Жұмыс сапарында онымен бірге партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко, қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов, ҚКП мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Виктор Пряхин және жергілікті партиялықтар мен фракция мүшелері болды.
Делегация Павлодар және Шарбақты аудандарындағы нысандарды аралады. Павлодар ауданының Толыбай ауылында қолданыстағы ФАП қайта жаңартылуда. Бижумановтың айтуынша, жұмыстар сапалы және мерзіміне сай жүргізілуде. Партия мүшелері тарапынан нысанда электр қуаты өшкен кезде жылыту жүйесінің де өшіп қалмауына жол бермеу үшін қосымша резервтік электр қуатын орнату бойынша ұсыныстар берілді.
Шарбақты ауданы Арбиген ауылындағы жағдай комиссияның алаңдаушылығын тудырды. Мұнда жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктті салу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, шаруа кестеде көрсетілген мерзімнен едәуір артта қалған. Бұл қарқынмен қыс келгенше жұмыс аяқталмайтын түрі бар.
«Нысанның аяқталу мерзімі 24 тамыз болғанымен, бүгінде тек қабырғалар ғана тұрғызылған. Терезелер енді орнатылған, алда ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары бар, асығу керек», – дейді Дәурен Бижуманов.
Мердігерлер кідірістің жергілікті билік тарапынан болғанын алға тартып отыр. Себеп, нысанға электр көзі уақытында жеткізілмеген, сонымен бірге құбырлар қосылмаған көрінеді. Партиялық бақылау департаментінің директоры бұл мәселенің барлығын облыстық партиялық бақылау комиссиясы мен «AMANAT» партиясының аудандық филиалы қатар бақылауға алғаны туралы айтты.
ФАП құрылысы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында жүргізілуде. Қыркүйек айында республикалық партиялық бақылау комитетінің отырысы жоспарланған, онда медициналық пункттер құрылысын іске асыру мәселелері қаралатын болады. Отырыста Денсаулық сақтау министрінің, орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер өкілдерінің есептері тыңдалады.