Жастар – болашақтың іргесін қалайтын қоғамның белсенді мүшелері. 1999-жылдан бері 12 тамызда Халықаралық жастар күні жыл сайын атап өтіледі.
Жастар мерейін асырған мереке
701
оқылды

Бұл күннің мақсаты да айқын. Ол – жастардың әлеуетін арттыру, түрлі бастаманы қолдау және жастардың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына бағытталған бастамаларды жүзеге асыру. Биыл айтулы күн елорда жастарын да қуантып, айрықша әсерге бөледі.

Есіл өзенінің жағасында ашық ас­пан астында өткен «Жастармен бірге» OPEN AIR музыкалық фестивальді та­машалауға жастар да, ересектер де жиыл­ды. Бұған дейін елімізде жастар күні қар­саңында «Жастармен бірге» ұлттық он­күндігі өткен болатын. Іс-шараның ба­сында сөз алған Астана қаласы Жастар сая­саты мәселелері басқармасының бас­шысы Самат Ибраев осы онкүндіктің жә­­не өткізілген қорытынды іс-шараның маңызына тоқталды. 

«Жастар күнін мерекелеу құрметіне орай «Жастармен бірге» ұлттық онкүндігі бе­­кітілді, ол 3-12 тамыз аралығында жал­ғас­­ты. Онкүндік аясында экологиялық мә­­­дениетті дамыту, салауатты өмір салтын на­сихаттау, еңбекқорлықты ілгерілету жә­не басқа да бағыттар бойынша бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Бүгін жаңа студенттік үйдің ашылуы, «Бос орындар» жәрмеңкесі өтті. Біз Халықаралық жастар күнін ашық аспан астындағы концертпен аяқтағымыз келеді. Біз жастарға мерекелік көңіл-күй сыйлай алдық деп сенеміз», – деді С.Ибраев.

Онкүндік аясында челленджер мен Абай шығармаларын оқу бойын­ша байқау өткен болатын. Байқау шарты бойынша қатысушы Абай өлеңдерін мә­нерлеп оқып, әлеуметтік желіге жүктеу ке­рек болған. Ерке Есіл жағасында осы бай­қау жеңімпазы марапатталды. Көптен озық шығып, бағалы сыйлыққа ие болған 21 жастағы Бекзат Құлшар бұл жеңісі ұзақ жылдық еңбегінің арқасында келгенін айтты. 

– Поэзия жан рахаты ғой. Бастауыш сы­ныптан бері осындай мәнерлеп оқу сайыс­тарына қатысып келем. Студенттік шақта өлеңмен жолдастығым тіпті беки түсті. Бүгінгі жеңіс – сол талай жылғы ең­­бек пен тәжірибенің жемісі дер едім. Одан бөлек, бұл инста байқау болған­дық­тан, жақындарымның қолдауы үлкен рөл атқарды. Енді бұйырса өлең оқып жеңіп алған айфонды өлеңге арнаймын деп отыр­­мын (күлді). Яғни, алдағы уақытта поэ­зия оқып, әлеуметтік желідегі парақ­шам­да сапалы контенттерді бөлісіп оты­ра­мын, – деді ол.

Кеш қонақтары отандық эстрада жұл­дыздары Дастан Оразбеков, Ізбасар Кеңе­сов, Жеңіс Гарифулла, Нурик Бар­мақов көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, зор қошеметке ие болды. Сондай-ақ эмо­ция­ға толы кеш қонақ­тарға викториналық сұрақтар қойып, 50-ге жуық адамға power bank, құлаққап, музыкалық динамиктер сияқ­ты бірқатар сыйлық ұсынды. Сұрақ­тың біріне дұрыс жауап беріп, сыйлық ұтқан елорда тұрғыны Назгүл Айтбай іс-ша­рада жас­тар­ға берілген мүмкіндіктің көп екенін біліп, қуанышын жеткізді.

