2024 жылғы сәуір айының өзінде елімізде тұрғын үй сату және сатып алу бойынша 31 248 мәміле жасалған.
Қазақстанда тұрғын үй бағасы арзандай ма?
1,726
оқылды

Биылғы жаз қалай болмақ? Енгізілген мемлекеттік бағдарламалар тұрғын үй бағасына қалай әсер етіп жатыр? Алдағы уақытта үй арзандауы мүмкін бе? Оған мамандар не дейді? Бұл туралы Aikyn.kz 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандықтар үшін баспана мәселесі қай уақытта болмасын өзекті. Ақша жинап, үй сатып алатын қажет соманың басын құрағанша, оның бағасы қымбаттап кетпей ме деген қауіппен жүретіні ақиқат. Алайда қазір Қазақстанда тұрғын үй нарығы біршама тұрақталды. Осы ретте мамандар баспананың халыққа қолжетімді болуын барынша қамтамасыз ету керегін айтады.

– Мысалы, Қазақстанда ең арзан деген ипотеканы алатын болсақ, ол 17,5% және де ол 24% дейін барады. Сондықтан пайыз мөлшері өте үлкен. Әрбір азамат алуға мүмкіншілігі жоқ. Сондықтан Ұлттық банк тарапынан жасалып жатқаны – ол халыққа несиелерді қолжетімді қылу. Оның кері әсері де бар, ол түсірген сайын инфляция көтеріле береді. Елімізде жаңа мемлекеттік бағдарламалардың іске қосылуы да бағаның көтерілуіне әсер етіп жатады. Атап айтсақ, наурызда енгізілген «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының қаржыландыру мерзімі маусым және шілде айларына сәйкес келсе, сол уақытта үй бағасының өсуіне дайын болуымыз керек, – дейді ипотекалық брокер Қанат Тұрмағамбетов.

Маманның айтуынша, жаңа бағдарлама енгізілген сайын мүмкіншілік көбейеді. Сәйкесінше, мүмкіншілік көбейген сайын сұраныс көбейеді. Ал сұраныс артқан сайын сатып жатқан бағалар да жайлап көтеріле береді. 

– Мемлекеттік бағдарлама 10 мың адамды қамтамасыз еткен күннің өзінде ол қалған үй алуға ниетті азаматтардың мүмкіндігін шектейді деп айтуға болады. Өйткені бізде нарықта тағы да осы бағдарлама іске қосылған кезде үй бағалары бір ажиотаждық жағдайды қалыптастырып отырып, үйдің бағасы қымбаттайды, – деп атап көрсетеді экономист Бауыржан Ысқақов

Баспана бағасының қымбаттауына сол үйді салып жатқан құрылыс компаниялардың шығындары да әсер етеді.

– Әрине, үйдің әр шаршы метрінің бағасына құрылыс материалдарының бағасы әсер етеді. Ал олардың бағасы арзан емес. Мысалы, 2020 жылы кейбір құрылыс материалдарының бағасы 3,4 есе қымбаттағаны белгілі. Мұның бәрін нарық қалыптастырады. Сондықтан оның алдын алу немесе болжау мүмкін емес, – деп түсіндірді Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Валерии Лакисов

Иә, экономистер үй бағасы жақын арада арзандай қояды дегенге сенбейді. Оған әсер ететін факторлар өте көп. «Ең алдымен, нарыққа бет бұрып, сұранысты азайту керек», – дейді.

– Үйдің бағасы арзандайды, егер де ол тікелей нарықтың өзінің заңдылықтарына сүйенсе, яғни халықтың төлем қабілеттілігі төмендеп, халық төлей алмайтын жағдай болып, сұраныс азайған уақытта ұсыныс та соған сәйкес өзінің нарықтық тепе-теңдігін сақтайды, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов,

Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылғы сәуір айының өзінде елімізде тұрғын үй сату және сатып алу бойынша 31 248 мәміле жасалыпты. Оның 7 830-ы – жеке үйлер, ал 23 418-і көппәтерлі үй пәтерлерін алу бойынша тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 0,6%-ке аз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.