Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бірінші кезекте ел игілігіне қызмет етуге тиісті жерлерді түгендеу және заңсыз меншікке өтіп кеткен, қараусыз қал­ған телімдерді мемлекетке қайтарып, заң­ға сай қолынан іс келетіндерге беруге байланысты нақты шаралар атқарылуда.
Заңсыз жер мемлекетке қайтарылды
456
оқылды

Жерлерді түгендеу барысында басты назар ауыл шаруашылығы мақсатындағы телімдерге аударылуда. Осы бағытта қолға алынған жұмыстар барысында Алматы облысында мыңдаған гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарып алынғанын бұған дейін жазған едік. Әсіресе, облыстың Алматы қаласы маңындағы аудандары мен мал және өсімдік шаруа­шылығын дамытуға аса қолайлы болып саналатын Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарында жерге қатыст­­ы заң талаптарының сақталуына және орындалуына қатысты қатаң шаралар қолға алынуда. 

Мемлекеттік деңгейде маңызы бар іске бақылау мен тексеруге құқылы салалармен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетіндер де барынша атсалысуда. Биылғы сәуір айында Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің еріктілерімен Ұйғыр ауданы Шонжы ауылдық округіне қарасты аумақтан  30 гектар жер телімін беру кезінде болған бұзушылықтар анықталған еді. Нақтырақ айтқанда, заңсыздық орын алғаны анықталған аталған  жер телімі жеке тұлғаға күн сәулесінен электр энергиясын өндіру мақ­сатымен 49 жыл мерзімге уақытша жалға беріліп, кейін аталған учаскеде мемлекеттік қаржы есебінен су мұнарасы бұрғыланған. 

Алайда арнайы  мониторинг барысында осы жер телімін беру кезінде  қолданыстағы заңнамаға сәйкес сауда-саттықты (аукциондарды) ұйымдастыру және өткізу процестері сақталмағаны белгілі болады. Анықталған жағдайларға байланысты Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментімен аталған жер телімін берудің заңдылығын тексеру үшін жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органға тиісті хат жолданады.

Тексеріс барысында 49 жылға уақытша жалға өтіп кеткен 30 гектар жер телімінің  Жер кодексінің 19 (аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округтер әкімдерінің құзыреті) және 48 (мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтарды сауда-саттықта (аукциондарда) алу) баптарын бұза отырып берілгені анықталды. Осыған байланысты Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылдық округінің  әкіміне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді. Соның нәтижесінде  шілде айында аталған нұсқама орындалып, меншік иесі заңсыз берілген жер телімін  мемлекетке өз еркімен қайтарды.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы