Полиция қызметкері есінен танып қалған баланы байқап, қасына жүгіріп жетеді.
Полицей көшенің ортасында талмасы ұстап, қиналып жатқан баланы құтқарып қалды
855
оқылды

Абай облысында баланы құтқарды. Бала көшенің ортасында талмасы ұстап, қиналып жатқан, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.   

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, өтіп бара жатқан адамдардың ешқайсысы көмектесе алмағандықтан, жедел жәрдем шақырады. Дәл осы кезде тәртіп сақшысы Дастан Толахметов шақыртуға кетіп бара жатты. 

Полиция қызметкері есінен танып қалған баланы байқап, қасына жүгіріп жетеді. Бала арқасымен жатқандықтан тілі тыныс алу жолдарын жауып, дем алуы қиындаған еді. Ең алдымен, полицей баланы аударып, қалыпты тыныс алуы үшін аузын ашады. 

– Жедел жәрдем келіп жеткенше баланы қолымнан босатпай, басын ұстап отырдым. Медицина қызметкерлері келген соң баланы оларға тапсырып, арқамнан ауыр жүк түскендей болды, – дейді Дастан. 

Полиция қызметкері эпилепсиямен ауыратын 15 жастағы жасөспірімге уақытылы және шешуші көмек көрсете білді. Қазір баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.