Қ.Сатыбалдыұлы 2,5 жыл ішінде мемлекетке 783 млрд теңге активтерді қайтарды.
Rolls-Royce, Aston Martin, элиталық пәтер, вилла: Қайрат Сатыбалды мемлекетке 50 миллиард теңгеден астам мүлікті қайтарады
Коллаж: kursiv.media
1,304
оқылды

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің мәліметінше, Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке 50 миллиард теңгеден астам активті қайтарады, – деп  хабарлайды Aikyn.kz

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Қ.Сатыбалдыұлының кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімінің шарттарын орындау бойынша жұмыс жүргізуде.

Бұл активтердің жалпы сомасы бағалауды ескергенде, 50 млрд теңгеден асады.

Қазіргі таңда 18 млрд теңгеге активтер қайтарылды.

Олардың қатарында Алматыдағы 2 ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар.

– Сатыбалдыұлынан тінту барысында алынған 95 мың АҚШ доллары Арнайы мемлекеттік қорға аударылды.

Сонымен қатар жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергерлік бұйымдар, брендтік сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар (көлемі 174 атау бар) мемлекетке қайтарылды.

Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы құны 192 млн теңгені құрайтын Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin маркалы көліктер түріндегі активтер қайтарылды, – делінген хабарламада. 

Жалпы сомасы 33 млрд теңгені құрайтын Қ.Сатыбалдыұлы мен оның жақындарына тиесілі шетелдік мүліктің тапсырылуы аяқталу сатысында.

Оларға:

  • Дубай қаласындағы құны 20 млрд теңге тұратын екі бағалы вилла;
  • Францияның Көкшіл жағалауындағы құны 4 млрд теңге тұратын төрт элиталық пәтер;
  • құны 5 млрд теңге тұратын Ресейдің Мәскеу қаласындағы беделді тұрғын үй кешендеріндегі 15 жылжымайтын мүлік;
  • құны 4 млрд теңгеден астам Түркияның Бодрум және Ыстамбұл қалаларындағы екі элиталық вилла және пәтер жатады.

Басқа істерді ескере отырып, Қ.Сатыбалдыұлы 2,5 жыл ішінде мемлекетке 783 млрд теңге активтерді қайтарды.