Түркістан облысында тексеру шараларын тоқтатуға уәде берген азамат 6 млн теңге көлемінде пара алу кезінде ұсталды. Ол өзін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруімен және өңірдің ҰҚКД-мен бірлесіп жүргізген ұстау іс-шарасы барысында күдікті қолға түсті. Ол Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен ҰҚКД тарапынан тексеру іс-шараларын тоқтату сылтауымен пара беруге итермелеген. Келісілген ақшалай сыйақы сомасы 12 млн теңгені құраған. Оның жартысын алған кезде күдіктінің қолына кісен салынды.
«Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. Егер сіз өкілеттіктерді теріс пайдалану, қаражатты жымқыру немесе басқа да экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі» – делінген ҚР ҚМА Баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.