«Ауыл аманаты» – Президенттің сай­лауалды бағдарламасына енгізілген бас­ты бағыттардың бірі.
Ауылды көркейтуді көздейді
1,026
оқылды

Үкімет бүкіл Қа­зақ­стан бойынша «AMANAT» партиясымен бір­лесіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және ауыл халқының басын­дағы кейбір ауыртпашылықтарды жедел шешуге мүмкіндік беретін жобаны іске қосқан болатын. Бұл жоба елдің еңсесін тік­тей түсуіне жол ашып берді деуге негіз бар.

Елімізде ауқымды жобаны бірінші болып қабылдаған Ақтөбе облысы болды. Бүгінде қарқынды түрде іске асырылып, жаппай жүргізіліп жатқан шаруа 2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық режимде сәтті сыналған болатын.

Жобаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 52,4 млрд теңге бөлінді. Мұның ішінде 11 мыңнан астам шағын несие беру көзделген. Бұл ретте әкімдіктер қазіргі уақытта қаражатқа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргізіп, бар мүмкіндікті қарастыруда. 

Одан бөлек, «AMANAT» партиясы жанынан азаматтар мен әкімдерді әдіснамалық сүйемелдеу, оқыту, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу процесінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңселер де ашылып, белсенді түрде іске кірісіп, отыр.

Атап айтатын болсақ, өтінім берген азаматтарға берілетін шағын несие мерзімі 5 жылға дейін болса, мал шаруашылығына байланысты жобалар үшін 7 жыл мерзім қарастырылған. Ал шағын несиенің ең жоғарғы сомасы – ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни (8,6 млн теңге) болса, шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (27,6 млн теңге) көлемінде берілуде.

Кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетіп әкеткісі келетін кез келген тұрғыннан талап етілетін ең бірінші құжат – жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы. Одан кейінгілері әдеттегі құжаттар десе де болады. 

«Бұл – біздің ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. «AMANAT» партиясы мен үкіметтің міндеті – «Ауыл аманаты» жобасының ауқымын кеңейту. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды», – дейді «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

Бір ескеретін жағдай, микрокредиттер төмендегідей мақсаттар үшін берілмейді. Себебі банктерден несие алып оны кез келген бағытта жұмсап үйренген халық үшін «Ауыл аманаты» жобасы бойынша берілген несиенің әр теңгесі бақылауда екенін айтқан абзал. Айталық, несие алған соң оған жеңіл автокөлік сатып алуға, ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алу, кейін­нен жалға беру үшін ғимараттарды, үй-жайларды, тұрғын үйлерді сатып алуға немесе салуға болмайды. Егер талаптар орындалмаған жағдайда заң жүзінде қатаң шаралар көзделген.

Жалпы алғанда, шағын несиелеу бағдарламасы ауыл тұрғындарын негізінен мал шаруашылығының дамуы қызықтырады – бұл салаға 79% немесе 65,1 млрд теңге тиесілі екен. Бұл туралы Ауыл шаруа-

шылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков ОКҚ-да өткен «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру туралы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында баяндады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ерекше көңіл бөлінді – бүгінде 6,2 млрд теңгеге 299 кооператив қаржыландырылуда.

Айта кететін тағы бір жағдай, бағдарламаны іске асыруға 2024 жылы 100 млрд теңге бағытталған. Қаражат жетіспеген жағдайда облыс әкімдіктері жергілікті бюджет қаражатынан шағын несиелендіруге қосымша қаражат бөлу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ауыл мен шағын қалалардың тұрғындарын несиелендірумен қамтуды ұлғайтуға барынша мүмкіндік бермек.

Бердібек Қабай