Екінші рет өткізіліп отырған шараға биыл еліміздегі 16 ЖОО-да оқитын 50 студент пен магистрант қатысты.
Media Bootсamp жазғы мектебі аяқталды
725
оқылды

Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған Media Bootсamp жазғы мектебі аяқталды.

Іс-шараның мақсаты – ақпараттық ағымға ілесе алатын, заманауи талаптарға сай мамандар пулын қалыптастыру. Сондай-ақ жазғы мектеп болашақ журналистердің медиа индустриядағы жаңа үрдістер мен инновациялар туралы білімін арттырып, кәсіби машықтарын жетілдіруді көздейді. 

Екінші рет өткізіліп отырған іс-шараға биыл еліміздегі 16 ЖОО-да оқитын 50 студент пен магистрант қатысты. Оларға кәсіби журналистер – Maqsut Narikbayev University-нің оқытушысы Жолдас Өрісбай,  Qazaqstan  телеарнасының жүргізушісі Альбина Әшім, «Ara Media» YouTube жобасының авторы Асылхан Мамашұлы,  Qyzylorda  телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша, документалист Әлия Әшім, сондай-ақ продюсер, подкастер Елдар Құдайбергенов дәріс оқып, уоркшоп өткізді.

«Камера алдындағы кәсіби маман немесе қорқынышсыз эфир» деген тақырыпта тренинг өткізген Альбина Әшім мәтін жазу шеберлігі мен тележүргізуші техникасына көбірек тоқталды.  

«Сессияға қатысушылар маман болып қалыптасу үшін тәжірибе мен тәртіп қажет екенін, жаттығулардың арқасында кей дефектілер мен комплекстерді жоюға болатынын түсінді деп үміттенемін. Кез келген уақытта тележурналистикадағы бәсекеден өту үшін талап, еңбек, ізденіс пен мамандыққа деген махаббат көмектеседі», – деп сөзін түйіндеді спикер.

Ал жасанды интеллект жөнінде уоркшоп өткізген Елдар Құдайберген журналистикада заманауи технологиялар қолдана білудің маңызына тоқталды.  

«Қазіргі уақытта жасанды интеллект мәліметтерді талдауда, жаңалықтарды жылдам жазып, контентті жекешелендіруде маңызды рөл атқарады. Ол ақпараттың дәлдігі мен жылдамдығын арттырып, журналистерге шығармашылық жұмыстарға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді», – деді спикер.

Оның  айтуынша, болашақта жасанды интеллектінің рөлі деректерді өңдеу және болжам жасау саласында артуы мүмкін. Одан бөлек, медиа мектептің оқу бағдарламасы салалық журналистиканың дамуы, сторителлингінің әдіс-тәсілдері, ақпараттық редакцияның жұмысы және журналист этикасы жөніндегі өзекті тақырыптарды қамтыды.

Айта кеткен жөн, қатысушылар кәсіби журналистердің дәрісін тыңдаумен шектелмей, жазу, сөйлеу машықтарын шыңдап, медиа мектеп барысында дайындаған топтық жобаларын қорғады. Іс-шара соңында оларға арнайы сертификаттар табысталды.