Жалпы, буыны қатпаған жас өскіндерді қылмысқа не итермелейді? Олардың мұндай жолға түсуіне не себеп? Жастар қылмысының алдын алу үшін не істемек керек? Санаға салмақ салған сауалға жауап іздеп көрсек...
107 жасөспірім мен 53 қолайсыз отбасы есепке алынған
Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, 2022-2023 жылдардың қорытындысында жалпы қылмыстардың саны 17,8 пайызға төмендепті. Алайда көрсеткіші еселеп өскендері де бар. Мәселен, бұрын қылмыс жасағандардың қайталау дерегі 3 пайызға артқан. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары 1 673 отбасын есепке алған.
Жасөспірімдер жасайтын қылмыстардың алдын алу мақсатында ювеналды полиция қызметкерлері наурыз айында 859 кәмелетке толмағандарды полиция бөлімдеріне жеткізген. Нәтижесінде, 107 жасөспірім мен 53 қолайсыз отбасы есепке алынған. Тараз қаласы әкімдігі жанында құрылған кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда 38 іс қаралып, оның шешімі бойынша 20 әке-шеше, ата-ана құқығынан айырылған. 3 жасөспірім арнайы мектептерге жіберілген.
Қалалық білім бөліміне 2008 жылы туған А. есімді жасөспірімнің бұған дейін өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарланбағаны үшін №35 мектептің директоры қызметінен босатылса, меңгерушісіне қатаң сөгіс беріліп, мектеп психологі жұмыстан шығарылған. Дәл сондай 2008 жылы туған А. есімді оқушының жалға алынған пәтерде, масаң күйде 2 қабаттан құлап, өз-өзіне қол жұмсауы әкімдік жанындағы комиссияда қаралған. Сондай-ақ 2006 жылы туылған М. есімді жасөспірімнің суицид туралы хат жазып, үйден шығып кеткен дерегі бойынша 3 ұсыныс жолданған.
Жастар қылмысының алдын алу мен зерделеу бағытында Тараз қалалық қоғамдық кеңесі де айрықша рөл атқаруда. Кеңестің зерделеуімен былтыр адам өміріне қауіп төндіретін қылмыс түрлері бопсалаудың 8 есеге, ұрлықтың 6,6 есеге, қарақшылық шабуылдың 50 пайызға және кісі тонау 7 пайызға өскені анықталған.
Зорлық көрген бала, қызметтен қуылған басшы
Тағы бір алаңдарлық жағдай – оқушылардың ойнап жүріп от басуы болып тұр. Мәселен, былтыр екі оқушы «10 миллион теңге алмасақ қаладағы №51 мектепті жарып жібереміз» деп түнгі уақытта облыстық Білім басқармасы мен құзырлы органдарды аяғынан тік тұрғызған. Арнайы қызмет мектептің жан-жағын жіті тексеріп, ештеңе таппаған соң істің байыбын зерделеу барысында 8-сыныптың екі оқушысы сабақты болдырмау үшін осындай әрекетке барғанын анықтаған. Балаларының осы қылығы үшін олардың ата-анасы жауапқа тартылып, 17 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Сол сияқты былтыр облыс аумағында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін қылмыстық іс шеңберінде кәмелет жасына толмаған 2 азаматқа қатысты тергеу әрекеттері жүргізілген.
Соңғы он жылда елімізде нашақорлар саны артып, оның ішінде жастар арасындағы есірткіге құмарлар қатары 14 есе өскен. Ал Жамбыл облысында былтыр 6 тоннаға жуық есірткі тәркіленген. Бұл тұрғыда жыл өткен сайын есірткі тұтынушыларының қатары «жасарып» келе жатқаны да дабыл қақтырады.
Жастар арасында зорлық фактілері де жаға ұстатып тұр. Алдыңғы айда Сарысу ауданындағы мектеп-интернатта жасөспірім зорланса, Байзақ пен Меркі ауданында әлімжеттік көрсету салдарынан екі бала көз жұмды. Бірінші дерек бойынша мектеп-интернаттың басшысы жұмысынан босатылса, Байзақ ауданыныңдағы мектеп директоры да қызметінен алынды. Ал өзге күдіктілер мен жауапты азаматтарға қатысты шешім тергеу амалдарынан кейін шығарылмақ.
Мектеп директорлары заңсыздықты жасыруға тырысады
Осы орайда «Жастар қылмысына не түрткі болып жатыр?» деген орынды сұрақ туатыны анық. Сондай-ақ жасөспірімдер қылмысының алдын қалай аламыз?
Күні кеше Ішкі істер министрлігінде өткен қоғамдық кеңес отырысында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов балалар арасында жағымсыз іс-әрекеттерді болдырмау үшін мемлекет пен қоғамның барлық қолда бар ресурстарын кешенді түрде жұмылдыру қажет екенін алға тартты.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықпен тиімді күресу үшін балаларды қорғау мекемелерін, медицина қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да профилактикалық субъектілерді тарта отырып, кешенді тәсілді қалыптастыру қажет. Жауапсыз ата-аналарға жаза күшейтіледі. Жыл басынан бері балалардың түнгі уақытта көшеде қараусыз жүргені үшін 28 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды. Ал бала тәрбиесіне қатысты өз міндеттерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған ата-аналардың саны 3 есе артты. Яғни, бұл тізім 7-ден 23-ке дейін өсті, – деді Ә.Оспанов.
