Әміре Қашаубаевтың есімі қазақ музыка тарихына алтын әріптермен жазылды.
Әміре Қашаубаевтың 1927 жылғы Германияға сапары
Фото: автордікі
2,542
оқылды

Оның салған әндеріне бәрі тамсанып бас иген. Тіпті, қазақ жерінен асып, өзге ұлттар да жоғары бағалағаны анық. Осылай деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені Әміре бір емес, екі рет алыс шетелге шығып, өз Отаны атынан ән салған. Біріншісі бәріміз білетін 1925 жылғы Париж сапары болса, екінші рет шетелге шыққаны 1927 жыл. Бұл Германияның Франкфурт қаласы болатын.

Егер алғашқы Париж сапары жайлы қазақ баспасөзінде азды-көпті жазылған болса, екінші Германияға сапары жайында дерек мүлдем аз. Яғни, қазақ баспасөзінен ол жайлы бір-екі сөйлем ғана кездестіреміз. Сондықтан біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін интернеттегі деректерді саралап, Әміре Қашаубаевтың 1927 жылғы Франкфурт қаласына сапары жайлы жазып шығуға ниеттендік.

Әуелі іс-шараның өзіне тоқталып  өтейік. Ресми атауы «The International Exhibition in Frankfurt «Music in the Life of the People». Біз кездестірген барлық жерде атауы «Дүниежүзілік музыка көрмесі» деп берілген. Ахмет Жұбановтың жазуынша, көрме шілде айының 22 мен 31 аралығында өткен екен. Ол жерде Парижге сапары сияқты Г.Любимовтың ансамблі құрамында әртіс ретінде барады. Ол сапарға Ақтөбеде жүрген жерінен аттанады. Бұл жайлы Серке Қожамқұлов өз естелігінде «Ақтөбеде концерт қойып жүргенімізде, Әміре Франкфуртқа бару керек деген хабарды естіген. Әміре сол мезетте бірден жолға шығып кетті», – деп айтқан. 

Біз сол Франкфуртта өткен шараны ұйымдастырушылар жайлы ақпаратты таптық. Өздерін ISCM деп таныстыратын ұйым дүниежүзілік заманауи музыканы насихаттаумен айналысады екен. Олар 1923 жылдан бастап, жылына бір рет әртүрлі қалада фестиваль ұйымдастырып жүрген көрінеді. Ең алғашқысы Зальцбургте өтсе (1923 ж.), былтыр Оңтүстік Африкадағы Йоханнесбургте өтіпті. Биылға Фарер аралдарында өткізу жоспарланыпты.

Бұл сапар жайлы Әміреге қатысты ақпарат аз болса да, жалпы Кеңес үкіметі делегациясы жайында сол кездегі баспасөз өте көп жазған екен. 1927 жылғы шілде, тамыз айларындағы неміс баспасөзін қарап отырып, осыған көзіміз жетті. Мысалы, Arbeiter  Zeitung, Deutshe Allgemeine Zeitung, Frankfurfer Zeitung сияқты ондаған газет Кеңес делегация жайлы мәліметтер беріп отырды. 

 

Бұл жерде бір ескертіп кететін жағдай бар. Біз сол уақыттағы барлық газеттерді тауып, ақпаратты оқып шықтық дегеннен аулақпыз. Интернетте табылған газет архивтерімен ғана жұмыс істедік. Сол жерде Әміре Қашаубаев дегенді оқымадық. Дегенмен Кеңес Одағы делегациясы құрамындағы басқа да әртістер жайлы бірді-екілі жазбалары бар. Дені «керемет орындаушы» деген сыңайда келеді. Сондықтан алдағы уақытта неміс тілін білетін зерттеушілер 1927 жылғы шілде мен тамыз айларында жарық көрген газеттерді іздеп көрсе, Әміре әнші жайлы жазылған деректерді де тауып қалуы ғажап емес.

Осы сапар жайлы тағы бір мақаланы таптық. Мәскеуде шығатын «Рабис» деп аталатын журналдың қыркүйек айындағы 34 нөмірі. Ол жерде белорус әншісі Ирма Яунзем Франкфурт сапары жайлы азды-көпті тоқталған екен. Шынын айту керек, дәл біз үшін аса қызықты ештеңе таппадық. Мақала авторы фестивальға түрлі ұлт өкілдері қатысқанын, кімнің не көрсеткенін, тіпті Моцарт пен Бетховеннің өз қолымен жазған нота қолжазбалары жайлы тоқталған екен. Бір іліп алатыны, осы мақаладан біз Әміре бастаған топтың 9 концерт бергенін және сол концерттер «Франкфурт опера» (Frankfurt opera) залында өткенін білдік.

 

Осы мақала жазылған беттің жоғары жағында бізге белгілі бір фотосурет жарияланды. Ол жерде өнерпаздар бірге түскені бейнеленген. Алдыңғы қатарда отырған Әміре Қашаубаев. (Бұл сурет жайлы өткен бір мақаламызда жазған едікред.)

Осы мақаланы жазу барысында біз бір фотосуретке жолықтық. Бұл сурет қазақ баспасөзінде мүлдем жарияланбаған. Фотосуретті Беларусь мемлекеттік әдебиет пен өнердің архив-музейінен таптық. Нақты дерегі: «Ф. 434. Оп. 1. Ед. хр. 58. Л. 1.» деп көрсетілген.

Бұл жоғарыдағы фотосуретпен бір уақытта түсірілгені анық. Тек адамдар ғана ауысып отырған. Бірінші көп адам түсіп, екінші рет азайтты ма немесе алдымен аз адамды түсіріп, кейін барлығы қосылды ма, ол жағы белгісіз. Десе де, бұл фотосурет те әміретану ғылымына қосылған үлес деп білеміз.

Сөз соңында ел арасында жүрген бір деректі талқылап көрейік. Ел айтты деген мынадай сөз бар. Әміренің Франкфурт сапарында дауысын арнайы дыбыс жазу құралына басып алыпты-мыс. Бұл жайлы еш нақты дерек таппасақ та, жанама дәлел тапқандай болдық. Әміренің өзі болмаса да, бірге барған сапарласының дауысы «жазылып алынды» деген нақты дерек бар.

Осы сапарда Әміренің үзеңгілесі атанған Саша Оганезашвили есімді әнші болған. Ол бірінші фотода Әміренің дәл төбесінде, басына кавказдық бөрік-папаха киіп отыр.  Осы Саша Оганезашвили неміс Вильгельм Дегён зерттеушіге өзі орындаған ән-күйлерін (кавказдың домбырасы – кеманчада) жазып қалдырған екен. Ал ол жазбалар сақтаулы деген екі жер көрсетілген. Бірінші дерек бойынша жазбалар Гумболдт университетінің дыбыс мұрағатында сақталды десе, екінші деректе жазбалар Берлин мемлекеттік кітапханасында бар дейді.

Осы сияқты башқұрт сыбызғышысы Жұмабайды да осы уақытта жазып алды дейді. Яғни, Әміренің дауысы тағы сақталған бір жер болса, ол Германия болуы әбден мүмкін.

Бұған дейін Әміре Қашаубаевтың шетелде түскен үш суретінің тарихы  туралы жазған болатынбыз.