Биылғы бірінші жартыжылдықта Қорғаныс министрлігі жауынгерлік даярлық жоспары шеңберінде белгіленген барлық міндетті орындады. Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын жетілдіру басты назарда болды.
Жауынгерлік дайындық қарқыны артты
591
оқылды

Аталмыш кезеңде жедел және жауынгерлік дайындық шараларының қарқындылығы айтар­лықтай артты. Халықаралық тәжірибе негізінде әскерлердің тактикалық және атыс дайындығы үнемі жетілдіріліп отырады. Құрлық әскерлерінің Әскери институтында болашақ офицерлердің көшбасшылық қасиеттерін ны­ғайтуға және кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған «Сардар» бақылау-кешенді курсы ұйымдастырылды.

Биыл 2 мыңнан астам жауынгерлік тактикалық және атыс оқу-жаттығулары өткізіліп, штабтар мен әскерлердің дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл­дарға дайындығына баса назар аударылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен алғаш рет облыс әкімдері мен олардың орынбасарларының жиындары өткізілді. Бұған дейін біз осындай жиын әскери қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері бойынша министрлермен және Парламент депутаттарымен өткізілген болатын.

Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, «Бекет» ведомствоаралық оқу-жаттығуы өткізілді. Алдағы қыркүйек айында осындай оқу-жаттығуды Жамбыл облысының әкімдігімен өткізу жос­парлануда. 

Қазақстан Қарулы Күштері халықаралық оқу-жаттығуларға тұрақты түрде қатысып тұрады. Ауқымды халықаралық «Бірлестік–2024» оқу-жаттығуына Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның әскери контингенттері: 4 мыңнан астам әскери қызметші және 700-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника қатысты.

Оқу-материалдық базаны дамыту жалғасуда. Жыл соңына дейін тренажерлер жеткізу және полигон жабдықтарын жөндеу жоспарлануда, бұл жылына 300 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әскери техниканы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан халықаралық және бітімгерлік қызметті жандандырды. Еліміз – ТМД елдері ішінде БҰҰ миссиясына дербес мандат алған бірден-бір мемлекет. 2024 жылғы наурызда алғаш рет қазақстандық контингент: 139 әскери қызметші, 26 қару-жарақ пен әскери техника БҰҰ миссияларына қатысу үшін Голан жоталарына жіберілді.

Қарулы Күштерді қару-жарақ пен әскери техниканың, оның ішінде отандық өндірістің заманауи үлгілерімен қайта жарақтандырудың кезең-кезеңдік процесі жүріп жатыр. Биыл 500-ден астам жаңа техника келіп түсті, 50 техника күрделі жөндеуден өтті.

2024 жылы «Арлан» және COBRA II брондалған доңғалақты машиналары жеткізіледі деп күтілуде. Жыл соңына дейін SUNQAR тактикалық ұшқыш­сыз жүйелер кешенін және EVOMax шағын ұш­қышсыз жүйелерін сатып алу жоспарлануда.

Биыл Әуе қорғанысы күштері заманауи жой­ғыш ұшақтар мен қару-жарақ класы жоғары дәлдіктегі зениттік зымыран кешенін жеткізеді деп күтілуде. ANKA пилотсыз ауыр класты кешенді тәжірибелік әскери пайдалану жүргізілуде. А400М бірінші ауыр жүк көтергіш әскери-көліктік ұшақ жеткізіледі деп күтілуде. Әскери-теңіз күштері үшін диверсияға қарсы қайық жеткізіледі.

Бронды танк және автокөлік техникасын, әс­кери әуе шабуылына қарсы қорғанысты, танкке қарсы жүйелерді, артиллерия мен атыс қаруын жөндеу цехтары іске қосылды. Әскерлерде 1,5 мыңнан астам әскери техникаға ағымдағы және орташа жөндеу жүргізілді.

Мерзімді әскери қызметтің тартымдылығы мен беделін арттыру мақсатында Қорғаныс министрлігі бірқатар шараларға бастамашылық жасады. Мамыр айында әскери қызметшілерге арналған білім беру гранттарына квоталар бекітетін заң қабылданды. Тегін оқуға арналған мемлекеттік гранттар мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауын­герлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта жоғары нәтижелерге қол жеткізгендерге берілетін болады. Сондай-ақ ЖОО-дағы оқудың бірінші жылында жатақханада тұруға басым құқық берілуі қосымша артықшылық болмақ. 

Сондай-ақ әскерге шақырылушыларға арнал­ған «кредиттік каникулдар» жүйесі енгізілді. Жас­тарды әскери комиссариаттарға бармай-ақ тіркеу процесі автоматтандырылды, бұл жыл сайын та­сы­малдауда, медициналық қызмет көр­сетуде және тіркеу туралы куәлік беруде 1 млрд тең­геден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.