Алматыда жаңа Салық және Бюджет кодекстерінің негізгі мәселелері және оларды іске асыру жолдарын талқылауға арналған кездесу болды. Шараға Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов пен депутат Нурия Ниязова, Қаржы және ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, әкімдік өкілдері, жұртшылық және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері қатысты. Шара жаңа заңнамалық бастамалар бойынша жан-жақты талдау мен пікір алмасуға арналды.
Сенаттың Конституциялық заңнама, Сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласындағы №6 емхананың қызметімен танысты. Емханада консультативтік-диагностикалық бөлімше, Отбасылық денсаулық сақтау орталығы, емдеу-алдын алу бөлімі және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімі жұмыс істейді. Дәрігерлер мұнда 22 сала бойынша кеңес береді, диагностикалық және зертханалық зерттеу жүргізеді және психологиялық көмек көрсетеді. Нұрлан Бекназаров денсаулық сақтау саласының міндеті – азаматтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру және денсаулығын жақсарту екенін атап өтті. Депутат «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бозарық» шағынауданында салынып жатқан тұрғын үйлерді де аралады. Сенатор аз қамтылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызына тоқталды және құрылыс жұмыстарының сапасын атап өтті. Ол сондай-ақ «А-2 Қорғас – Алматы – Шымкент – Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңғырту жөніндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова Семей қаласындағы медициналық жедел жәрдем ауруханасының дәрігерлер қауымымен кездесті. Мекеменің өзекті мәселелері мен мұқтажын талқылау – кездесудің басты мақсаты болды. Медицина қызметкерлері кездесу барысында аурухананың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының жарамсыз жағдайына алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда, жертөле су астында қалып, ғимараттың іргетасына орасан зор зақым келген болатын. Айнұр Арғынбекова денсаулық сақтау ісінде көптеген проблемалық мәселе бар екенін және олар шұғыл шешуді талап ететінін атап өтті.
Сенатор Сағындық Лұқпанов Атырау облысындағы Құрманғазы ауданында болып, кәсіпкерлермен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Жүздесу кезінде оларды жоғары заң шығарушы органның жұмысымен таныстырды және палата қызметінің қорытындылары туралы айтып берді. Өткен сессия барысында қабылданған заңдардағы негізгі жаңалықтар туралы жан-жақты хабардар етілді. Кездесу барысында жергілікті тұрғындарды толғандыратын мәселелер де талқыланды. Сондай-ақ мәслихат депутаттарының денсаулық сақтау және жол саласындағы заңнаманы жетілдіру, өңірді ауызсумен қамтамасыз ету туралы ұсыныстары айтылды. Депутат ауданға сапар барысында 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысымен де танысты.
Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысына сапары барысында Тұрар Рысқұлов ауданында болды. Ол Қайыңды ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінің, Ақыртөбе ауылындағы мәдениет үйінің, Малдыбай ауылындағы мектептің, сондай-ақ Жаңатұрмыс ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені мен мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Бекболат Орынбеков жұмыстарды сапалы және уақтылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Ол жаңа медициналық, білім беру, мәдени және спорттық нысандар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасы мен қызметтердің қолжетімділігін жақсартуда шешуші рөл атқаратынына тоқталды.
Депутат Меркі ауданында болып, Ақтоған ауылындағы Тілеміс батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектептің, Мыңқазан ауылындағы №30 мектептің және Ойтал ауылдық округіндегі №48 мектептің құрылысымен танысты. Ол сондай-ақ Рысқұлов ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысын да көрді.
Сенатор Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына сапары барысында «Конгресс-холл» көпфункционалды мәдени орталығының қызметімен танысты.