Университеттің адамзат өркениетінде алатын орны ерекше екені рас.
Білім мен ғылымға салынған инвестиция
1,791
оқылды

«AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасында «Біздің басты байлығымыз – адам»  деген ұстаным басты орынға қойылған.  Білімді ел концепциясы қоғам дамуының басты барометрі. Сондықтан партияның «Білім мен ғылымға салынған инвести¬ция – болашаққа салынған инвестиция», - деген тезисі шын мәнінде, іргелі де құнды.

Шығыс пен Батыс әлемін теңдестірген университет

Университеттің адамзат өркениетінде алатын орны ерекше  екендігі рас. Дегенмен университет  адам өмірінде қашан пайда болды? Алғашқы университет қандай болды деген сауал көпшілікті ойландырса керек. Біздің ашық дереккөздерге шолуымыз бойынша, алғаш университет көне Марокконың Фесе қаласында іргетасы қаланған екен. Мұнда әлемдегі ең алғаш университеттің дәріс залдары, ғимараты қаланған.  

Бұл – Ислам әлемінің рухани, білім ордасы Әл-Карауин университеті. Университет ғимараты доға тәріздес баспалдақтардан салынған. Дәріскер кезде осы баспалдақтармен биікке шығып, дәріс оқыған. Мұнда орта ғасырларда Ибн Араби, Ибн Хальдун, Әл-Ыдриси, Маймонид, Әл-Хассан Мухаммед Әл-Баззан сияқты ғұламалар дәріс оқыған.  Бүгінде Шығыс пен Батыс әлемін теңдестіріп, академиялық диалог құрып отырған университет адамзаттың өмірін өркениетпен табыстырған рухани ошақ. 

"Барлық баспалдақ Әл-Карауин университетіне апарады" деген екен көне марокколықтар. Ал қазақ қоғамы үшін оқу мен білімге апарар баспалдақ, әрине  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.  Университет білім мен ғылымның алып баспалдағы саналса, Әл-Фараби университеті қазақ қоғамындағы қашанда шоқтығы биік.  

Шығыс пен Батыс әлемін теңдестірген университеттің бүгіне даму векторы – әлемдік  өркениеттің білім мен ғылым кірпішін қалау. Университет 500-ден астам шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен халықаралық келісім орнатқан. Орнатып қоймастан, нәтижелі прогреске жетті. Әр оқу жылы ҚазҰУ-да әлемнің 30 елінен 100-ден астам шетелдік профессорлар мен ғалымдар дәріс оқиды.  Фараби ұстаздың   Шығысқа сапары әлемге ашылған терезе саналды.  Әлемнің екінші ұстазы салған ағарту сапарын ұлттық университет  профессорлары  бүгінгі өмірдің  шынайылығында жалғастырып отыр. Олар Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және де басқа елдердің университеттерінде ғылыми зерттеулермен айналысып,  білім беріп жатыр. 

Әлемнің 30 елінен 2,5 мыңнан астам шетелдік жас азамат қазақ еліне  сапар шегіп, бакалавриат, магистратура және докторантурада білім алып жатыр.  Қазақ өркениетін әлемге танытатын білім көкжиегінің өресін арттыруда. ҚазҰУ еліміздегі білім беру қызметтерінің жетекші экспорттаушысы. Қазіргі таңда Стамбул (Түркия) және Бішкек  (Қырғызстан) қалаларында университет филиалдары, сондай-ақ Ұлттық зерттеу ядролық университетінің «Мәскеу инженерлік физика институты» филиалы ашылды.

ҚазҰУ Ла-Сапиенца университеті (Италия), Лотарингия университеті (Франция), Висмар университеті (Германия),  Реймс Шампань-Арденна университеті (Франция), Кадис университеті (Испания), Лиссабон университеттік институты (INCSTE) (Португалия), Н.Коперник атындағы Торун университеті сияқты беделді шетелдік университеттермен бірлескен және қосдипломды бағдарламаларын жүзеге асырып отыр. 

Шығыс жауһары Әл-Фарабидің: «Ғақлия көзбен қарасаң, дүние – ғажап, сен – есік» деген афоризміне терең үңілсек,  білім мен ғылым әлемге ашылған ғажап дүние, орта саналса, сол білім мен ғылымның иесі қоғамның тұтқасы, тірегі һәм ағартушысы. 

Мемлекеттің басты ғылым векторы университет көкжиегінде

Қоғам һәм университет. Қоғам үшін университеттің теңдессіз, өлшеусіз орны бар. Ол ешбір гравитацияға бағынбайтын тартылыс күшіне ие. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де қазақ қоғамының жарығы. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында қоғамның күретамырының тынысын кеңейтетін жол ғылымда деп атады. Осы орайда ҚазҰУ-дың  ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климат өзгеруіне қарсы күресте стратегиялық қадамын атауға болады.  Ғылым дерекқорларындағы ең озық зерттеулер, іргелі және қолданбалы нәтижелерге мониторинг жүргізу, нәтижесінде тиімді шешу мехнизмдерін ұсына білген ҚазҰУ ректоры  Жансейіт Түймебаев климаттың өзгеруін зерттеуге және білім беруге арналған «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының құрамына Тұрақты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана ісін жолға қойды. 

Жаһандық зерттеу көшінен ойып орын алған ғылыми орталық климат және модельдеу, цифрлық картография және қолданбалы геодезия, GlobalSky (атмосфералық зерттеулердің инновациялық зертханасы), тұрақты туризм, су ресурстарының сапасын талдау бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар ландшафттардың деградациясын геоақпараттық талдау, геодемографиялық және әлеуметтік-экономикалық зерттеулер, экологиялық қауіпсіздік, топырақ экологиясы, қоршаған ортаны бақылау шараларын іске асырады. Бұл аталған зерттеулер еліміздегі су тасқыны  салдарын зерттеу мен алдын алуда, оңтайлы технологияларды енгізуде үлкен бетбұрыс. 

Университеттің климат өзгеруіне қарсы күресінде стратегиялық келесі қадамы – «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы жұмысынан бастау алғаны.  Жаңа орталық Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан болған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге  мониторинг жүргізеді. Қашықтан бақылау арқылы аймақтағы табиғи қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан, Қытай және Орталық Азия үшін жоғары деңгейдегі халықаралық ресурстық және экологиялық платформа құруға мүмкіндік береді.

Жаһандағы озық ойлы,  іргелі қауым алысқан климат өзгерісіне күресте үшінші қадам ретінде заманауи «Farabi Chem Science» кластерінің құрылуы.  Құрамына 9 ғылыми зертхана кіретін кластер химия және химиялық технологиялар факультетінде орналасқан.  Заманына сай ашылған зертханалар қоршаған ортаны ластаушы заттарды айқындап, талдап, химиялық ток көздеріне арналған жаңа материалдарды әзірлейді. Мұнай химиясы саласында тереңдетілген зерттеулер жүргізе отырып, қазақстандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияларға қарсы қорғаныш жабындарын алуды мақсат тұтады.  

Химиялық ғылым кластеріне Аналитикалық химия және қоршаған орта зертханасы, Электрохимиялық өндіріс технологиясы зертханасы, Мұнай-химия зертханасы, Химия-медициналық зертхана, Жұқа органикалық синтез зертханасы, Энергияны көп қажет ететін наноматериалдар зертханасы, Перспективалық материалдар мен технологиялар зертханасы, Жоғары дәлдіктегі материалдарды диагностикалау зертханасы және Chemical Coatings Innovations ғылыми-өндірістік орталығы кіреді. Ғалымдардың   соңғы үлгідегі құрылғылар және аппараттармен зерттеулер жүргізуі – ғылымның берік капиталы. Сонымен қатар Қазақстандағы химия, медицина, биология ғылыми мектептерінің жетекші зерттеу ортасы осы ҚазҰУ-да. Сондай-ақ,  БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммиті өтпек. Климаттың өзгеруіне қарсы күресте  қазақстандық ғалымдардың ортақ шешімдеріне, зерттеу нәижелеріне жетуде мұндай зерттеулер мақсатты болмақ. 

Ұстаздардың ұстазы Әл-Фараби тастан алтын жасаудан бастап кәріні жасартатын, ауруды сауықтыратын  химия ғылымының құдіретін «Философия тасын»   табумен теңеген. Ғаламның жылынуы,  климаттың өзгеруі «Климат тасын» өңдеуді ұсынған шақта төгілген тер мен тұрақты еңбектің жемісі өнімді болары сөзсіз.

