Парламент депутаттары Президент бастамалары мен реформаларын халық арасында түсіндіру мақсатында елді мекендерге аттанған болатын.
Сенаторлар аймақтарды аралады
540
оқылды

Сенатор Айгүл Қапбарова Шым­кент қаласында қолжетімді тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Депутат жергілікті тұрғындармен кездескен кезде Мемлекет басшысы был­тыр халықтың әлеуметтік осал топтарын қамтамасыз ету үшін қол­жетімді несиеге берілетін тұрғын үй құрылысын ұлғайтуды тапсырғанын атап өтті. Кездесуде сонымен қатар мектеп салу және жеке меншіктегі пайдаланылмаған жерлерді қайтару мәселелері талқыланды. Сенатор жергілікті тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдай келіп, айтылған барлық мәселе қарау және шара қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға берілетінін атап өтті.

Сенатор Қайрат Тастекеев Абай облысына жұмыс сапары барысында сот және прокуратура қызмет­кер­лерімен кездесулер өткізді. Жүздесу барысында Парламент Сенатының жұмысы туралы хабардар етті және Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы конституциялық заңға жақында қабылданған негізгі өзгерістерге тоқталды. Сенатор қабылданған заң­ның мақсаты сот жүйесін одан әрі жетілдіру, судьялардың тәуелсіздігін күшейту, олардың тең мәртебесін қамтамасыз ету, әкімшілік қысымды жою, оларды сайлау тетіктерін же­­­тілдіру, сондай-ақ Жоғары сот кеңе­­­сінің рөлі мен мәртебесін күшейту еке­­­нін атап өтті. Сенатор сот пен про­­куратура қызметкерлерінің жұ­­­мысы қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әді­­­леттілікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын жеткізді.

Сенаторлар Әлібек Нәутиев пен Сағындық Лұқпанов Атырау облы­сындағы Жылыой ауданының Құлсары қаласында су тасқынының салдарын жою жұмысымен танысты. Депутаттар жергілікті атқарушы органдардың зар­­дап шеккен тұрғындардың мәсе­­­лелерін шешу жөнінде жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабардар болды. Қазіргі уақытта халықтың 60 пайызға жуығы ақшалай өтемақы алды. 1 367 тұр­­ғынның жеке шотына тұрғын үй сатып алуға қаржы түскені туралы айтылды. Депутаттар Құлсары қала­сындағы «Болашақ» ша­­­ғынауданында болып, зардап шеккен халыққа арнап біркелкі жобамен са­­­лынып жатқан 100 тұрғын үй құры­­­лысының барысымен танысты. 

Сенат депутаттары Нурия Ниязова мен Жанна Асанова Алматы қалалық мәслихаты депутаттарымен және қоғамдық кеңесімен бірлесе отырып, ха­лыққа қызмет көрсету кезінде қауіп­сіздік қағидалары мен санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің сақ­талуы тұрғысынан қаланың ойын-сауық парктерінің қызметін көріп шықты. Депутаттар келушілердің жағдайына, аттракциондардың жа­­­рамдылығы мен пайдаланылуына на­зар аударып, жабдықтардың тех­никалық регламентке сәйкес қауіп­­сіздік талабының сақталуына көз жеткізді. Байқаудың нәтижесі Пар­ламенттің кезекті сессиясының ба­­­сында Сенат депутаттарына балалар аттракционы жұмысының сапасын жақсарту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заң шы­­­ғару қызметіне ұсынылатын болады.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кеше­­нінің қызметімен танысты. Ол кітап­хананың материалдық-техникалық базасы мен кітап қорын көрді, мекеме басшылығымен және қызмет­­кер­лерімен әңгімелесті. Сенатор еліміздегі медицина және емдеу-сауықтыру саласындағы реформалар туралы ай­тып берді. Ол медициналық қыз­мет­тердің сапасын арттыру, әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің рөлі мен мәртебесін арттыруға бағытталғаны туралы мәліметтерге жан-жақты тоқ­талды. Сенатор оқырмандар сауа­тын арттыру мәселесіне баса назар аударды. Кездесу барысында мекеменің емдеу-сауықтыру мақсаты үшін қажетті жаб­дықтармен қамтамасыз етуге, емдеу ісіне білікті мамандарды тартуға және тағы басқа қатысты басқа да өзекті мәселе талқыланды.

