Мұндай ядролық жарылысқа төтеп беретін жерасты бункерінің сатылымға қойылғанын newatlas.com жазды. Осы хабарламаға сілтеме жасаған Aikyn.kz сатылымға қойылған бункердің сипаттамасымен таныстырады.
Қырғи-қабақ соғыс кезінде жасалған ядролық бункер аукционға шығарылды. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: SDL Property Auctions
Егер сіз ядролық/вирустық/апокалипсистен қорғануға өзіңіздің жеке баспанаңыздың болуын қаласаңыз, онда бұл бункер жақсы шешім болуы мүмкін. Қырғи-қабақ соғыс кезінде жасалған британдық ядролық бункер жақын арада аукционға шығарылады. Бастапқы бағасы 20 000 АҚШ доллары деп жарияланған.
Англияның Камбрия графтігіндегі ауылдық жерде орналасқан бункердің жанында күзетілетін көлік тұрағы мен жер үстіндегі шағын қоймасы бар. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: SDL Property Auctions
ROC ядролық бункері Англияның Камбрия графтігінде ауылдық жерде орналасқан. Жеке жер учаскесінде салынған бункердің жанында күзетілетін көлік тұрағы мен жер үстіндегі шағын қоймасы бар.
Оны 1950 жылдары Ұлыбританиядағы көптеген басқа да қорғаныс бункерлерімен бірге сол кездегі Корольдік бақылаушы корпусы салған. Бункер кез келген жау ұшағын қадағалауға және ықтимал ядролық соққыларды тіркеу үшін қажет болған. 1990 жылдардың басында Батыс пен Кеңестер Одағының арасы жұмсара бастаған кезде мұндай бункерлердің көпшілігі қажетсіз деп танылып, қолданыстан шығарылды.
Бункер 1950 жылдары салынған, ол үш бақылаушы ядролық шабуылдың сипаттарын жоғары әскери билікке баяндап тұруға арналған. Фото construction-engineer.ru сайтынан алынды
SDL Property Auctions сайтындағы хабарламада:
«Бұл нақты нысан 1950 жылдары салынған көптеген нысандардың бірі болды және үш бақылаушыны ядролық шабуылдан сақтау үшін қорғалған баспанамен қамтамасыз етуге арналған. Олар ядролық жарылыстар мен ядролық шабуылдың салдары туралы хабарлау үшін бункерді пайдаланулары тиіс болатын. Оларға 14 күнге жететін тамақ пен су берілді, сонымен қатар [телефон] және радио байланысы болды. Стационарлық телефон қосылып, жұмыс істеп тұр, оны [интернетке] қосуға болады», – деп жазылған.
ROC ядролық бункерінің интерьері өте ыңғайлы жасалған және бірнеше жұмсақ орындық пен шағын ағашпен жанатын пеші бар.
Жерасты бункерінде бірнеше орындық пен ағашпен жанатын пеш қойылған. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: SDL Property Auctions
Ағаштар мен бұталардың арасында көзге түспейтін баспанаға жоғарыдан құлыпталатын металл люк және 12 метрлік металл баспалдақ арқылы кіруге болады. 70 жыл бұрын салынғанына қарамастан, оның бастапқы иесі жақында жүргізген жөндеудің арқасында бункердің іші жайлы көрінеді.
Бункерді мына видеодан көруге болады:
Интерьер, әрине, клаустрофобиясы бар адамдарға жарамайды, терезелері немесе табиғи жарық түспейді. Ванна бөлмесі немесе ағынды су құбыры жүргізілмеген. Мұндай қолайсыз жағдайда әскери бақылаушылар ядролық шабуылдан кейін ұзақ уақыт қалай өмір сүрер еді деген сұрақ та жауапсыз.
Қазірдің өзінде бункерді демалыс күндері Airbnb арқылы да жалға алуға болады. Мұнда бірнеше орындық пен ағашпен жанатын пештен басқа қоқыс жәшігі, от жағу және басқа да әртүрлі керек-жарақтар сақтайтын шағын қойма да бар.
Жеке жер учаскесінде салынған бункердің жанында күзетілетін көлік тұрағы бар. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: SDL Property Auctions
Болжамды бағасы 19 000-26 000 АҚШ доллары деп аукционға шығарылған ROC ядролық бункердің саудасы бүгін бейсенбіде (25 шілде) Ұлыбритания уақыты бойынша таңғы сағат 9-да басталады. Астана уақыты бойынша сағат 13.00. Аукционға мына сілтеме арқылы өтіп, қатысуға болады: SDL Property Auctions
Бұл аукционға Англиядан шағын жер телімін сатып алуға «құштар» адамдар қатысып көруіне болады. Бірақ біз қаржыны сыртқа шығарғаннан Қазақ еліндегі кәсіпке салуға кеңес берер едік.
Бұдан бірнеше ай бұрын Aikyn.kz сайты жаңа заманда да өте ауқатты адамның жерасты бункерін салып жатқаны туралы мақала жариялады. Көпшіліктің үлкен қызығушылығын туғызған бункер туралы мына сілтемеден оқуға болады: «Белгілі миллиардер құны 270 миллион доллар болатын жерасты бункерін салуға кірісті».
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.