Отандық киножұлдыз, актер Әбілмансұр Серіков танымалдығы үшін таяқ жеген сәтін есіне алды. Бұл туралы “Айтарым бар” подкастында айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айтуынша, кинодағы рөлі үшін егде жастағы апа шабуыл жасап, денесіне жарақат салған.
“Көшеде танып жататыны рас. Танымалдық әкелген түрлі рөлім бар. Үлкен буын көбіне "Дос-Мұқасандағы" кейіпкерім арқылы таниды. Осы рөліме қатысты қызықты оқиға болды. Мейрамхана алдында әңгімелесіп тұрсақ, бір апа келіп тырнағымен мойныма жармасады ғой. Шошып кеттім. "Тәте, не болып қалды?" деп сұрадым. Ол кісі маған "Неге оларға тиісе бересің?" демесі бар ма?! Сөйтсем "Дос-Мұқасан" фильмі туралы айтып тұр екен. Солай рөлім үшін жағадан алды. Ертесіне түсірілімге келсем, мойным қанталап кетіпті. Жастар қауымы "5:32", "Ауыл мұғалімі" атты жобалар арқылы таниды", – дейді актер.
Одан кейін “Әбекеңнің баласы” деп жылы қабақ танытатындарға ренжіп қалатынын да жасырмады.
“Жазылып жатқан пікірлерге қарным ашады. Бізде білмей сөйлей беретіндер көп. Сенің қайдан шыққаныңды, қандай күй кешіп жүргеніңді білмей жаза береді. Бірақ біз де адамбыз. Біз де сол халықпыз. Тек мамандығымыз осы. Халықтың алдында жүретін мамандық қой. Көбісі түсінбейді. Арасында ештеңені білмей, ойына келгенін жаза салатындар да бар. "Олар байлар ғой, білгенін істей береді" деп жазады. Бірақ біз де пәтерде тұрамыз, бізде де несие бар, бізде де бала-шаға бар. Біз де отбасымызды көрмейміз, кешке дейін жұмыс істейміз. Десе де бірінші болып бізді сынайды. "Әбекеңнің баласы, соның арқасында жүр" деген сөздер қатты тиетін. Бірақ қазір оған да мән бермейтін болдым" – деп жан сырын ақтарды өнер иесі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.