Әлеуметтік желіде жүкті әйел кесарь тілігі арқылы босанса, Үкімет арнайы әлеуметтік төлем жасайды деген ақпарат тарап жатыр.
Кесарь тілігі арқылы босанған әйелдің әлеуметтік төлемі қалай көбейеді?
838
оқылды

Ал заңгер заңда нақты мұндай ұғымның жоқ екенін айтты, – деп жазады Aikyn.kz.

Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі жүктілік және босану кезеңінде мемлекеттен қаржылық қолдауды алу тәртібін зерттеп көрді.

Заңгер Альбина Бахтиярқызының айтуынша, қазақстандық әйелдердің жүктілікке және босануға байланысты алатын әлеуметтік жәрдемақысының мөлшері денсаулық парақта жазылған күндер санына байланысты. Ресми жұмыс істеген ана болуға дайындалып жатқан әйелдер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 2 әлеуметтік төлем және мемлекеттен 1 жәрдемақы алуға құқығы бар.

Бала туғаннан кейін әйел мемлекеттен біржолғы жәрдемақы алады. Алғашқы үш бала үшін ол 38 АЕК, төртінші және одан кейінгі балалар үшін –  63 АЕК. Бала бір жасқа толғаннан кейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бала күтуші ананың орташа айлық жалақысының 40 пайызына тең.

Заңгердің мәліметінше, жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлем құқығы денсаулық парағында көрсетілген демалыс күнінен бастап пайда болады. МӘС төлемді медициналық ұйым берген денсаулық парағына сәйкес жүктілік және босану бойынша еңбекке уақытша жарамсыздықтың барлық күніне байланысты есептейді.

Жүктіліктің 30 аптасынан бастап берілген денсаулық парағындағы стандартты мерзім 126 күнтізбелік күнге (босанғанға дейін 70 күн және кейін 56 күн) тең.

Тілші заңгерден әлеуметтік желіде тараған кесарь тілігі арқылы босанған әйелдерге арналған әлеуметтік төлем туралы да сұрады. Альбина Бахтиярқызы нақты мұндай ұғымның жоқ екенін айтып, заң бойынша нақты түсіндірді. 

"Заңда кесарь тілігі деген ұғым жоқ. Біз оны ауыр босану деп айтамыз. Мұндай жағдайда бізде заң бойынша Үкімет тарапынан арнайы жеке төлем белгіленбеген, тек егер де әйел ауыр босанса, жүктілікке берілетін демалыс күндерінің саны артады. Жалпы алғанда 140 күнге дейінгі демалыс күні артады"

Сонымен, асқынған босану, екі және одан да көп бала туған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағы тағы 14 күнге ұзартылады. Жүкті әйел мерзімінен бұрын 30 аптаға дейін босанса, онда оған туғаннан кейін күнтізбелік 70 күнге денсаулық парағы беріледі. Егер мерзімінен бұрын босану кезінде бала өлі туылса немесе жеті күнде шетінесе, онда босанған әйелге 56 күн демалыс беріледі.

Сонымен қатар  заңгер жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлем қалай есептелетіні туралы айтып берді.

Жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді есептеу кезінде әйелдің соңғы жылда әлеуметтік аударым қорына түскен орташа айлық табысы да ескеріледі. Әйелдің орташа айлық кірісін күндердің санына көбейтеміз. Шыққан жауап денсаулық парағындағы 30-ға бөлінген күнтізбелік күндер санына тең.

Мысалы, стандартты 126 күн ішінде бұл 4,2 коэффициент. Ресми жұмыс істеген әйелдің орташа жалақысы 200 мың теңге болғанда, жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлем 840 000 теңге болады.

Әйел ауыр босанып, оның денсаулық парағына қосымша 14 күн қосылса, Халыққа қызмет көрсету орталығының кез келген бөлімшесіне барып, әлеуметтік төлемді қайта есептету қажет. Нәтижесінде әйелге орташа айлық жалақының жартысына тең қосымша ақы төленеді.