Алмалыдағы бөгеттерді салуға 2000 мыңнан астам белсенді студент, 400-ден аса университет оқытушысы мен қызметкері қатысты.
Министр Атырауда бөгет салуға қатысқан студенттер мен олардың ата-аналарын марапаттады
2,247
оқылды

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің алғыс хатын Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов табыс етті.

Атырау облысы Жайық өзенінен тасыған судан қаланы қорғау үшін бөгеттер салынып, каналдар қазылды. Тасқынға тосқауыл болған маңызды бөгеттің бірін – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қызметкерлері мен студенттері тұрғызды. Алмалы бөгеті арнасынан асқан суды қалаға жібермей бөгеп қалды.  

«Министр Атырауға келіп бөгет тұрғызу жұмысын көріп, студенттердің бірлігіне, ұйымшылдығына ризашылығын білдірген еді. 7 сәуірден бастап бөгетті бекітуге белсене атсалысқан студенттерге салтанатты түрде табыс еттік», - деді Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов.

Министрдің алғыс хатын бөгет салу жұмыстарына белсене қатысқан 975 студент және ұл-қызын еңбекқорлыққа баулып, үлгі көрсеткен 242 ата-ана алды. 

«Елімізlе қиын жағдай болған кезде балаларымыз қаланы қауіптен алып қалуға қатысқанына өзіміз ризамыз. Көппен бірге болып, елімізді қорғап қалуға қатысқан студенттер қатарында екінші курс студенті, қызым Аружан да министрдің атынан мынадай алғыс хат алып жатыр. Өте қуаныштымын», - дейді ата-ана Бейбіт Сариев.

Айта кету керек, Атырау қаласы маңындағы Алмалы ауылдық округінде студенттер 150 мыңға жуық қапқа топырақ толтырды. Бөгет Жайықтан тасыған мол суды елді мекендерге жібермей ұстап тұр. 

Алмалыдағы бөгеттерді салуға 2000 мыңнан астам белсенді студент, 400-ден аса университет оқытушысы мен қызметкері қатысты. Сондай-ақ, Алмалы округіндегі бөгеттерді салуға Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, спортшылар, әскерилер мен ТЖД мамандары жұмылдырылды.  Қазіргі уақытта өңірдегі қауіп сейіліп, өзен суының деңгейі  төмендеп келеді. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram арнасынан таба аласыз.