Венгрия астанасы Будапештте күрес түрлерінен рейтингілік турнир мәресіне жетті. Олимпиада қарсаңындағы бақылау жарысына Қазақстан құрамасы да қатысып, 6 медаль жеңіп алды.
Балуандар жүлде алса да, көңілде күдік басым
1,695
оқылды

Бұл бәсекеде Парижде бақ сынайтын «классиктер» өте төмен нәтиже көрсетсе, әйелдер командасы мен еркін күрес шеберлерінде 3 жүлдеден бар.

Венгриядағы турнирде күрестен әлем мықтыларының көпшілігі төбе  көрсетті. Мұның себебі де түсінікті. Олимпиаданың басталуына бір айдан аса уақыт қалды. Сол себепті балуандар бір-бірінің шамасын байқап алуды көздейтіні анық. Оның үстіне, әлемдік және құрлықтық лицензиялық жарыстардан басқа айтар­лықтай балуандар бәсекесі өткен жоқ. Әй­гілі Хасан Яздани бастаған спортшы­лардың Будапешті бетке алғаны да осы­дан. 

Алдымен еркін күрестен жеңімпаздар анықталды. 97 келі салмақта Әлішер Ер­ғали мен Ризабек  Айтмұхан сынға түсіп, Әлішер алтынмен, Ризабек қоламен орал­­ды.

92 келіде әлем чемпионы атанып, кейін олимпиадалық салмаққа ауысқан Ризабек жаңа салмағына да бой үйретіп ке­леді. Ол турнирдегі басты фаворит­тердің бірі, Еуропа чемпионы Магомедхан Магомедовтен (Әзербайжан) жартылай финалда жеңілген болатын. Ал қола ме­даль үшін күресте 2022 жылғы әлем чем­пионатының финалисі, словакиялық Ба­тыр­бек Цакуловтан басым түсті. 

Әлішер Ерғали  Түркия, Грузия және Иран балуандарын ұтып, ақтық сынға өт­кен. Алайда финалдағы қарсыласы бел­десуден бас тартып, алтынды күрес­пей алды. Париж Олимпиадасында бақ сынайтын балуанымыз үшін бұл жарыс өз дайындығын тексеруге арналған үлкен мүмкіндік болғаны рас.

125 келідегі Юсуп Батырмұрзаев та жүл­дегерлер қатарынан көрінді. Ол Египет және Грузия балуандарынан ба­сым түсіп, финалда америкалық Мэйсон Парриден ұтылды. 

Өкініштісі сол, үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионаттарында екі рет қола жүлде алған Азамат Дәулетбеков те қуантпады. Әлемдік жарыстардан тұ­рақты түрде медальмен оралатын Азамат жартылай финалда әйгілі ирандық ба­луан, үш дүркін әлем чемпионы, Рио Олим­­пиадасының жеңімпазы, Хасан Яз­да­ниге 0:10 есебімен есе жіберді. Кіші финалда да қазақ батырының күресі жүр­мей, жапондық  Хаято Ишигураға қауқар көрсете алмады.  

Әйелдер күресінен Жәмила Бақбер­генова жеңіс тұғырының ең биігінен көрінді. Олимпиада қарсаңында 76 келіге ауысқан ол лицензия бұйырмаған соң өзіне үйреншікті 72 келіге қайта оралды. Осылайша, Будапешт төрінде  Венгрия, Сербия, Франция және Украина балуан­дарын жеңіп, алтын медаль иеленді.  Осы салмақтағы тағы бір өкіліміз Гүлмарал Еркебаева қола медаль жеңіп алды. Ал 59 келідегі Диана Каюмова финалда сүрініп, күмісті қанағат тұтты. Өкініштісі сол, балуан қыздарымыз тарихта тұңғыш рет Олимпиадаға қатыспайды. 

Ал грек-рим күресінің өкілдерінде жағдай қиынырақ. Парижде ел намысын қорғайтын төрт  балуанымыз да Будапешт кілемінде бақ сынап, біз күткен күресті көрсете алмады. 

60 келідегі Айдос Сұлтанғали бірінші айналымда Оңтүстік Корея өкілі Ким Дахуннан 8:9 есебімен жеңілді. 

77 келідегі Демеу Жадыраев та бірінші айналымнан асқан жоқ. Ол  әзербайжан­дық Санан Сүлеймановке есе жіберді.

87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов ал­дымен венгриялық Давид Лосонжидан бір ұпай да ала алмай,  0:8 есебімен ұтыл­ды. Кейін кореялық қарсыласын 8:2 есебі­мен жеңгенімен, жұбаныш белде­суін­де ирандық Мұхамедхусейн Ибрахим Махмудиге ірі есеппен жол берді. Екі кездесуде Тұрсынов қарсыластарға 16 ұпай ұстатты. Парижде бақ сынайтын балуанның дәл бұлай ойсырай жеңілгені көңілімізді күпті қылып қойғаны рас. Бірақ еліміздегі бұл салмақта Тұрсынов­тан озатын ешкім болмай тұр.

130 келідегі Әлімхан Сыздықов та ко­мандаластарының жолынан жаңылмай, бірінші белдесуде тунистік балуанға жол берді. 

Аталған турнирден соң команда бас бапкерлері пікір білдіруге асыққан жоқ. Десе де, бұл жарыс Париж ойындарының қарсаңындағы күйімізді бір көрсетіп ал­ғандай...

Арда КЕМЕЛ