Ғалымдардың жаңа зерттеулерінде қарбызды шамадан көп жеудің кері әсері болатыны анықталғанын newatlas.com сайты жариялады. Aikyn.kz осы мақалаға сүйеніп қарбыз бен жүрек ауруының арасында қандай байланыс бар екенін түсіндіреді.
Бүйрек қызметі бұзылған адамдардың өміріне қарбыз өте қауіпті. Қарбызда калийдің өте көп мөлшері бар. Фото freepik.com сайтынан алынды
Америкалық ересектердің шамамен 35,5 миллионында – халықтың 14%-ында – созылмалы бүйрек аурулары тіркелген. Біздің елде де бүйректің дұрыс жұмыс істемеуінен қиналатын 8500 адам бар. Дәрігерлер осы санаттағы кез келген адам қарбызды жегенде мұқият болуы керектігін ескертеді. Жаңа зерттеулер қарбыздың өмірге қауіп төндіретін проблемаларды қалай тудыратынын нақтылаған.
Ыстық күнде бір тілім қарбыздан артық сергітетін ештеңе жоқ. Қарбыз маусымы жақындаған сайын, көптеген адамдар бұл табиғи тәтті жемісті жеуді асыға күтеді. Қарбыздың 92% су болғандықтан, оның құрамындағы заттар денсаулыққа зиян тигізбейді. Осыған дейін дәрігерлер де, көпшілік халық та осылай ойлап келді. Бірақ зерттеулер бұның қате екенін көрсетті.
Бүйрек қызметі бұзылған адамдардың өміріне қарбыз өте қауіпті. Қарбызда калийдің таңғаларлық көп мөлшері бар.
Бірақ калий мен магний екеуі бірігіп ағзаға жақсы әсер етеді. Калий адамның жүрегі мен бұлшық еттерінің жақсы жұмыс істеуіне көмектессе, магний жүйке жүйесін тыныштандырады. Бұның бәрін тек дәрігердің кеңесімен ғана қолдану керек.
Annals of Internal Medicine журналында жарияланған үш түрлі жағдайдағы зерттеулер жинағы бұрын дәрігерлер дұрыс бағаламаған мәселені анықтады. Қарбыздағы калийдің көптігі дені сау адамдар үшін проблема тудырмайды, ал созылмалы бүйрек ауруы бар адамдар қайғылы жағдайға ұшырауы мүмкін.
Бүйректің жұмысы бұзылғанда бүйрек қандағы қалдықтар мен суды тиімді түрде сүзе алмайды. Созылмалы бүйрек ауруы кезінде (СБА) бүйрек қанның құрамындағы зиянды заттарды толық сүзе алмайды. СБА-мен ауыратын 10 адамның 9-ы бүйрегіндегі ақаулықты дер кезінде білмейді, олар көбінесе симптомдар айқын болған кезде ғана бүйрек ауруына шалдыққанын түсінеді.
Науқас жансақтау бөліміне жүрек соғысы өте баяу, қан қысымы өте төмен күйінде түседі. Кейіннен белгілі болғандай, науқас соңғы екі ай бойы ұйықтар алдында қарбызды «көп мөлшерде» жегені анықталды. Фото unclinic.ru сайтынан алынды
Неліктен калий маңызды және жоғары калий деңгейі неге зиянды?
Калий барлық жасушалардың қалыпты жұмыс істеуі үшін өте маңызды элемент. Ол жүрек соғысын реттейді, бұлшық еттің жиырылуын және жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне қатысады, жасушалардағы сұйықтық деңгейін реттейді.
Дені сау ересектердің қанындағы калийдің мөлшері литріне 3,6-дан 5,2 миллимольге дейін (ммоль/л) болады. Калий деңгейі 3,5 ммоль/л төмен болса оны гипокалиемия, ал 5,5 ммоль/л жоғары болса гиперкалиемия деп атайды. Бұл екеуі де адам өміріне қауіпті.