«Бүгін концерт өте қызық өтті. Жас­тар­дың ғана емес, үлкен аға-әпкеле­рі­міз­дің, тіпті ақ жаулықты аналарымыздың жү­­зінде қуаныш оты лаулап тұр. Ән­ші­лер­мен қосылып ән айттық, биледік. Бұл ша­раның ерекшелігі өте көп болды. Бірін­ші­ден, қонақтарға жарқын көңіл-күй сый­лау мақсатында сыйлықтар беру ұйым­дастырылған. Екіншіден, жастар арасында таны­мал әншілер келіп отыр. Үшін­шіден, қазір жұмыссыз жүрген жас­тар өздеріне керек мәліметтің бәрін ала ал­ды деп ойлай­мын. Маған құлаққап бұ­йыр­­ды, өте қуа­ныш­тымын, – деді тұрғын. 

Бүгінде елдегі жастар 14 жас пен 35 жас аралығын қамтиды. Осы жас­тағы қазақстандықтар халық санының 30 пайызын құрайды. Оның ішінде оқу ор­нын енді бітіріп, әлі жұмысын таба алмай жүрген жастар қатары көп. Жұмыссыз жүр­ген жастарға қолдау білдіріп, олар үшін жасалған мүмкіндіктер туралы Аста­на қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Олжас Омар кеңінен тарқатып айтып берді.

«Еліміздің жастары, сіздерді Халық­ара­лық жастар күнімен құттықтаймын! Біз­дің Астана қаласының Еңбек мобиль­ді­лігі орталығы және мансап орталығының бас­ты мақсаты – жұмыс іздеген жастарды қа­лауындағы жұмыспен қамту. Орта­лы­ғы­мызда оқу орнын бітірген түлектерге, жас­тарға мемлекеттік қолдау бар. Ол – жас­тар практикасы. Егер сіздерге жұмыс табу қиындық тудырып отырса, онда біз сіз­дердің алғашқы жұмыс тәжіри­бе­ле­ріңіз­ді бастауға бірінші қадам жасау үшін көмектесе аламыз. Мемлекет тарапынан жа­лақы болады. Бүгінгі күні Астана қала­сы бойынша 4 мыңға жуық жастарды қам­титын 700 жұмыс беруші сіздерді күту­де. Бүгінгі шараға ақпарат беруші маман­да­рымыз келіп отыр. Қызық болса қазір­дің өзінде керекті мәліметтеріңізді, қы­зық­тырған сауалдарыңызға жауап ала ала­сыздар», – деді Олжас Омар.

Айта кетейік, Халықаралық жастар кү­ніне орай өткізілген музыкалық кеште Есіл өзені жағасындағы Атырау көпірі жа­нында Darkhan Juzz-ге арналған арт-нысан ашылды. Оған жоба бастамашысы, продюсер Азат Әбікен және әншінің жан­күйерлері қатысты. Орындықтың дизай­нын танымал көше суретшілері Ғалымжан Балсары мен Батыржан Сәдуақасов әзір­леген. Орындықта музыканттың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат алуға болатын QR коды бар тақта қойылған. 

«Ерекше мереке ерекше өтіп жатыр. Бір жағынан талантты қазақстандық музыкант, Darkhan Juzz сахналық атымен танымал болған әншімізге арнап арт-нысан ашып отырмыз. Дархан біздің жа­қын досымыз еді. Бүгін ашылған өнер ны­саны жас музыканттардың қызығатын жаңа орнына және жаңа әуендер, кезде­сулер мен шабыт алаңына айналады деп сенеміз. Арамызда Дарханның әндері үнемі айтылады, ұмытылмайды. Ал қазір біз оған символизм бердік. Елордада әдемі орын ашылды. Қазіргі уақытта музыкант­тың шығармашылығы туралы деректі фильм түсіру бойынша жұмыс істеп жа­тыр­мыз. Сондай-ақ Дарханның екінші аль­бомын шығаруда дайындық жұмыс­тары жүріп жатыр», – деді Азат Әбікен.

Айта кету керек, іс-шараны Green Case Group компаниясы New Level ком­па­­ниясының, Сарыарқа ауданы әкімді­гінің, Астана қаласының Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйым­дас­тыр­ды. Соңғы жылдардағы жастардың бел­сенділігі қай салада болса да артып ке­леді. Ал мұндай шаралар көзқарасы әр­түр­лі, талғамы бөлек жастардың тағы бір жаңа мүмкіндік алуына жол ашатыны анық. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