Атырау облыстық мәслихатының депутаты, аталмыш кеңес төрағасы Саламат Идрисов жүргізген отырысқа кеңес мүшелері, облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиева және қалалық, аудандық білім бөлімінің басшылары мен облыстық Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишев онлайн қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібінде «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында алдағы оқу жылына жаңа оқушы орындарын құру, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында алдағы оқу жылына арналған білім беру сапасын жақсарту жөніндегі шаралар, сапалы білім беру жағдайын жасау және жас мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткіші төңірегіндегі мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиева баяндама жасады. Белгілі болғандай, биыл 11 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Атырау облысы бойынша жергілікті жерде кадр тапшылығын шешу мақсатында 2017 жылдан бері атқарушы органдардың сұранысына орай білім беру гранттары бөлініп келеді. Биылғы 2024-2025 оқу жылында педагогикалық мамандықтарға 41 грант бөлінген.
Ал 2022-2023 оқу жылында Атырау облысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары түлектерінің контингенті 4 798-ді құрап, оның 3 297-сі жұмысқа орналасқан.
Биылғы 2023-2024 оқу жылы колледждерді 5 516 түлек бітіріп, олардың бүгінде 51 пайызы жұмысқа орналасқан. Толық жұмысқа орналасу туралы ақпарат қазан айындағы жылдық есепте нақтыланбақ.
Аталған жиында кеңес мүшелері үш ауысымды мектеп, күрделі жөндеудегі мектептердің уақытылы іске қосылмауы, мердігер мекемелердің жауапсыздығы, кітаптармен қамтамасыз ету, жас мамандардың жұмыспен қамтылуы, балалардың 1-сыныпқа орналасуы және басқа да мәселелер бойынша сұрақтар мен ұсыныстарын айтып, алдағы уақытта жұмысты тиімді жүргізу туралы ұсыныстар берілді.
Берік БЕК