Сондықтан дәрігерлер гиперкалиемияны қадағалау керектігін айтады. Ұзақ мерзімді немесе созылмалы гиперкалиемиямен ауыратын адамдар калийдің жоғары деңгейін байқамауы мүмкін. Егер олар калий көп тағамдарды тұтынса, онда ағзадағы калий деңгейі қауіпті деңгейге көтеріліп адам өміріне үлкен қауіп төндіреді.
Америкалық зерттеушілер анықтаған 3 жағдайда созылмалы бүйрек ауруы бар (СБА) үш пациенттің 3 аптадан 2 айға дейін уақытта көп мөлшерде қарбыз жегеннен кейін гиперкалиемияны күшейтіп алғаны және оның салдары айтылады.
Қант диабеті, созылмалы бүйрек ауруы бар адамдардың қарбызды көп мөлшерде жеуі гиперкалиемияға алып келеді. Фото terve24.ru сайтынан алынды
1-ші науқас
Инсулинге тәуелді 2 типті қант диабеті және ауыр (4 кезең) СБА-мен ауыратын 56 жастағы ер адам 15 секунд есінен танған соң реанимация бөліміне түседі. Тексеру кезінде оның жүрек соғу жиілігі 20 рет минутына (қалыпты тыныштықтағы жүрек соғу жиілігі минутына 60-100 болуы тиіс) болған және қан қысымы 62/32 мм сын.бағ. болған, бұл өмірге өте қауіпті төмен көрсеткіш.
Зертханалық зерттеулер калийдің 7 ммоль/л деңгейін көрсеткен. Ауруханаға түскенге дейін ер адамның калий деңгейі 4,5-5 ммоль/л аралығында болды. Онда гиперкалиемия (калий деңгейінің жоғарылығы) болған.
1-ші науқас ауруханаға жүрек соғысы өте баяу, қан қысымы өте төмен күйінде түседі. Кейіннен белгілі болғандай, науқас соңғы екі ай бойы ұйықтар алдында қарбызды «көп мөлшерде» жеген болып шығады. Дәрігерлер: гиперкалиемияны қарбыз өршіткендіктен ағзада калийдің көп мөлшерде жиналуы; ауыр СБА; науқас қабылдаған қан қысымын төмендететін дәрі (лизиноприл); қант диабеті бар науқастың бүйректері калийді ағзадан жеткілікті мөлшерде алып тастай алмауынан туындаған гиперкалиемия диагнозын қойды.
Науқасқа қарбызды тұтынуды азайтуға кеңес бергеннен кейін гиперкалиемия қайталанбады.
Созылмалы бүйрек ауруы кезінде (СБА) бүйрек қанның құрамындағы зиянды заттарды, калийді толық сүзе алмайды. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Depositphotos
2-ші науқас
Екінші науқас ишемиялық кардиомиопатиямен ауыратын 72 жастағы ер адам болған. Науқас жансақтау бөліміне түскенде қан қысымы 176/90 мм сынап бағанасы бойынша, жүрек соғу жиілігі қалыпты – минутына 66 рет болған. ЭКГ қалыпты. Зертханалық нәтижелер 6,6 ммоль/л калий деңгейін көрсеткен. Науқас жоғары қан қысымына қарсы дәрі (валсартан) қабылдаған.
Дәрігерлік тексеру барысында қарыншалық тахикардия (VT) және қарыншалық фибрилляция (VF немесе V-Fib) анықталған. VT – бұл жүректің төменгі камералары өте тез жиырылуы болса, VF – олар тез және өзгермелі жиырылады. Бұл өмірге қауіп төндіретін ырғақ, себебі ол жүректің тиімді соғуына кедергі жасайды.
Ауру анамнезін жинаған кезде ер адам соңғы бір ай бойы күн сайын екі стакан қарбыз шырынын ішкенін айтқан. Дәрігерлер валсартан калийдің жоғары мөлшерімен бірге бүйректің калийді ағзадан шығаруын азайтып, жүрек аритмиясын тудыратын гиперкалиемияны туғызған деген қорытындыға келді. Ер адамға құрамында калий бар тағамдардан бас тартудың маңыздылығы ескертіледі, үш айдан кейін оның калий деңгейі қалыпты нормаға түседі.