Негізі, былтырдан бастап әр білім беру мекемесіне 6,6 мың ювеналды полиция қызметкері, учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бөлінгені белгілі. Әйтсе де, осы жылы жасөспірімдер арасындағы бопсалау дерегі екі есеге артқан. Қазір мектептерде бұзақылыққа бейім бейресми 15 00 «көшбасшы» бар екені анықталып отыр.
«Бейресми» деп бүркемелемесек те, білім беру мекемелерінде құқыққа қайшы іс-әрекет істейтін жастар жайлы талай жағдайға қаныққанбыз. Ал оған мектеп басшылары дер кезінде шара қабылдамайтындығы да жасырын емес. Тіпті, кейбір мектеп директорлары өз абыройына нұқсан келмеуі үшін заңбұзушылықтарды жасыруға жан салады.
Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы да бұл ойымызбен келіседі. Ол тіпті аудандардан құрылған комиссиялар шарасыз күйде екенін ашып айтуда.
– Бұл күнде аумақтық комиссиялардың қызметі формалды сипатқа ие. Мысалы, комиссия жұмысы Т.Рысқұлов, Сарысу мен Байзақ аудандарында еңбек өтілдері бір жылға да толмаған аудан әкімі аппаратының мамандарына қосымша жүктеме ретінде бекітілген. Аталған мән-жайлар осы аудандарда кәмелетке толмағандармен жұмыс екінші кезекте екенін көрсетіп тұр. Сонымен қатар комиссиялардың шешімі өз деңгейінде орындалмайды. Комиссия төрағаларының тарапынан қандай да бір бақылау жоқ. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция қызметінің талдау нәтижелері комиссия жұмысының тиімділігі шамалы екенін көрсетті. Нәтижесінде, осы жылдан бастап жасөспірімдер арасында қылмыс деңгейінің күрт өсуі байқалды. Профилактикалық жұмыстардың әлсіз жүргізілуіне мектептерде инспекторлардың жоқтығы да кері әсерін тигізуде. Бірнеше мектепке бекітілген бір инспектор барлық жағдайдан хабардар бола алмайды, – дейді Н.Ұласбекұлы.
Мамандар не дейді?
Психологтер жасөспірімдер арасындағы қылмыс ата-ананың баласына тиісті деңгейде көңіл бөле алмауынан болатынын айтады.
– Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, бақылаусыз кеткен балалар. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан болатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе, маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын бағамдай беріңіз, – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог Айсұлу Тасымова.
Ал ғалым, еңбек құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашева бала тәрбиесіне көңіл бөлудің тың тәсілін ұсынып отыр.
– Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты. Осы жағынан алғанда кемшіліктер жетерлік. Қазір отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуінің де жұмыстан қолы тимейді. 8 сағаттан да көп уақытын жұмыста өткізетіндері қаншама. Ал бала қараусыз қалса, оны қылмысқа итермелейтін себептер де табыла кетеді. Сондықтан елдегі еңбек шартына атап айтқанда, 8 сағаттық жұмысты 5 сағатқа дейін қысқартуды қарастыру қажет. Сонда ғана ата-ана баласына көп көңіл бөле алады, – дейді сарапшы.
Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағановтың да ойы осыған саяды.
– Психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себеп – отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі. Сондай-ақ баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеудің де соңы ауыр жағдайларға апарып жатады. Жасөспірімдерге әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетпеуі, қоршаған ортасындағы жас ерекшеліктің де әсері бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу бала бойынан негативтік дүниелерді қалыптастырады. Ал ата-ана баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауының соңы қылмысқа апарып жатады. Кейбір ата-ананың өзінің бойында ондай қасиет пен таным-түсінік болмауы мүмкін. Ондай жағдайда баламен тиісті мамандар жұмыс істеуі керек, – дейді психолог.
P.S
Міне, осылайша мамандар бала тәрбиесіне алаңдаулы болғанымен, оның нақты шешу жолын айта алмауда. Құқық саласының өкілдері ювеналдық полицейлердің аздығы мен бала қауіпсіздігіне жауапты аумақтық комиссия жұмысының әлсіздігін айтса, психологтер ата-анаға баласымен көп уақытын өткізуге жағдай жасау қажетін алға тартады. Ол үшін еңбек құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашева 8 сағаттық жұмыс күнін 5 сағатқа қысқартуды ұсынуда. Мұндай ұсыныс пен тың ұмтылыс қолдау таба ма, жоқ па белгісіз. Алайда заң жобасы қаралғанның өзінде, оның артын байыппен бағамдау қажет. Өйткені ата-ана тұрмыстық таршылдықтың салдарынан 5 сағаттық екі жұмысқа кіріп алып, баласына тіпті көңіл бөле алмай кетуі де бек мүмкін. Сондықтан бұл – әбден зерделенетін дүние.
Ең бастысы, бала біздің болашағымыз екенін түсінген абзал. Әрбір ата-ана бауыр еті баласы үшін уақыт тауып, бір мезгіл тәрбиесімен айналысса ұтарымыз көп болады. Кезінде ата-балаларымыз бір «тәйт» деумен-ақ талай тентекті тезге салған емес пе? Сондай-ақ мектеп басшылары «ауруын жасырғанды өлім әшкерлейтінін» түсінсе екен дейміз. Бұдан бөлек, мектеп психологтері мен ювеналдық полицейлердің де бірлесе жұмыс істеу жүйесін қалыптастыруы қажет. Өйткені бала тәрбиесі деген, ал да соқ нәрсе емес. Мұнда нәзіктікпен қатар, психологиялық дұрыс қадам керек. Сонда ғана біз жас өскіннің жанын түсініп, дер кезінде көмек қолын соза аламыз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы