«AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасында денсаулық сақтау саласындағы кезек күттірмейтін мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, реттестіру басты міндеттердің бірі ретінде белгіленген.
Ем іздеп енді алысқа сабылмайды
1,731
оқылды

Азаматтардың сапалы медициналық ем қа­был­дауына мүмкіндік жасауда ауылдық жерлерде фельд­шерлік амбулаториялық және медициналық пункт­тер салу – партияның Сайлауалды бағдар­ламасының маңызды тармағы болып енгізілген.

Сайлауалды бағдарламаны Түркістан облысында іске асырудың Жол картасына сәйкес, Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Жаңадәуір ауылдарында дәрігерлік амбула­то­рия­лардың құрылыстары қолға алынды. Ауыл тұр­ғын­дары үшін маңызды нысандардың құрылысы биылғы шілде айында басталған. Жоспар бойынша, жаңа ұйымдар алғашқы пациенттерін жыл соңына қарай қабылдайтын болады. Осы күнге дейін аталған ауыл­дардың тұрғындары ем алу үшін бірнеше ша­қырым жол жүріп, Лесбек батыр елді мекеніндегі емханаға келуге мәжбүр болатын.

Сондай-ақ партия бекіткен Жол картасына Сау­ран ауданы Ораңғай елді мекенінде 200 орындық оңалту орталығы мен психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арналған 50 орындық әлеу­меттік қызметтер көрсету орталығы да енгізілген еді. Аталған орталықтардың дайындығы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының жіті бақылауына алынған.

Азаматтарға арнайы қызмет көрсететін бұл ұйымдардағы құрылыс жұмыстарының барысын партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева арнайы барып көрді. Құрылысқа тартылған мердігер ұйымдардың өкілдерімен жүздесіп, құрылыс барысындағы түйткілді мәселелерді талқылады, олардың шешілу жолдары қарастырылды.

Берік БЕК