Диализ аппараты қандағы қалдықтар мен суды сүзеді, өйткені бүйрек жеткіліксіздігі кезінді бүйрек мұны жасай алмайды. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Depositphotos
3-ші науқас
Гемодиализдегі бүйрек жеткіліксіздігі бар 36 жастағы әйелде амбулаториялық диализ бөлімшесінде ай сайынғы зертханалық тексеру кезінде тұрақты асимптоматикалық гиперкалиемия анықталады. Диализ аппараты қандағы қалдықтар мен суды сүзеді, өйткені бүйрек жеткіліксіздігі кезінді бүйрек мұны жасай алмайды. Әйелде ай сайынғы диализге қарамастан калий деңгейі 7,4 ммоль/л дейін жоғары болып қала береді. Ал оның алдыңғы сынамаларында калий деңгейі 5 ммоль/л немесе одан төмен болған.
Кейіннен белгілі болғандай әйел соңғы үш апта бойы күн сайын «көп мөлшерде» қарбыз жеген, содан барып қана оның гиперкалиемиясының себебін дәрігерлер анықтай алған. Науқас қателігін түсініп, енді ешқашан соншалықты қарбыз жемейтін болды.
Калий қан қысымын, жүрек-қан тамырлары ауруларын және инсультті төмендетуге көмектеседі. Бірақ оны көп мөлшерде қабылдау да қауіпті. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Depositphotos
Бұл жағдайлар бізге не айтады?
Калий кептірілген өрік, қара өрік, мейіз, апельсин шырыны және банан сияқты жемістерде кездеседі. Ол сондай-ақ картопта, шпинат, қызанақ және брокколи сияқты көкөністерде, сүт, йогурт, ет, құс және балықта, сондай-ақ жасымық, бұршақ, соя және жаңғақта кездеседі.
Калий ересектердегі қан қысымының, жүрек-қан тамырлары ауруларының және инсультті төмендетуге көмектеседі. Осындай дәлелдерге байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) 2023 жылы ересектерге тәулігіне 90 ммольден кем емес (тәулігіне 3510 мг) калий тұтынуды ұсынады.
Есіңізде болсын: бір тілім қарбызда 320 мг калий бар, ал 25-30 сантиметрлік қарбыз тілімінде 5060 мг калий бар. Бұл бір тәулікте адамға қажетті калийден 1,5 есе көп. Фото ethnomir.ru сайтынан алынды
Калий көптеген тағамдарда бар
Қабығы бар орташа пісірілген картопта 925 мг, ал жарты авокадода 490 мг бар. Албырт балықтың (лосось) 80 г порциясында 534 мг, ал күркетауықтың 80 грамында 250 мг калий бар. Екі ас қасық жержаңғақ майында 210 мг, бір бананда 425 мг калий бар. Алайда жоғарыдағы 3 науқастың жағдайы көрсеткендей, жоғары калий мөлшері қант диабетімен ауыратын, жүрек, бүйрек функциялары бұзылған адамдардың өміріне өте қауіпті.
Көпшілік бананның калийге бай екенін білгенімен, қарбыздың құрамында да калийдің мол мөлшері бар екенін білмейді. Бір тілім қарбызда 320 мг калий бар, ал 25-30 сантиметрлік қарбыз тілімінде 5060 мг калий бар. Бұл бір тәулікте адамға қажетті калийден 1,5 есе көп.
Калийге қатысты қызықты этимологиялық ескертуді осы жерде келтіре кетейік. «Калий» сөзі ағылшынның «potash» сөзінен шыққан, ол калий тұздарын алудың ерте әдісіне қатысты осылай аталады. Калий символы «К» нео-латынның kalium сөзінен шыққан, ол арабтың «өсімдік күлі» al qalīy деген сөзінен шыққан түбір сөзінен алынған. Бұл да ислам әлемінің ғылымның алдыңғы шебінде болғанын дәлелдейтін бір факт.
Қарбыз сатып алғанда жақындарыңыздың жүрегі мен бүйрегінің жұмысы қалай жұмыс істейтінін, қант диабетімен ауырмайтынын да ескеріңіз.
Зерттеу Annals of Internal Medicine журналында қолжетімді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.