Қарағандыда ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен науқастардың бірі көз жұмды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері дәрігерлер қанша тырысқанымен төтенше жағдай кезінде зардап шеккендердің бірін аман алып қала алмағанын мәлімдеді
«Дәрігерлердің салған барлық күш-жігеріне қарамастан, Қарағанды ферроқорытпа зауытында зардап шеккен қызметкерлердің бірін өлім аузынан арашалап қалу мүмкін болмады. 1993 жылы туған ер адамның денесін 85% терең күйік шалған. Осы уақытқа дейін бұл науқас өте ауыр жағдайда болып, бүгін қайтыс болды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қалған бес зардап шеккен адамның жағдайы әлі де өте ауыр. Екі науқас реанимация бөлімінде жатыр.
Айта кетейік, 20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шығып, салдарынан кәсіпорынның сегіз қызметкері зардап шекті. Олар Профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханасына жатқызылған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.