Лудомания елді елеңдететін жағдайға жетті. Жас талғамайтын құмар ойындардың құлына айналғандар арасында түрлі жас деңгейіндегілер бар. Дегенмен зерттеушілер құмарпаздар қатары жасарып бара жатқанын және тым жиілеп кеткенін айтып, дабыл қағуда.
Құмар ойын құрдымға құлатады
1,191
оқылды

Осыдан біраз жыл бұрын, ел аума­ғын­дағы казиноларға тыйым салынып, мұндай орындар сол кездегі Қапшағай (қазіргі Қонаев) және Бурабайда ғана жұмыс іс­тейтіндігі туралы шешім шығарылған болатын. Сонан бергі кезеңде осы екі ай­мақта казинолар салынып, ойын бизнесі біршама өркендеді. Бірақ еліміздің басқа өңірлері құмар ойындарынан мүлде та­зарды деп айтуға келмейді. Оңай пай­даның дәмін татып қалғандар түрлі жолды ой­ластырып, құмарпаздың қалтасын қағуды жал­ғас­тыруда. Соған сай қазір құмар ойынның құрығына түс­кендердің саны көбейе түскен. Бұған казинолардан бөлек, онлайн ойын­дармен бірге бук­мекерлік кеңселердің де дәуірі жү­ріп тұрғаны кері әсер етіп отырғаны анық. Осынау қоғамды ірітетін дерттің алдын алу­ға, қарсы күресуге тиісті жауапты мем­лекеттік ұйымдар нақты шараларды қабылдауда. Бұл бағытта Алматы облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ел заң­намасына сәйкес, ойын бизнесі объек­тілері Алматы облысында Қапшағай су қойма­сының жағалауында және Ақмола об­лы­сының Бурабай ауданында жергілікті ат­қарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға және өз жұ­мыс­тарын осы аймақтарда ғана жүзеге асыруға тиісті. Бұлардан басқа жерлерде орналасқан казинолар, ойын автоматтары, тотал­и­заторлар заңсыз болып табылады. Осы  орайда, Алматы облысы бойынша Эко­номикалық тергеп-тексеру департаменті заңсыз ойын бизнесі объекттерімен жос­парлы жұмыс жүргізіп отырғанын айта кеткен жөн. Департаменттегілердің ай­туынша, аталған бағытта қолға алынған шаралар нәтижесінде 2022-2024 жылдар аралығында 50 заңсыз ойын мекемесінің жұмысы тоқтатылып, олардан 100-ден аса ойын терминалы, покер үстелдері және компьютерлер тәркіленіпті. 

«Біз интернет-кеңістіктің тұрақты мониторингін жүргізіп отырамыз. Өйткені соңғы уақытта заңмен тыйым салынған онлайн-құмар ойындар ұйымдастыру кеңінен тарала бастағаны байқалады. Зерттеу барысында екі мыңнан астам заңсыз контент сайттар анықталды, оларды бұғаттау үшін тиісті мәліметтер уәкілетті органға жібе­рілді», – деген Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Данияр Қы­ды­ралиевтың айтқанына қарағанда, олардың арасында аса ірі «1WIN» онлайн-кази­но­сының заңсыз қызметі де әшкере­ленген. Аталған казиноның айналымы 6 млрд теңгені құрапты. Сонымен бірге елі­мізде құмар ойынның қарқынды жұмыс істеуін шетелдіктер қамтамасыз етіп отырған кө­рінеді. Қазір тергеу жалғасуда, онлайн-казино сайты бұғатталып, төрт ұйымдас­тырушыға халықаралық іздестіру жа­­­­­­рия­­­ланған, тәркіленуге жататын мүлікке және жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қара­жатқа тыйым салынып, Mercedes-Maybach S500 және Lamborghini Huracan маркалы қымбат автокөліктер тәркіленген.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы