Перзентханадағы қызметкерлер әйелдің де, балалардың да жағдайы қалыпты екенін айтады.
Мақпал Жүнісова үшем босанды
36,142
оқылды

Көкшетаудың перзентханасында Мақпал Жүнісова есімді келіншек үшем босанды. Бақытты отбасы Зеренді ауданына қарасты Гранитный селосында тұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz  порталының тілшісі. 

Бірден үш перзентті болған ана барлық медициналық қызметкерлерге шынайы алғысын білдіріп, балалардың жағдайы қалыпты екенін жеткізді. Бұдан бөлек үш баласы бар отбасы енді көп балалы шаңырақ болып отыр. 

«Мен, Мақпал Жүнісова үшем босандым. Жүктілік кезінде жанымда болған дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Жүктіліктің 35-ші аптасында босандым, бәрі қалыпты өтті. Әрине, соңғы айда қиындау болды. Алғашында дәрігерлер егіз болады деген. Бірақ кейін үшем болатынын естігенде жолдасым екеуіміз қатты таңғалдық. Үйде тағы екі ұлым мен бір қызым бар. Енді, міне, Мирас, Гүлнәр және Гауһар есімді үшем өмірге келді», – дейді Мақпал Жүнісова. 

Қазіргі уақытта балалардың жағдайы қалыпты. Дәрігерлер үшемнің анасына барынша көмек беретінін жеткізді. 

«Ең үлкен болған ұл бала 2 келі 300 грамм салмақпен туды. Қалған екі қыз бала 2 келі 200 грамнан дүниеге келді. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Балаларға біздің медициналық персонал көмек көрсетіп жатыр. Сәбилер жетілмей туғандықтан перзентханада барлық қажетті медициналық тексерістер мен мамандардың консультациялары да бірге жүргізілетін болады. Барынша көмек берілетін болады», – дейді Көкшетау қалалық перзентханасының неонатолог-дәрігері Татьяна Шафигина. 

Қазіргі уақытта анестезиядан кейін енді ғана есін жиған үшемнің анасы сәбилерін бауырына алған. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.