Астанада «Ұлттық киноны қолдау» мемлекеттік орталығы және Golden Man Media компаниясының қолдауы­мен түсірілген «Дала қасқыры» филь­мі­нің жабық көрсетілімі өтті. Кино­туын­ды 15 тамыздан бастап ел кино­театрларына жол тартады.
«Дала қасқыры» көрерменге жол тартады
711
оқылды

«Дала қасқыры» – триллер мен драма элементтерін біріктіретін фильм. Шығар­ма­шылық топ сценарий жұмыстарына 10 жыл бұрын кірісіп, оны 2021 жылы аяқ­та­ған. Кейін түсірілім жұмыстары бастал­ған. Түсірілім жұмысына 100-ден астам ма­ман қатысқан. Қауіпті трюктерді қазақ­стандық каскадерлер орындаған, бұған қоса Беларуссиядан арнайы мамандар да шақырылған. Фильмде жоғалған ұлын іздеген Тамара есімді әйелдің оқиғасы баян­далады. 

– «Дала қасқыры» – кейіпкерлерімен, баян­далуымен ерекше фильм. Мұндағы кейіпкер әйел қатты қайғырып тұрға­ны­мен, рухы мықты, мінезі қайсар адам. Туын­дының шырайын келтірген де өзі. Фильмнің халықаралық фестивальдерде жүлде еншілеуі соның дәлелі, – дейді фи­льмнің продюсері Әлия Меңдығожина.

Канададағы Fantasiа Film Festival фестивалінде «Дала қасқыры» фильмінің актерлері Берік Айтжанов пен Анна Старченко «Рөлді үздік орындағаны үшін» номинациясы бойынша марапатталды. Сонымен қатар фильм операторы Еркін­бек Птыралиев Оскар академиясының мүшесі болды.

Бұл «Дала қасқырының» бірінші же­тіс­тігі емес. Аталған кинотуынды өткен жы­лы Роттердам кинофестивалінде жо­ғары бағаланды. Сондай-ақ Бельгияда өт­кен халықаралық кинофестивальда бас жүл­де иеленді.