Бұл бастамалар спорт нысандарының санын көбейтумен ғана шектелмей, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және жаңа чемпиондар тәрбиелеуге бағытталған.
Спорт саласының дамуы жалпы алғанда, жаңа кешендермен немесе бөлінген қаржымен өлшенбейді. Оның басты көрсеткіші облыста қанша адам спортпен айналысады, әсіресе балалардың тұрақты жаттығуға мүмкіндігі бар ма, спортшылардың жетістігі мен заманауи инфрақұрылымның халыққа қолжетімділігімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлытау облысында бұқаралық спорт әлеуетін арттыру және спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының ауқымы кеңейіп келеді.
Бұқаралық спорт – дені сау қоғамның негізі
2026 жылы аймақтың денешынықтыру және спорт саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 6 млрд 356 млн 256 мың теңге қарастырылған. Қаражаттың басым бөлігі спорт ұйымдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, спортшыларды даярлауға және оқу-жаттығу үдерісін жетілдіруге бағытталған.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 12 ведомстволық спорт ұйымын ұстауға 3 млрд 355 млн 125 мың теңге бөлінген. Ал облыстың құрама командаларының республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуына 320 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражат спортшылардың жаттығу жиындарын өткізуіне, жарыстарға қатысуына және тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдің спорт саласын қаржыландыру саясаты бұқаралық және кәсіби спортты қатар дамытуға бағытталып отыр.
Бүгінде облыста 38 спорт түрі бойынша 8 мыңнан астам спортшы тегін жаттығады. Оларға 263 жаттықтырушы-оқытушы тәлім береді. Өңірде балалар мен жасөспірімдерге арналған 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл – спортқа қызығатын жас буын үшін бастапқы дайындықтан кәсіби деңгейге дейін көтерілуге мүмкіндік беретін маңызды жүйе. Мәселен, «Намыс» спорт мектебінде 14 жаттықтырушының жетекшілігімен 350-400 бала жаттығады. Спорт нысанында мамандандырылған күрес және жаттығу залдары, 150 көрерменге арналған мінбері, әмбебап ойын залы, би залдары, 150 орындық жайлы, заманауи жатақхана және асханасы бар. Балаларға жататын орын, тамақтану және спорттық киім-кешек тегін беріледі. Өңірде CK-NAMYS академиясының іске қосылуы болашағынан үміт күттіретін спортшыларды анықтап қана қоймай, Жезқазғанда ұлттық және халықаралық деңгейдегі жарыс өткізуге мүмкіндік береді. Бұл кешен балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға және өндірістік аймақтарда заманауи инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды әлеуметтік нысан. Сондай-ақ «Қазақмыс» кор-порациясы» ЖШС қолдауымен «Жігер» денешынықтыру-сауықтыру кешені, Жезді кентінде және Жаңаарқа ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешендері, Қаражал қаласында жабық жүзу бассейні ашылды. Ал Жәйрам кентіндегі М. Дәрібеков атындағы спорт кешенінде 444 бала спорттың әр түрімен айналысады. Ал Жезқазған қаласындағы Спортты дамыту орталығында 15 жаттықтырушы 672 спортшыны даярлап келеді. Бұл көрсеткіштер өңірде балалар спортына деген сұраныстың бар екенін және оны дамытуға қажетті ұйымдастырушылық негіз қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Сонымен қатар бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында облыс бойынша 980-ге жуық ваучер беріліп, спорттың 15 түрінен секциялар жұмыс істейді. Мұндай тетік ата-аналардың қаржылық жүктемесін азайтып қана қоймай, балалардың өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай спорт түрін таңдауына мүмкіндік береді.
Инфрақұрылым жаңарса, спорттың да тынысы ашылады
Қазір өңірде 236 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 227-сі мемлекеттік, 9-ы жеке меншік нысан. 2026 жылы халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 78 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланған.
Ресми ақпарат көздерінің мәліметінше, Ұлытау облысы 2022 жылы дербес өңір ретінде құрылғаннан бері 52 спорт нысаны пайдалануға берілген. Олардың қатарында Жезқазған қаласындағы «Жігер» денешынықтыру-сауықтыру кешені, шахмат академиясы, Қаражал қаласындағы жабық бассейн және ауылдық елді мекендерде ашылған спорт кешендері бар. Бұл нысандардың іске қосылуы өңір тұрғындарының спортпен айналысу мүмкіндігін кеңейтіп, әсіресе балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жол ашты.

Дегенмен спорт инфрақұрылымын дамытуда қала мен ауыл арасындағы қолжетімділік айырмашылығын азайту мәселесі де маңызды. Өйткені спорттық мүмкіндіктер тек облыс орталығында шоғырланбай, шалғай елді мекендерге де жетуге тиіс. Осы мақсатта Жезқазғанда ескек есу спортына арналған кешен, Ұлытау ауылында жабық жүзу бассейні, Қаражалда жабық хоккей корты сияқты жобаларды дамыту көзделіп отыр. Бұл бастамалардың маңызы нысандар санын арттырумен ғана шектелмейді. Мәселен, жабық бассейннің салынуы балаларды жүзуге үйретуге, ал хоккей кортының ашылуы қысқы спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік береді. Яғни әрбір жаңа нысан өңірде спорттың белгілі бір бағытының қалыптасуына және жаңа спорттық резервтің өсуіне негіз бола алады.
Жеңістер – жүйелі жұмыстың нәтижесі
Бұқаралық спорттың дамуы кәсіби спорттың да өркендеуіне жол ашады. Себебі болашақ чемпиондар ең алдымен балалар мен жасөспірімдер арасындағы спорт мектептерінде қалыптасады. Сондықтан спорт саласындағы негізгі міндеттердің бірі – көпшілікті спортқа тартумен қатар дарынды жастарды іріктеп, олардың кәсіби шеберлігін шыңдау.
Аймақта бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Өңірде кәсіби футбол клубы – «Ұлытау» және кәсіби волейбол клубы жұмыс істейді. Олардың жарыстарға қатысуы жергілікті спорттың танымалдығын арттырып қана қоймай, жас спортшыларға кәсіби деңгейге көтерілудің нақты үлгісін көрсетеді.
2026 жылдың алғашқы алты айында облыста 200-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 іс-шараға көп. Ал өңір спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 900-ден астам медаль жеңіп алған. Оның ішінде 385 алтын, 263 күміс және 331 қола жүлде бар.
Халықаралық додаларда да Ұлытау спортшыларының жетістігі аз емес. Азия чемпионаттарында 11 алтын, 12 күміс медаль иеленсе, әлем чемпионатында бір күміс жүлдеге қол жеткізген. Ауыр атлетикадан облыс спортшысы Берікбол Нұрсыйла 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының қола жүлдегері атанған.
Бұл жетістіктер өңірде спортшыларды даярлау жұмыстарының нәтижелі екенін көрсетеді. Дегенмен жекелеген спортшылардың жеңісімен шектелмей, спорттың әр түрінен тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсететін жүйе қалыптастыру маңызды. Ол үшін спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, білікті жаттықтырушыларды қолдау, спорттық медицинаны дамыту және жас таланттардың кәсіби өсуіне мүмкіндік беру қажет.
Әлеуметтік әріптестік – спортты дамытудың қосымша мүмкіндігі
Өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуда мемлекет пен бизнестің әріптестігі де маңызды рөл атқарады. Осы бағытта Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бірлескен меморандум аясында жұмыс жүргізуде. Бұл ынтымақтастық өңірдің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026-2027 жылдары өңірде 25-тен астам ірі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысын бастау жоспарланған. Соның ішінде Жезқазған қаласында 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы мен заманауи теннис орталығын салу көзделіп отыр. Әсіресе жабық футбол стадионының құрылысы өңірдегі спорттың дамуына жаңа серпін беруі мүмкін. Мұндай нысан кәсіби командалардың ғана емес, балалар мен жасөспірімдер футболының да дамуына ықпал етеді. Ал теннис орталығы спорттың осы түріне қызығушылық танытатын тұрғындардың қатарын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, «Қазақмыс» компаниясының қатысуымен Жезқазғанда мешіт пен конгресс-орталық салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, мәдениет нысандарын жөндеу, Кеңгір су қоймасының жағалауын көркейту секілді жобалар жүзеге асырылмақ. Мұның барлығы өңірдің әлеуметтік ортасын жақсартуға бағытталған кешенді бастамалардың бір бөлігі.
Спорт мәдениеті – өңір дамуының көрсеткіші
Жалпы, Ұлытау облысында спорт саласын дамыту бірнеше бағытта қатар өрістеп келеді. Біріншіден, спорттық инфрақұрылым кеңейіп, тұрғындардың жаттығу мүмкіндігі артуда. Екіншіден, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту тетіктері жетілдіріліп, тегін секциялар мен ваучерлік қаржыландыру жүйесі жұмыс істеп тұр. Үшіншіден, кәсіби спортқа қолдау көрсетіліп, өңір спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.
Алайда алдағы кезеңде сандық көрсеткіштерді сапалық нәтижеге айналдыру маңызды. Жаңа спорт кешендері толық қуатында жұмыс істеп, білікті мамандармен қамтылуы, ауыл балаларының да спорттық дайындыққа тең қол жеткізуі қажет. Сонымен қатар бұқаралық спортпен жү-йелі айналысатын тұрғындардың үлесін арттыру, балалар арасынан дарынды спортшыларды ерте анықтау және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау басты міндет саналады. Ал өңірде спорт саласын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан бастамалар Ұлытау облысын болашақта спорттық инфрақұрылымы дамыған, бұқаралық спорт мәдениеті қалыптасқан және кәсіби жетістіктерімен танылған аймақ атануына негіз қалайды.
Тілек ҚАБЫЛ
