Астанада Ұлттық нейрохирур­гия орталығында Қытай елінен келген дәрігерлер мен медицина агент­теріне арналған ақпарат­тық тур өтті
Астанада дәрігерлер мен медицина агент­теріне арналған ақпарат­тық тур өтті
319
оқылды

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – еліміздің бас қаласын жетекші медициналық туристік орталық ретінде таныстыру. Сонымен қатар медициналық туризмді дамытуға және әртүрлі елдің осы саладағы жетекші мамандарымен байланыс орнатуға және ынтымақтастықты нығайтуға ба­ғыт­талған.

20 мамыр мен 1 маусым ара­лығы­на жоспарланған іс-шара ба­рысында шетелдік делегация қаланың озық медициналық ме­ке­м­емелерін аралап, ондағы меди­цина­лық қызметтермен және қол­даныстағы технологиямен та­ны­сып, елорданың туристік ин­фра­­құрылымын тамашалайтын бо­лады. 

Ұлттық нейрохирургия орта­лығына келген қытайлық делегация әуелі орталық туралы және Гам­ма-пышақ заманауи кешені туралы фильм тамашалады. Орта­лықты аралай жүріп, ондағы үздік заманауи медициналық құрылғы­лардың жұмысымен танысты. Орталықтың туристік мүмкіндік­тері және нейрохирургия саласын­дағы жетістік­теріне қызығушылық танытып, ма­ман­дармен пікір алмасты.

Аурухананың Гамма-пышақ кешенінің медициналық физигі Жанерке Әбішова 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан швед­тік Elekta компаниясы өндір­ген Гам­ма-пышақ заманауи ке­шені туралы айтты. Оның айтуынша, Қазақстан осындай жоғары технологиялық жабдықтары бар ТМД аумағындағы үшінші және Орталық Азиядағы бірінші ел саналады. Бүгінде әлемде 400-ге жуық Гамма-пышақ қондыр­ғысы бар, олардың жартысы АҚШ пен Жапонияда орналас­қан деп айтуға болады. 

Гамма-пышақ – бұл мидың ісіктерін, тамырлы және функционалды ауруларын емдеуге арнал­ған радиохирургиялық қондырғы. Жұмыс принципі – 192 кобальт-60 көздерінен радиоактивті сәулелену қолданылады, оның сәулелері патологиялық фокустың аймағында жиналады және бірік­тіріледі. Олар ісік жасушаларының ДНҚ-сын бұзады. Мидың сау тіндері мен науқастың бүкіл денесі сәулелен­бейді. Операцияның өзі ауырт­палықсыз, бассүйегінің трепанациясын қажет етпейді. Операция бірреттік, яғни сәулелік терапия сияқты бірнеше сатыда жүргізудің қажеті жоқ. Сондықтан бүгінде Гамма-пышақ радио­хирур­гиялық емдеудің «Алтын стан­дарты» болып табылады.

– Қытай елінен келген делегация біздің жұмыс істеу ереже­лері­міз бен тәсілдерімізге қызығушы­лық танытып, пациенттеріміз ту­ралы сұрады. Гамма-пышақ кеше­нін аралап, пациенттерді емдеуге дейінгі және емдеуден кейінгі жос­парлы диагностикалау, МРТ өту барысымен танысты. Біздің тә­жірибеміз әріптестеріміз үшін пайдалы ақпарат болды деп ойлаймын. Мәселен, біз күніне 2-ден 4-ке дейін пациент қабыл­дайтын бол­сақ, айына орта есеппен 40-қа жуық пациент қабыл­даймыз. Үш жылда 1 500 адамға көмек көрсеттік, – деді медицина­лық физик Жанерке Әбішова.

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы ара­сын­дағы әріптестік ая­сында екі елдің медицина саласындағы ынты­мақтастығы да өте өзекті саналады. Қытайдағы агенттік директоры Чжан Сяоюй Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Пекин қаласында болғаны туралы айта келіп, екі ел арасын­дағы өзара ын­тымақтастық нәти­жесінде қазақ­стандық медицинаға қызығушы­лығының артып отыр­ғанына тоқ­­­талды.

– Біз медициналық туризмді дамыту бағытында да байланыстар орнатудамыз. Сіздердің медицина жоғары деңгейде дамып келеді. Ме­дициналық орталықтардағы құрыл­ғылар сапалы әрі жаңа, заманауи озық технологиялармен жабдық­талыпты. Қызметкерлер­дің жүзі жылы, ма­ман­дықтарына деген сүйіспеншілігі мен әріптес­тердің бір-біріне деген сыйлас­тығы байқалады. Қытайда да медицина жақсы дамып келеді. Бірақ па­ци­енттердің көптігі сонша, біз олар­ға көмектесіп үлгермейміз. Кезектің көптігінен кейбір пациенттерге емдік диагностикалауды кешіктіріп алып жатамыз. Сон­дық­тан Қазақ­станға келіп, елдері­ңіздің медицина саласының мүм­кін­діктерімен танысқымыз келді. Қа­зақстандағы осы бағытпен таныс­қан соң екі елге де пайдасын тигізер келіссөздер жүргізілуі мүмкін, – деді Чжан Сяоюй.

Қытайдан келген делегация құрамында Гуаньчжоу, Тарба­ғатай, Үрімші аймағының өкілдері бар.

Астана қаласы әкімдігінің қол­дауымен өтіп жатқан ақпарат­тық тур әлі де жалғасады. Елімізде медициналық туризмді дамыту бағытындағы бұл қадам шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға да зор мүмкіндіктер ашады деп күтілуде. Шара аясында Қытайдан және ТМД елдерінен келген делегация UMC корпоративтік қоры, Балаларды оңалту ұлттық орта­лығы, Ұлт­тық ғылыми онкология орта­лығы, Қа­зақстан Республикасы Президенті Әкім­шілігінің ауруханасы, UMIT халықара­лық он­ко­логиялық томотерапия орталығы, Green Clinic, Razzak Residence Clinic, Doctor Dent, Callisto Beauty Clinic, Tulip Medicine сынды медициналық мекемелерін аралап, танысатын болады.

Айта кететін болсақ, жыл өткен сайын Қазақстанға келетін шетел­дік туристер қатары артып келеді. Дертіне шипа іздеп келушілер негізінен Астана мен Алматы қала­ларындағы ірі медицина орта­лықтарына жүгінеді. Осы мақсатта туристерді елге тарту жүйелі жұ­мысты қажет етеді. Қазір елімізде JCI стандартымен жұмыс істейтін, халықаралық аккредиттеуден өткен бірқатар жетекші клиника бар. Маман­дардың айтуынша, олардың әлеуеті жоғары әрі заманауи озық технологиялармен жабдықталған. Жоғары дәрежелі білікті мамандармен қамтылған. Егер шипа іздеп келген шетелдік турист үшін ың­ғай­лы, қолжетімді әрі сапалы меди­циналық орта қалыптасатын болса, отандық медицина елдегі пациенттер үшін де тиімді бола түспек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