Бұл елдің тым бай адамдар клубы тез өсіп келеді. Дубайдағы жылжымайтын мүлік нарығының 20%-ы осы елдің инвесторларына тиесілі. Оның Қазақстан үшін қандай маңызы бар екенін мақаланың соңынан оқыңыз.
Үндістанда өте бай адамдар саны жылдам өсуде. Оның Қазақстанға қандай қатысы бар?
Азиядан тым бай адамдардың көп шығуы халықтың санына байланысты. Фото film.ru сайтынан алынды
4,013
оқылды

Сарапшылардың болжамы бойынша, Үндістан алдағы жылдары әлемдегі тым бай адамдардың саны ең жылдам өсетін ел болады деп күтілуде. Бұл туралы Aikyn.kz америкалық CNBC телеарнасының материалына сүйеніп хабарлайды.

Үндістандық миллионерлердің инвестициясының 30%-ы элиталы жылжымайтын мүлікке, шетелдердегі жобаларға жұмсалады. Фото CNBC сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Pixelfit 

Nuvama Private активтерді басқару компаниясының президенті Алок Сайгалдың айтуынша, үндістандық клиенттердің инвестициясының шамамен 30%-ы элиталы жылжымайтын мүлікке, шетелдердегі жобаларға жұмсалады. Стартаптарға инвестиция салу да бай үндістердің жас ұрпағы арасында танымал бола түсуде.

Knight Frank консалтингтік компаниясының мәліметі бойынша, Үндістан алдағы бірнеше жылда әлемдегі мульти миллионерлердің саны ең жылдам өсетін ел болады деп күтілуде. Осы жылдың басында Үндістанның Мумбай қаржы орталығы Пекинді басып озып, Азиядағы жетекші миллиардерлер хабына айналды. Әлемдік деңгейде қала миллиардерлер саны бойынша Нью-Йорк пен Лондоннан кейін үшінші орында.

Үндістанның өте бай халқы – кемінде 30 миллион доллар таза құны бар адамдар – былтыр 2022 жылмен салыстырғанда 6,1% өсіп, 13 263-ке жеткен. Бұл көрсеткіш 2028 жылға қарай 50,1%-ға өседі деп күтілуде.

Сонымен, Үндістанның өсіп келе жатқан аса бай азаматтары өз байлығын қайда инвестициялайды?

Дубайда 200 млн долларға сатуға қойылған «Мәрмәр сарайының» құрылысы 12 жыл бойы жүргізілген. Бұл сарайды үндістандық миллиардер әйелімен келіп көрген. Фото assets.bwbx.io сайтынан алынды

Элиталық жылжымайтын мүлік

Үндістандағы инвестицияның шамамен 30%-ы элиталы жылжымайтын мүлікке, соның ішінде шетелдердегі жобаларға жұмсалады. Бай адамдар қазір қаржыны жерге инвестициялаудан бас тартып, жылжымайтын мүлікке сала бастаған. Орташа үндістандық бай адамның екі және одан да көп үйі бар және олардың шамамен 12%-ы 2024 жылы жаңа үй сатып алуды жоспарлап отыр. Оффшор бүгін үндістер үшін өте маңызды және өзекті тақырыпқа айналды. Сондықтан адамдар өздерінің активтерінің бір бөлігін шетелге көшіруге ұмтылуда.

Anand Rathi Wealth активтерді басқару компаниясының бас директоры Четан Шенойдың айтуынша, Үндістанның тым бай адамдары шетелде қымбат жылжымайтын мүлік сатып алуда, Дубай – олардың сүйікті орыны.

«Дубайда барлық үнді ойын-сауықтары, үнді тағамдары бар. Бірақ жай ғана емес, жоғары деңгейде ұйымдастырылған талғампаз адамдар үшін. Бұл Мумбай мен Делиден де асып түседі», – дейді ол.

Дубайдағы оффшорлық жылжымайтын мүлік нарығының шамамен 20% үнді инвесторларына тиесілі. Бұл элиталы тұрғын үйлер әдетте ауқатты адамдардың демалыс үйлері немесе олар жалға беріледі және оларды қайта сату үшін қойылған.

Бай үндістердің жас ұрпағы стартаптарға инвестиция жасауға ұмтылады. Фото hatamatata.ru сайтынан алынды

Стартаптарға арналған тартымды орта

Стартаптарға инвестиция жасау, әсіресе бай үндістердің жас ұрпағы арасында танымал бола түсуде. Соңғы 15-20 жылда Үндістаннан келген көптеген жастар шетелде білім алып, желілерін кеңейтіп, байланыс орнатып, кейін өз бизнесін ашу немесе стартаптарға инвестиция салу үшін еліне оралды.

«Олардың достары өздерінің стартаптарын ашты. Сондықтан достарымен бірге инвестициялау, осы стартаптарға ақша салу олар үшін тартымды бола түсті», – дейді Алок Сайгал.

