Дүйсенбі, 17 маусым жұмыс күні болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін 17 маусымда қазақстандықтар қосымша бір күн демалатыны хабарланған болатын. Өйткені Құрбан айттың бірінші күні осы күнге сәйкес келеді. Алайда бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мерекенің бір күн бұрын – 16 маусымда басталатынын хабарлады.
"2024 жылға арналған мерекелер мен демалыс күндерінің күнтізбесі жасалғанда, ҚМДБ ресми түрде Құрбан айт 17 маусымға сәйкес келетінін хабарлады. Бұл күн жұмыс күні болғандықтан, демалыс болады деп жоспарланған. Қазір ҚМДБ Құрбан айт 16 маусымға сай келеді деп жариялады. Демалыс күндеріне сай келетін діни мерекелер жылжытылмайды. Сондықтан демалыс күні ауыспайды, өйткені бұл – демалыс күні", – деді Tengrinews.kz тілшісіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
"Бүгін һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Яғни, Арапа күні биыл 15 маусымға сәйкес келеді. 16 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні", – делінген muftyat.kz-те жарияланған ақпаратта.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.