Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізуді көздейді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин кеше Астанада өткен «Қазақстан – Өзбекстан» бизнес форумын ашу барысында мәлімдеді.
Алыс-беріс – көршілер салты
522
оқылды

«Өзбекстан – 2023 жылдың қорытын­дысы бойынша 7-орында тұрған Қазақ­станның ірі сауда серіктесінің бірі. Қазақстанның Орталық Азия елдерімен жалпы сауда айналымының 57%-дан астамы Өзбекстанға тиесілі. Соңғы 5 жылда екіжақты тауар айналымы 29%-ға өсіп, 2022 жылы 5 млрд доллар көлеміне жетті. Бізге саудадағы мәселелерді жүйелі шешу және сауда айналымының жаңа өсу нүктелерін табу қажет, осылайша мемле­кеттеріміздің басшылары қойған мақсат – ортамерзімді кезеңде 10 млрд долларға қол жеткізуге талпынуымыз керек», – деді Серік Жұманғарин.

Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Джамшид Ходжаев мұндай іс-шаралар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қуатты серпін беретінін атап өтті. Ол Қазақстан Өзбекстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі еке­нін атап өтті.

«Әлемдік қауымдастық біздің өңір­лерге біртұтас нарық призмасы арқылы қарайды. Сіздерді ірі жаһандық бренд­терді тиімді тарту үшін күш-жігерімізді біріктіруге шақырамын», – деді ол.

Екі ел арасында өнеркәсіптік ко­операция белсенді түрде дамып келеді, бұл 3,1 млрд АҚШ доллары сомасына 69 жоба, 14,7 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді. Қазірдің өзінде 217 млн доллар сомасына 12 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылды, бұл – тұрмыстық техника, жүк және жеңіл автокөліктер, тракторлар өндірісі. Белсенді фазада 178 млн доллардан астам сомаға үш инвес­тициялық жобаны іске асыру жүргізілуде. Олардың қатарында Тараз қаласындағы қуаты 500 мың тонна болат өнімін шы­ғаратын электр металлургиялық зауыт пен Шымкент қаласындағы инфузиялық ерітінділер өндірісі бар.

Өзбекстан Қазақстанға жеміс-кө­көніс өнімдерінің негізгі жеткізушісі саналады. Әлеуметтік маңызы бар агро­өнеркәсіптік өнімдерді Өзбекстан­нан жеткізуді дамыту үшін тез бұзылатын тауарларды тасымалдау кезінде UZKAZTRADE бірлескен кәсіпорнына қозғалыс басымдығын беру мүмкіндігі қарастыры­латын болады.

Сондай-ақ аталмыш бизнес-форум ая­сында өткен екіжақты кездесуде Үкі­мет басшысының орынбасары Серік Жұ­манғарин мен Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев 4,4 млрд доллар сомасына 34 инвестициялық жобаны және 2,6 млрд долларға 7 сауда келісімін бірлесе жүзеге асыруға келісті. Келісімдер тиісті құ­жат­тар тізімімен бекітілді.

Инвестициялық жобаларды энер­гетика, тау-кен өнеркәсібі және геология, көлік, химия өнеркәсібі, құрылыс, электротехника, машина жасау, фарма­цевтика және басқа да салаларда жүзеге асыру жоспарлануда. Ең көп жоба ауыл шаруашылығы саласында іске асырыл­мақ. 

Тараптар ауыл шаруашылығы өнім­дерін бірлесіп өсіру және Қазақстанда астық пен күрішті терең өңдеу, Түркістан облысында жібек өнімдерін өндіру, орау материалдарын шығаратын кәсіпорын құру және басқа да жобаларды жүзеге асыруға келісті. Сондай-ақ Маңғыстау облысы аумағында ІҚМ терілерін қа­былдау және өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы шешім қабыл­данды.

Аталған жобаларды жүзеге асыру екі елдің инвестициялық және сауда әлеуетін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан басшылары алға қойған – өзара сауда айналымын 10 млрд долларға дейін арттыру мақсатына жетуге жол ашады.