Сарапшылардың айтуынша, үндістандық өте бай клиенттер әдетте стартап-инвестицияны «байлық құрудың динамикалық стратегиясы» ретінде қарастырады. Олар қаржыларын финтех, денсаулық сақтау және технология сияқты жоғары өсу секторларында айтарлықтай табыс алудың тәсілі ретінде орналастырады.

2030 жылға қарай Үндістанда 180 000 стартап, сондай-ақ 280 мүйізді жобалар (единорог) пайда болады деп күтілуде. 2023 жылдың соңында Үндістанда 117 254 стартап болды, бұл 2014 жылғы 350-мен салыстырғанда экспоненциалды өсім.

Үндістанның тым бай клиенттерінің байлығының шамамен 17%-ы сәнді тауарларға жұмсалады: зергерлік бұйымдар, өнер туындылары мен қымбат сағаттар. Фото livejournal.com сайтынан volynko аккаунтынан алынды

Сән-салтанат нарығы

Standard Chartered's мәліметтері бойынша, Үндістанның жоғары табысы бар тұлғалары да баламалы инвестициялық мүмкіндіктерді белсенді түрде іздейді.

Knight Frank консалтингтік компаниясының болжамы бойынша, Үндістанның тым бай клиенттерінің байлығының шамамен 17%-ы сәнді тауарларға жұмсалады: зергерлік бұйымдар, өнер туындылары мен қымбат сағаттар. Бұл баламалардың ішкі құндылығы бар және уақыт өте келе құнын жоғалтпайды. Зергерлік бұйымдар мен өнер туындыларына инвестициялардың мәдени мәні бар және олар бай адамның қоғамдағы мәртебесін де көрсетеді. 

Үндістандық дәстүрлер мен қоғамдағы мәртебе туралы Aikyn.kz наурыз айында «Миллиардер Марк Цукерберг, Билл Гейтс пен Сундар Пичай Үндістандағы тойға не үшін барды? (видео)» атты материал жариялады.

Үндістандық миллиардерлер инвестициялардың мәдени мәнін және өздерінің қоғамдағы мәртебесін көрсетуін бағалайды. Фото tournavigator.pro сайтынан алынды

Акцияларға инвестиция фаворит болып қала береді

Сарапшылардың пікірінше, акциялар жоғары кіріс алу мүмкіндігіне байланысты бай үндістандықтар үшін сүйікті актив болып қала береді. Emkay Wealth Management зерттеу бөлімінің басшысы К. Джозеф Томас:

«Өте байлар үшін негізгі инвестициялық активтер класы акциялар мен инвестициялық қорлар болып қала береді. Үндістандық нарықтағы жалпы өсу үрдісі елдің ЖІӨ өсуімен және орта және шағын компаниялардың табыстылығымен байланысты», – дейді.

Standard Chartered's Chengappa мәліметтері бойынша, бай инвесторлар өтімді акцияларға, жоғары өсім беретін компанияларға, фармацевтика мен технология сияқты салалық инвестицияларға көп қаржы бөлуде.

Қазақстан мемлекеттің әлеуетін ұлттың білімі мен ғылымын, технологиялық әлеуетін дамытуға, халықтың әл-ауқатын жылдам көтеруге жұмсауы қажет. Коллаж cadsystems.kz сайтынан алынды

Бұл материалдан шығатын қорытынды мынадай:

Халқының саны бірнеше жүз миллион, миллиард болатын Қытай, Үндістан сияқты үлкен мемлекеттер бүгінгі ғаламдық технологиялық дамудан өте мол пайда таба алады. Өйткені бүгінгі технологиялық, коммуникациялық трансформацияларға ауқымды нарық керек. Нарықты халқының саны көп елдер ғана бере алады. Сондықтан олар алдағы 30-40 жылда өте үлкен тұтыну нарығын ұсына отырып, өз экономикаларын жоғары даму сатысына көтере алады. Әрине, бұл үшін жан-жақты ойластырылған мемлекеттік стратегия қажет болады. 

Ал Қазақстан сияқты шағын елдерге «барлық мәселені нарық реттейді» деген жалған концепцияға алданбай, мемлекеттің әлеуетін ұлттың білімі мен ғылымын, технологиялық әлеуетін дамытуға, халықтың әл-ауқатын жылдам көтеруге жұмсау қажет.

Классикалық экономика теориясына сүйенген АҚШ сияқты батыс елдерінің өздері қаржылай дағдарыс кезінде экономика заңдарын «ұмытып», мемлекеттің көмегімен жекеменшік компанияларға көмектесіп, қиындықтан шығарып алды. Бұл біздің Үкімет пен қаржы-экономикалық секторды басқаратын мамандар үшін үлкен сабақ болуы тиіс. 

Ең бастысы, 200-300 млн сыйымдылығы бар үлкен нарықтар үшін жазылған экономика заңдары, 20-30 млн халқы бар шағын мемлекеттерде дұрыс жұмыс істемейтінін түсіну керек.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.