Басқосуға «AMANAT» партиясы Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Венера Есілбаева, партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов және партияның облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты.
Кеңестің күн тәртібінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмыс барысындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және жемқорлық тәуекелдерін азайту туралы Жамбыл облысы көлемінде жүзеге асырылу жолдары шығарылды.
Аталған мәселе бойынша ең алдымен облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның сөзінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласына облыс бойынша бюджеттен 131,8 млрд теңге қарастырылған. Бүгінге дейін ол қаржының 4 255,9 млн теңге игеріліпті.
Сондай-ақ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Ғани Аймағанбетова да хабарлама жасап, өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысына тоқталды. Филиал басшысы салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдері болғанымен, ешқандай деректер тіркелмегенін жеткізді.
Ал өз кезегінде «AMANAT» партиясы Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Венера Есілбаева аталған салада жемқорлықты болдырмау жолында атқарылатын іс-шаралар легіне тоқталды. Сонымен қатар ол тиісті органдардан ұтымды ұсыныстар күтетінін жеткізіп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Берік БЕК