Бүгінде еліміз ауыл шаруашылығы са­ласын дамытудың кешенді шараларын қа­­былдап, қазынадан жеткілікті түрде қаржы да аударып жатыр.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – қуатты жоба
501
оқылды

Саланы құлдырат­­пай сақтап қалу, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту өзекті мәселеге айналды. Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен аг­ро­өнеркәсіптік кешенді дамыту мәселе­лері жөніндегі кеңесте ауыл халқының 85 пайызы тұратын тірек ауыл­дарды дамыту қажет екендігін атап өткен бо­латын. Тірек ауылдарды дамыту үшін тізімге енген елді мекендерді алдымен инфрақұрылыммен, жолмен, қолжетімді байланыспен, интернетпен, қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге ауыл халқы үшін заман үрдісінен қалдырмайтын білім, мәдениет және спорт нысандары да қол­жетімді болғаны абзал. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған ұлттық жобасын «Қуатты АӨК» деп атап, іске кірісіп кеткенін баяндады. 

Жобаның басты мақсаты да ауқымды. Ерекше меже – ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнімінің көлемін екі есеге, яғни 17 трлн теңгеге жеткізу. Ал бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 10 млрд долларға (4,4 трлн теңге) дейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Әсіресе, қапталдағы Ресейдің бәсекелестігін әлсірете отырып, отандық өнімдердің сапасын мен санын өсіру – меженің бір бағыты. Айдарбек Сапаров бас болған министрліктің мақсатты жұмысына қарағанда, бұл меже әбден зерделенген сияқты.

«Ұлттық жобада 5 жылға көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелендіруге, ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталатын 10,5 трлн теңге қайтарымды қаражат көзделген. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының АӨК-ні мемлекеттік қолдау көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Ұлттық жобада субидиялау көлемін 2024-2028 жылдар аралығында 432,9 млрд теңгеден 882,5 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген», – деп хабарлады АШМ.

Сондай-ақ Ұлттық жобаның іс-шараларын жүзеге асыру 5 жылдығы ішінде 3,8 трлн теңге мөлшерінде бюджеттен тыс қаражат тартылатын болады.

АШМ-де ұлттық жоба екі міндетті көздейтінін түсіндірді: біріншісі – егіс алқаптарының құрылымын жеделдетіп әртараптандыру болса, екіншісі –  агротехнологияларды енгізуді ынталандыру, сондай-ақ АӨК-де басым инвестициялық жобаларды іске асыру. Бұл бағытта қосымша тағы бірнеше жоба жолға қойылған. Айталық, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2028 жылы 2 есеге, 17 трлн теңгеге дейін ұлғайту; ауыл шаруашылығы техникасын жылына 8-10%-ға дейін жаңарту; еңбек өнімділігін 2 есе, 9,1 млн теңгеге дейін арттыру; АӨК өнімдерінің экспортын 2 есеге, 10 млрд-қа дейін ұлғайту; ауыл шаруашылығына инвестициялар ағынын 3,3 есеге, 3,2 трлн теңгеге дейін ұлғайту; өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің (сүт, ет, майлы дақылдар, күріш, жүгері, қарақұмық) үлесін 70%-ға дейін ұлғайту; отандық өндіріс есебінен импортқа тәуелді азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету.

Жалпы, ұлттық жоба жоспарлағандай болса, ел мен жұрт өзгенің емес, өзіміздің ауылшаруашылық тауарларымызды еркін қолданатын түрі бар. Тіпті, отандық өнімнің үлесі артып баға тұрақтанбақ. Ел импорт пен азық-түлік бағасының ауытқып кете беретін айнымалылығынан ада болып, ұлттық өнімнің үлес салмағы артады. Сарапшылар қыруар қаржы бөлініп отырған үлкен бастама нәтижелі болады деген сеніммен отыр. Тек сарапшылар ғана емес, жалпы халықтың тілегі – осы.

Бердібек қабай