастағы Аруана есімді қыз жоғалып кеткен еді. Бұл хабарды естіген көршілері Рахманғұловтар отбасының отағасы Асхат пен он жасар ұлы Саян қызды іздеуге шыққан. Әкесі мен баласы жоғалған қызды әртүрлі бағыттан ізденуге шешім қабылдапты. Саянның айтуынша, ауыл шетіндегі қоршау жанындағы ересек адамның тізесінен жоғары болатын шағын арықтан көк күртеше киген қызды көріп, аяғынан ұстап, жағаға тартып шығарған.
«Қызды судан шығарған соң әкемді шақырып алдым. Ол менен бірнеше жүз метр қашықтықта жүрген. Әкем жеткенше қызға жасанды тыныс алу мен жанама жүрек массажын жасай бастадым. Ол есін жиғанда қатты қуандық. Дереу жергілікті медициналық пунктке жеткіздік. Көршілеріміз алғысын жаудырды. Кейін бұл ісім туралы жазылған жазбалар әлеуметтік желіде тарап, «Ертіс өңірінің жұлдызы» газетінде баяндалды. Одан кейін облыс әкімдігі планшет сыйға тарту етті», – деді павлодарлық Саян Рахманқұлов. Айта кетейік, жас батыр Түркістанда өткен «Мейірімділік керуені» байқауында «Бала жүрегі» номинациясымен марапатталған.
Қиын сәтте жанқиярлық пен мейірімділік таныту әркімнің қолынан келетін оңай шаруа емес. Сондықтан әлі бала болса да, өзгенің өмірін сақтап қалған бейбіт күннің кішкентай батырларының ерлігі елеусіз қалмайды. Айдың-күннің аманында, қауіпті жайлар көп болып, басын бәйгеге тіккен балалар көп болсын демейміз, қандай жағдайда да халқының амандығын ойлайтын жүрегінде түгі бар ұрпақ көбейсін. Оларды ерлігі үшін марапаттап, арнайы сыйлықтардың берілуі де заңды. Ерлік осылай бағаланса керек.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