Биіктік парасаты  

Әлем алуан. Ондағы мекен еткен елдер мен ұлттар, тілдер мен діндер, заңдар мен қағидалар да әралуан. Алайда  ғұламалар салған  ақыл мен білім, ғылым мен  парасаттың ошағы – университет осы құндылықтардың өзгермейтін эпицентрі,  өшпейтін өркениеттің  таразысы.  Қоғамды заман алға сүйрейді. Заманнан озғанның бәрі даму. Әлеумет бір-біріне қарап, ой тоқып, бой түзейді. Мұндайда әлеуметтік қоғамның ғаламат күші бізді дамуға және басқаруға  ниетті. Әсіресе, заманды тезге салатын, жөн бағытқа сілтейтін өлшемдер мен  теңдіктердің үзіліссіз ағымында нық, бекем позиция ұстану сын. 

ҚазҰУ дамуы – әлемдік деңгейдегі ғылыми университеттермен теңесуде, халықаралық білім беруде, ғылыми кеңістікте өрістеуде тың жолды ұстанды. 

Таяуда ғана ҚазҰУ QS халықаралық университеттер рейтингінде әлемдегі ТОП-200 жоғары оқу орындары қатарына қосылды. Көшбасшы университет тоғыз көрсеткіш бойынша 67 позицияға жоғарылап, 230-орыннан 163-орынға көтерілді. Бұл деректен байқарымыз, ҚазҰУ – Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында ең үздік 200 университеттің қатарына енген алғашқы және бірден бірегей университет.

Академиялық бедел және жұмыс берушілер арасында түлектердің сұранысы бойынша алға шыққан ұлттық зерттеу университеті оқытушылардың білім алушыларға арақатынасы, студенттер саны, халықаралық зерттеулер желісі, тұрақты даму көрсеткіштері бойынша  өрісті де өрелі нәтижелерге қол жеткізді.

Айта кетейік, соңғы оқу жылдарында университетте кешенді құрылымдық жаңғырту жүргізіліп, бірлескен ғылыми халықаралық зертханалар ашылды. Жоғары стандарттарға сәйкес халықаралық аккредиттеуден өткен эксперименттік білім беру бағдарламалары әзірленіп, шетелдік университеттердің филиалдары ашылып, өз жұмысын бастады. 

Университет әрбір секунды санаққа алынатын сағат механизміндей. Білім ордасының әрбір оқытушы-ғалымы үздіксіз даму формуласына үлес қосып, еңбегін сіңіріп жатыр. Зерттеу ұжымы жұмыла БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының 17 бағыты бойынша білім беру бағдарламалары сапасын арттыра, инновациялық зерттеулер мен жаңа технологияларды жандандыра отырып,  универсиетттің  тұрақты экожүйесін құрып жатыр. 

Топ-университет моделі – нәтижелі басқарудың өнімі. Сондықтан мұнда әлемдік университеттермен ынтымақтастықты арттыру, академиялық ұтқырлық, әлеуметтік әріптестікті дамыту саласындағы қадамдар әрдайым ғылым көкжиегінде. 

Академиялық бәсекелестік пен  биіктік өлшемінің келесі нәтижесі – ҚазҰУ-ды Times жоғары оқу орындарының ықпалы рейтингісінде 400 позицияға алға жылжытты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алғаш рет nоп 401-600 университеттері қатарынан орын алды.  Аталмыш халықаралық рейтингке әлемнің 1963 университеті енген.  UNAI БҰҰ академиялық ықпал ету бастамасының хабы ретінде ҚазҰУ Тұрақты даму мақсаттарын орындауда көш бастады. №5 «Гендерлік теңдік» бағытында 56-орынға, ал  №7 «Қолжетімді және таза энергия» бағытында 68-орынға жайғасып, үздік 100-ке кірді.

Шығыс  ілім-білімінің жауһары Әл-Фараби теориялық, ойшылдық, этикалық ізгіліктер триадасына теліген бақытқа жету жолы, практикалық  өнермен жалғасып, тұтас бақыт квтронациясын құрайды.   Әрине, университеттің парасат биіктігінен көрінуі бұл білікті менеджмент пен ұжымның тұрақты мақсатының арқасында қол жететін  тұғыр. 

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры