Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұман­ғарин­нің төрағалығымен өткен кеңесте 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы азық-түлік инфляциясының көрсет­кіш­тері талқыланды.
Бағаны тұрақтандыру – Үкімет назарында
475
оқылды

Жылдық мәнде инфляцияның өсуі бірінші жартыжылдықта 8,6%-ды құрады. Оның құрамдас бөліктері­нің ішіндегі ең төменгі баға өсімі азық-түлік тауарларында (5,5%) тір­кел­ді, әлеуметтік маңызы бар өнім­дер­дің үлесі 0,1%. Азық-түлік емес тауар­лардың бағасы 7,3%-ға, ақылы қызметтер 14,5%-ға өсті. 

Кеңесте Қарағанды облысында бі­рінші сұрыпты ұннан жасалған нан­ның бағасының өсуіне (0,2%) ерек­ше назар аударылды. Белгілі бол­ған­дай, облыстың бір нан зауыты ком­муналдық шығындардың көбеюі­не байланысты бағасын 5 теңгеге көтерді. Серік Жұманғарин өңірге әлеу­меттік нан өндіруді арзандату мүм­кіндігін қарастыруды тапсырды.

Бағаны төмендетуге Қазақ­стан­ның егіс алқаптарынан кеш өнім жи­нау көмектеседі. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің мәліметінше, 1 тамызда оңтүстік аймақтардан картоп (226,6 мың тонна), сәбіз (71,4 мың тон­­­на), қырыққабат (368,5 мың тон­на), пияз (108 мың тонна) жеткізіле бас­тады. Сонымен қатар іс жүзінде бар­лық өңір алдағы маусымаралық ке­зеңге арналған күзгі көкөніс өнім­дерін шарттастырып қойды: сәбіз бойын­ша – қажеттіліктің 117%-ы, пияз бойынша – 172%, картоп бойын­ша – 99%, қырыққабат бойын­ша – 87%.

«Біздің басты міндетіміз – әлеу­меттік маңызы бар өнімдердің дүкен сөрелерінде қолайлы және тұрақты бағамен болуы. Бағаның сәл өсуі кезінде біз әр өнімнің бағасының өсу себептерін бірден зерттеуіміз керек. Қажет болған жағдайда мемлекеттік қолдау шараларын қолға аламыз. Жақында инфляция бойынша жалпы кеңес өткізіп, барлық инфляциялық құрамдас бөліктерді ескере отырып, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қажетті шараларды қарастырамыз және әзірлейміз», – деп қорытын­ды­лады кеңесті вице-премьер.