Сенат депутаттары Наурызбай Бай­қадамов пен Руслан Рүстемов Қы­зылорда облысы Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті. Қоғамдық тәртіпті нығай­тудың өзекті мәселелері жүздесудің бас­ты тақырыбы болды. Сенаторлар шара барысында балалардың қауіп­сіздігі, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, қоғамдық тәртіпті сақтау, вандализмге жауапкершілікті қатаң­дату мәселелері бойынша қабылданған заңдардың ережелерін түсіндірді. Олар сондай-ақ полиция бөлімінің құ­қық­бұзушылықтың алдын алу жөніндегі жұмысымен танысты. Сенаторлар Жа­лағаш ауылында орналасқан 130 орын­дық «Жас қыран» балабақшасында да болды. Балабақша қызметкерлері сенаторларға білім беру саласын же­тілдіру туралы ұсыныстарын айтып, білім беру бастамаларын қолдау мен балалар мекемелерін дамыту туралы айтты. Сенаторлар ұсынылған бас­тамалардың маңызына назар аударды және олардың заңнамалық деңгейде іске асуына ықпал ететінін жеткізді.

Сенаторлар Жанболат Жөргенбаев пен Амангелді Толамисов Жетісу об­лысына сапар барысында Ескелді ауданындағы ирригациялық жүйенің жағдайымен танысып, шаруа қожа­лықтарының өкілдерімен кездесті. Жүздесуде 450 шаруа қожалығы мен 13 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге арналған, 1976 жылы пайдалануға берілген су қоймасы күрделі жөндеуді қажет ететіндігі ту­ралы айтылды. Қаржының жеткі­ліксіздігіне байланысты нысан ауыр жағдайды бастан кешіп отыр. Де­путаттар Сарыөзек-Көктал автомобиль жолындағы жөндеу жұмысымен де танысты. Мұнда биылғы жылдың соңына дейін 23 шақырымды аяқтау жоспарлануда, ал қалған 62 шақырымы 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Сенат депутаттары осыған дейін Үкіметтің атына өңірдегі автожолдардың жай-күйіне қатысты тиісті депутаттық сауал жолдаған бо­латын. Сондай-ақ мемлекеттік ор­гандардың өкілдерімен және жол-құ­рылыс саласының мамандарымен де кездесу өткізді.

Сенатор Андрей Лукин Астана қаласы Есіл аудандық әкімдігінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі негізгі әлеуметтік мәселелер талқыланды. Жаңа құрылыс алаңдары мен жеке дара құрылыстарға және «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынатын мектеп құры­лысына ерекше назар аударылды. Ха­лықтың әлсіз топтарына әлеуметтік қолдауды күшейту, денсаулық сақтау және білім беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ауданның инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Іскерлік аясында өткен кездесудің қорытындысы бойынша бұдан бы­лайғы ынтымақтастық пен қойылған міндеттерді іске асыру жөнінде нақты қадамдар белгіленді.

Сенат депутаты Ғалиасқар Са­ры­баев Жетісу облысындағы Панфилов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Депутат «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында са­лынып жатқан 1 200 орындық мектеп құрылысында да болды. Жүздесуде қазір монолит құю жұмыстары аяқ­талғанын, ішкі әрлеу, электр сымдарын монтаждау, терезе мен сыртқы қор­шауларды орнату жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ газ қазандығын салу жос­парланып отырғаны туралы айтылды. Сенатор құрылысты уақтылы аяқтау мен жұмысты жоғары сапада атқару қажеттігін атап өтті. Депутат сондай-ақ транзит және логистика саласы бо­йынша инновациялық жобалар жүзеге асып жатқан «Қорғас – Шығыс қақ­пасы» арнайы экономикалық айма­ғының қызметімен де танысты. Сена­тор іске асып жатқан жобалардың өңір экономикасына қосатын елеулі үлесін атап өтіп, олардың одан әрі дамуына сенім білдірді.