1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні – кішкентай бүлдіршіндерімізге ерекше қуаныш сыйлайтын тамаша мереке. Бұл балалар үшін тек мереке ғана емес, сондай-ақ балалардың қоғамның бір бөлшегі екендігін, олардың үнемі қорғаныс пен қамқорлықта екендігін еске салатын күн.
«AMANAT» партиясының жастары астаналық балаларды қуантты
537
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты көңілді және жарқын мереке қарсаңында «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлері мен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын арнайы ойын-сауық бағдарламасымен қуантты.

Елорда мен оның елді мекендерінің тазалығы мен санитарлық жай-күйін қамтамасыз ететін «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлерінің балаларына мерекелік көңіл күй сыйлады. Жастар балаларға арнайы ойын-сауық пен түскі ас дайындаған.

«Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова коммуналдық қызметкерлерге істеп жатқан жұмыстарына, қаланың тазалығы үшін осылайша алғыс айтқымыз келді дейді. 

«Еліміздің балаларына бақытты балалық шақты қамтамасыз ету, олардың қауіпсіздігін ұйымдастыру әрбір қазақстандықтың міндеті. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына бастау беріп, өз сөзінде коммуналдық қызметкерлер қаланың тазалығын сақтауға үлкен үлес қосатындығын баса айтқан болатын. Жастар қанаты болып «Астана Тазалық» қызметкерлеріне алғыс айтып, бүгінгі мерекеге орай балаларына қуаныш сыйлағымыз келді. Қаланың тазалығына жауап беретін азаматтардың балаларына уақытын арнасын деген ниетпен, бүлдіршіндер алаңсыз көңіл көтеріп, бір сергіп қалсын дедік. Коммуналдық қызметкерлер біздің назардан ешқашан таса қалған емес. Қыс уақытында тұрақты түрде белсенді жастар таңертеңнен қаланы аралап, коммуналдық қызметкерлерге тіскебасарлар мен ыстық шай ұсынумен қатар, қар тазалауға көмектеседі. Халықаралық балалар күнінде әр үйде балалардың сыңғырлаған күлкісі естіліп, бүлдіршіндердің болашағы жарқын болсын деп тілеймін», – деді өз сөзінде.

«Астана Тазалық» ЖШС қызметкері Гүлмира Айманова өзінің екі ұлын балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасына қуана-қуана алып келдім дейді.

«Біздің балаларға қуаныш сыйлаған Жастар қанатына ата-аналар атынан алғыс білдіремін. Таңертеңнен кешке дейін жұмыста болғандықтан кейде балаларға уақыт бөле алмай қаламыз. Балаларымыз бір сергіп қалды. Мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл күйді қамтамасыз етті. Еңбегімізді бағалап, балаларымызға қуаныш сыйлағандарыңызға алғысымызды айтамын», – деді ол. 

Айта кету керек, іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. «SF GROUP» ЖШС мен «Хан Шатыр» ойын-сауық және сауда-саттық орталығы игі шара аясында топтасып, мерекенің өтуіне қолдау көрсетті.

Сондай-ақ елордалық рухтастар көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын тегін фильмге апарды. Балаларды кинотеатр алдында күтіп алған жастар бүлдіршіндерге тәтті алып беріп, балаларға арналған жаңа фильмдердің бірін тамашалады.