МӘМС шеңберінде жүргізілген медициналық профилактикалық тексерулер 1 160 әйелде сүт безі мен жатыр мойны обыры және 44 адамнан тоқ ішектің қатерлі ісік ауруын ерте анықтауға мүмкіндік берген. Ауруды ерте сатысында анықтаудың арқасында науқастар дер кезінде ем қабылдауға кіріскен.
Айта кетсек, скринингтік тексерулердің көмегімен қауіпті ауруларды ерте сатысында анықтап, асқынулардың алдын алуға болады. Медициналық профилактикалық тексерулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін жүргізіледі. Жыл басынан бері аталмыш тексеру аясында Шымкентте 3 276 адамда қан айналымы жүйесінің аурулары, 500-ден астам тұрғыннан қант диабеті мен глаукома анықталған. Мамандардың айтуынша, скринингтік тексерулер мінез-құлықтық тәуекел факторлары, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабеті, жатыр мойны обыры, сүт безінің қатерлі ісігі мен колоректалды обыр, глаукома, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Тексерулер жаңа туылған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балалар, 30 бен 70 жас аралығындағы ересектер мен тәуекел топтары арасында жүргізіледі.
Шымкент қалалық Онкологиялық орталық директорының орынбасары Жұмағали Дәулетбек осы уақытқа дейін 7 924 онкологиялық науқастар «Д» есепте тұрса, осынау дерекке жыл басынан бергі 4 айда тағы 485 науқас қосылған.
Айта кетейік, дүниежүзінде жылына 14,2 миллион адамнан онкологиялық дерттің белгісі табылатын болса, оның 48 пайызы Азияда, 24,4 пайызы Еуропада, 20,5 пайызы Америкада, 6 пайызы Африкада анықталады екен. Әлемде қатерлі ісік дертінен жыл сайын 8,2 миллион науқас көз жұмады. Оның 54,8 пайызы – Азияда, 21,5 пайызы – Еуропада, 15,8 пайызы – Америкада, 7,2 пайызы – Африкада. Осынау обыр дертінен өмірден өткендердің ең жоғарғы көрсеткіші – Ресейде. Ал бұл жөнінен Қазақстан тізімнің жетінші қатарында тұр. Сонымен бірге бір күнде дүниежүзінде 22 465 науқас қайтыс болса, елімізде 42 науқас, Шымкентте 2 науқас көз жұмады.
Дәулетбек Жұманұлы Шымкент қаласында 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспардың Жол картасы аясында бірқатар іс-шара жүзеге асып жатқанын айтады.
«Алға қойған мақсат – онкологиялық қызметті жақсарта отырып, онкологиялық аруларды ерте кезеңде анықтау және олардың 5 жыл және одан артық өмір сүруін арттыру. 2024 жылдың 4 айлық индикаторлардың орындалу барысы, атап айтқанда, бірінші индикатор онкологиялық аурулардың ерте кезеңде I cатысында анықтау жоспар бойынша 23 пайыз болса, бұл көрсеткіш 24,4 пайыз болды, жоспардан үлес салмағы 5,7 пайызға артқан. Екінші индикатор – 5 жыл және одан артық өмір сүруі жоспар бойынша 52 пайыз болса, 54,4 пайызға жоғарылады, жоспардан үлес салмағы 4,4 пайызға артқан. Үшінші индикатор – сырт көріністі III-IV сатысындағылар жоспар бойынша 15,8 пайыз болса, бұл көрсеткіш 6,6 пайызға төмендеген. Төртінші индикатор –онкологиялық аурулары бар пациенттерді сәулелік емдеумен қамту жоспар бойынша 36,2 пайыз болса, бұл көрсеткіш 36,8 пайыз болды. Жоспардан үлес салмағы 1,6 пайызға артты», – дейді қалалық Онкологиялық орталық директорының орынбасары Жұмағали Дәулетбек.
Сондай-ақ Жол картасындағы бесінші индикатор болып табылатын онкологиялық аурулардың салдарынан қайтыс болатындардың санын төмендету жоспары да біршама реттелген.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы