Ел Президенті Режеп Тайип Ердоғанның жаңа технологиялық секторға 30 млрд доллар бөлгенін Reuters агенттігі хабарлады. Aikyn.kz осы мақалаға сүйене отырып, Түркия үкіметінің технологиялық стратегиясының басымдықтарын түсіндіреді.
Түркия жаңа технологияларға инвестиция салу арқылы жаһандық жоғары технологиялар орталығына айналуға ниетті. Фото onetwotrip.com сайтынан алынды
26 шілдеде Ыстамбұлдағы Ататүрік мәдени орталығында Түркияның жаңа «HIT-30: жоғары технологияларға инвестиция бөлу бағдарламасының» тұсаукесері өтті.
Түркия жаңа технологияларға инвестиция салу арқылы жаһандық жоғары технологиялар орталығына айналуға ниетті. Үкімет жасыл трансформацияны, цифрлық трансформацияны, жоғары қосылған құнды және өңірлердің дамуын экономикалық құндылыққа айналдыратын жаңа инвестициялық ынталандыру жүйесін жасауды мақсат етуде.
Ыстамбұлдағы Ататүрік мәдени орталығында Түркияның жаңа «HIT-30: жоғары технологияларға инвестиция бөлу бағдарламасының» тұсаукесері өтті. Фото Wikipedia сайтынан алынды. Авторы: A.Savin
«HIT-30» бағдарламасының тұсаукесерінде сөйлеген Президент Режеп Тайип Ердоған үкімет жоғары технологиялық секторлар үшін жалпы сомасы 30 миллиард доллар болатын ынталандыру жоспарын іске қосатынын мәлімдеді.
Жаңа бағдарлама технологиялық сектордың бірнеше бағытын қамтиды. Түркия электр көліктерінің жылдық өндірісін 1 миллион көлікке дейін ұлғайту үшін 5 миллиард долларлық ынталандыру пакетін іске қосады.
Президент Ердоған Ыстамбұлда сөйлеген сөзінде әлемдік электромобиль өндірушілеріне Түркияға инвестиция салуға жол ашқанын айтты. Атап айтқанда, Қытайдың ең ірі электрлік көлік өндірушісі BYD елде 1 миллиард доллар тұратын зауыт салуға шешім қабылдаған. Ол сондай-ақ Анкараның ұзақмерзімді перспективада осы салада негізгі ойыншы болғысы келетінін жеткізді.
Түркия Президенті: «Жыл сайынғы электрлі көлік өндірісі қуатын кемінде 1 миллион бірлікке жеткізу үшін 5 миллиард долларлық ынталандыру пакетін жүзеге асырамыз».
«Біз жыл сайынғы өндірістік қуатымызды кемінде 1 миллион бірлікке дейін арттыру үшін осы салада 5 миллиард долларлық ынталандыру пакетін жүзеге асырамыз», – дейді Түркия Президенті. Оның айтуынша, үкімет жартылай өткізгіш чип зауытын салу үшін тағы 5 миллиард долларлық инвестициялық бағдарламаны іске асыруды жоспарлап отыр.
Қазақ елінде де осындай графикалық процессор (чип) шығаратын зауыт салу туралы Aikyn.kz сайты «Қазақстан Nvidia-мен бірлесіп чип шығаратын зауыт салып, ондаған миллиард доллар табыс табады» атты арнайы материал жариялады.
Зерттеу мақаласында: «Мұндай идеяға қызығушылық жаңа тағайындалған Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Үкімет басшысы Олжас Бектенов тарапынан туындап жатса, оны Мемлекет басшысына ұсыну да қиын болмайды деп ойлаймыз», – деп жазған еді.
Келіссөздер нәтижесінде қазақ министрі Nvidia-мен бірлескен жобаны іске асыруға қол жеткізсе, бұл қазақ экономикасының болашаққа бастайтын жаңа бағдары, үлкен қадамы болар еді. Фото Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің ресми сайтынан алынды
Біздің мақаладағы идеяны іске асыруға Қазақстан Үкіметі шындап көңіл бөлгенге ұқсайды.
Осы күндері Цифрлық даму, инновациялар министрі Жаслан Мәдиев біз айтқан Nvidia және басқа да әлемдік жетекші технологиялық компаниялармен келіссөздер жүргізіп, серіктестік орнату мақсатында АҚШ-та арнайы жұмыс сапарымен жүргені белгілі. Келіссөздер нәтижесінде қазақ министрі Nvidia-мен бірлескен жобаны іске асыруға қол жеткізсе, бұл қазақ экономикасының болашаққа бастайтын жаңа бағдары, үлкен қадамы болар еді.
Түркия үкіметі 15 ГВт-қа дейінгі Күн батареяларынан қуат алатын нысандарға 2,5 миллиард доллар грант береді. Фото mayalanya.ru сайтынан алынды
«Электр батареялары өндірісіне (шетелдік компанияларды) шақыру арқылы біз 2030 жылға қарай 80 ГВт-сағат қуат өндіретін өндіріс ашып, аймақта жетекші рөлге ие болуды мақсат етіп отырмыз», – дейді Президент Режеп Тайип Ердоған.
Түркия Президенті бұл жоба да 4,5 миллиард долларлық ынталандыру бағдарламасының ішінде екенін нақтылады. Сондай-ақ Түркия басшысы мемлекет 15 ГВт-қа дейінгі күн батареяларынан қуат алатын нысандарға 2,5 миллиард доллар грант беретінін және үкімет жел энергиясының маңызды компоненттерін өндіруге тағы 1,7 миллиард доллар бөлгенін айтты.
Ынталандыру пакетін ұсынған мемлекет жеке сектордан да кем дегенде 20 миллиард доллар инвестиция тартуды мақсат етуде. Мемлекет пен бизнес арасындағы инновациялық серіктестік туралы толығырақ мәліметті жақын арада үкімет жариялайтын болды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.