Маусым айының басында ұшырылған екі америкалық астронавтың Жерге қайта алмай отырғанын gizmodo.com сайты жазды. Бұл мақалаға сүйенген Aikyn.kz астронавтарды Жерге қайтару жолдарын талдайды.
Астронавтар осы Starliner кемесімен Халықаралық ғарыш станциясына барған. Енді олар Жерге қайта алмай отыр. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA
Маусым айының басында Starliner ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) аттанған екі америкалық астронавт Жерге қайта алмай отыр. Олардың ғарыш кемесінен ақау табылып, NASA астронавтарды Жерге қайтару жолдарын іздестіруде.
NASA агенттігі Starliner астронавтарын Жерге қайтару үшін SpaceX-тің Dragon ғарыш кемесін қолдану жолдарын да қарастыруда. Ол үшін Dragon-ның алдағы Crew 9 миссиясы кейінге шегеріліп, ондағы 4 орынның екеуін ХҒС-та қалып қойған екі астронавтқа беру мүмкіндігі талқылануда.
Ұзаққа созылған 2 астронавтың миссиясының сәтсіздігі Boeing компаниясының Starliner ғарыш кемесіне деген сенімді жоғалту қаупі де өсуде. Өздерінің имиджіне нұқсан келтірмеуді ойлаған NASA мен Boeing компаниясы Starliner кемесі астронавтарды кері қайтаруға қабілетті екенін қайта-қайта айтуда. Дегенмен NASA агенттігі екі астронавты үйлеріне аман-есен жеткізудің балама нұсқаларын қарастырып жатқанға ұқсайды.
Бұл ғарыш кемесінің ұшырылғаны туралы Aikyn.kz «Ұзақ күттірген оқиға: екі ғарышкер жаңа кемемен үлкен сапарға аттанды» деп арнайы хабарлама жариялаған еді.
ХҒС-қа тіркелген Starliner ғарыш кемесінде 5 қозғалтқыш істен шыққан. Фото nextbigfuture.com сайтынан алынды
NASA шенеуніктері 18 тамызға жоспарланған SpaceX-тің Crew 9 миссиясын ұшыруды 24 қыркүйекке шегеруді және Starliner экипажын Жерге Crew Dragon кемесімен жеткізуді қарастырып жатқанын аноним дереккөздер хабарлаған.
Бұл – Boeing компаниясы жасаған Starliner ғарыш кемесінің ХҒС-қа алғашқы ұшуының сәтсіздігін көрсетеді. NASA ғарыш кемесінің проблемаларын азайтып көрсетуге күш салғанымен, оның экипажды Жерге қайтаруға жарамсыз екенін растайды.
Starliner CST-100 ғарыш кемесі 5 маусымда Atlas V зымыран тасығышымен ұшырылды, кемеде NASA астронавтары Барри Уилмор мен Сунита Уильямс (әйел астронавт) болды. ХҒС-қа жақындаған кезде ғарыш кемесінің 5 қозғалтқышы істен шығып, кемеде 5 рет гелийдің ағуы тіркелген. Оның біреуі ғарыш кемесі ұшырылмай тұрып байқалған.
Бастапқыда миссия сегіз күнге созылады деп күтілген еді, бірақ Starliner-дің Жерге оралуы белгісіз уақытқа кейінге қалдырылды, ал экипаж ғарышта кеменің ақауы туралы көбірек деректер жинау үшін бірқатар сынақтар жүргізді.
«Бүгінгі күннің ең басты нұсқасы – Барри пен Санниді Starliner кемесімен (Жерге) қайтару. Дәл қазір бұлай болмайды деп айтуға еш себеп жоқ», – дейді NASA-ның өкілдері. Фото universemagazine.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA
Starliner-дің осындай проблемаларына қарамастан, NASA және Boeing кеменің кез келген уақытта экипажды Жерге қайтара алатынын және кеменің ғарышта ұзақ уақыт қылып қоюын Жерде мүмкін болмайтын сынақтарды өткізуге мүмкіндік беретінін мәлімдеп келеді. NASA шенеуніктері 10 шілдеде өткен баспасөз мәслихатында Starliner кемесі Crew 9 миссиясының тамыз айында жоспарланған ұшырылымына дейін ХҒС-тан шығуы керек екенін айтқан.
«Бүгінгі күннің ең басты нұсқасы – Барри пен Санниді Starliner кемесімен (Жерге) қайтару. Дәл қазір бұлай болмайды деп айтуға еш себеп жоқ», – деген еді NASA-ның коммерциялық экипаж бағдарламасының менеджері Стив Стич журналистерге.
Ол кезде NASA Starliner экипажын шілде айының соңына дейін қайтарады деп үміттенген болатын. Бұл мерзім де өтті және NASA қазір Crew 9 ұшыруын кейінге қалдыруды қарастыруда.
NASA бастапқыда SpaceX компаниясының Dragon кемесімен америкалық үш астронавт пен бір Роскосмос ғарышкерін ұшыруды жоспарлаған. Фото theconversation.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA / Bill Ingalls
NASA бастапқыда SpaceX компаниясының Dragon кемесімен америкалық үш астронавт пен бір Роскосмос ғарышкерін ұшыруды жоспарлаған еді. Олар ХҒС бортында алты ай жұмыс істейді деп болжанған. Дегенмен аноним дереккөздер Starliner ғарыш кемесінің ақауына байланысты ұзаққа созылған талқылаулардан кейін Уилмор мен Уильямсты SpaceX компаниясының Dragon ғарыш кемесімен Жерге қайтару ықтималдығы 50*50 екенін айтуда. Өткен аптаның аяғында әлі де ортақ шешім қабылданбаған. Бұл жердегі басты мәселе NASA және Boeing инженерлері қозғалтқыштың істен шығуының түпкі себебін әлі анықтай алмағаны болып отыр.
Starliner кемесінің ақауын түзетілген жағдайдың өзінде оны Жерге экипажсыз бос жіберу NASA мен оның коммерциялық серіктесі Boeing-ке үлкен соққы болары анық. Ұзақ кідірістер мен сәтсіздіктер ғарыш кемесіне деген сенімді одан әрі азайтуда.
Ал миллиардер Илон Масктің SpaceX компаниясы қазірдің өзінде ХҒС-қа сегіз экипаж жеткізді. Starliner-дің 2 астронавтын Жерге қауіпсіз қайтаруға байланысты NASA-ның шешімін күтіп, тоғызыншы экипажды ұшыруға дайындалуда. Астронавтардың отбасына аман-есен жетуіне тілектес болайық.
Ғарышкерлердің Халықаралық ғарыш станциясындағы (ХҒС) жұмысы туралы білгіңіз келсе мына видеоны қараңыз:
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.