«Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ автомобиль цехының карьерлік машиналарының жүргізушілерімен кездесуде депутат «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделерін жүзеге асыру, жүргізушілердің мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Рудный қаласының коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту туралы айтты.
Зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгені белгілі. Бұл ретте қызметкерге зейнеткерлікке шығу немесе жұмыс бағытын өзгертіп, жеңіл жұмысқа көшу мүмкіндігі беріледі. Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне арнайы әлеуметтік төлем алу құқығын қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы еңбек ұжымын хабардар етті.
– Мерзімінен бұрын зейнетке шығу мәселесі біздің партияның сайлауалды бағдарламасындағы басты мәселенің бірі болды, Президент заңға өткен жылдың соңында қол қойды. Сіздер «AMANAT» партиясына сенім білдірдіңіздер, ал біз өз уәделерімізді орындап жатырмыз. Биылғы жартыжылдықта мен салалық ведомстволармен кездесулер өткіздім, еліміздегі карьерлік ауыр жүк көліктері жүргізушілерінің санын есептеп, әрқайсысының жұмыс сағатын санадық. Заң бар, енді Еңбек министрлігінің бұйрығы қажет, бұл бюджет қаражатын жұмсауға әкеледі. Сондықтан қазір республикалық бюджеттік комиссияның келісімін алу үшін есептеулер жүргізілуде, бірақ қазірдің өзінде мәселенің оң шешілгенін айтуға болады. Мысалы, қазір еліміз бойынша шамамен 8 мың адам арнайы әлеуметтік төлемдер алып отыр, – деді Альберт Рау.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары жаңа Бюджет кодексі жобасы туралы да айтып берді. Депутаттар әрбір елді мекенде жеке табыс салығының толық көлемі, сондай-ақ шағын бизнестен түсетін пайда салығы осы елді мекеннің бюджетінде қалатындай түзетулерді мақұлдады. Осылайша, бұл қаражатты белгілі бір қала немесе ауылдың қажеттіліктеріне, жергілікті билік пен мәслихат депутаттарының шешімімен пайдалануға болады.
Сонымен қатар кездесуге қатысушылар жергілікті инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.
– Қалаларға арналған біздің сайлауалды бағдарламамыздың негізгі тармақтарының бірі – коммуналдық инфрақұрылым. Рудныйда былтыр жылу желілерін реконструкциялауға алғашқы 4 млрд теңге бөлінді. Биыл да сол жұмыс шамамен 3-4 млрд теңгеге жалғасуда, оның ішінде қалалық желілерді жөндеу жұмыстары бар. Сондай-ақ жыл соңына дейін айналма жол мен көпір салуға тендер жарияланады, – деп атап өтті депутат.
Кездесу барысында Альберт Рау жиналғандарға Мәжіліс депутаттарының өткен сессияда атқарған жұмысы, Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру, құмар ойындарға қарсы күрес туралы қабылданған заң және қаржылық алаяқтарға қарсы іс-қимыл туралы айтып берді.
Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Мәжілісмен орталық жұмысымен танысып, ұжыммен көлік иелеріне қызмет көрсетудің өзекті мәселелерін талқылады.
Шымкент қаласындағы орталық күніне 300-ге жуық адамға қызмет көрсетеді. Биыл 35 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіп, 12 мыңға жуық жүргізуші куәлігін берген. Автодром жолдарымен жабдықталған орталықта азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандар тапсырады, сонымен қатар медициналық тексеруден өтіп, көлігін қайта тіркей алады.
– Екі жыл бұрын біздің халыққа қызмет көрсету орталығындағы адамдардың ұзын-сонар кезегі көпке мәлім болды. Тіпті, кейбіреулер кезекке тұру үшін қоршаудың үстінен секіріп жатты. Бұл келеңсіз жайт Түркістан облысынан келген азаматтардың көп болуынан болды, кейін ол жақта халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бірақ қазір кезек азайған жоқ. Мекемеде компьютерлер жеткілікті секілді, дегенмен әлі де қағазбастылық мәселесі бар, – деді Шымкент қаласының тұрғыны Айдос Әбдіразақ.
Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы көлік иелері мен ХҚО қызметкерлерінің мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Ол халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
– Халық жалпы мемлекеттің жұмысын халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының сапасына қарап бағалайды. Қызметкерлердің ынтасын және кадрлық әлеуетін арттыру үшін соңғы екі жылда республика бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің еңбекақысы 100 пайызға көтерілді. Біз мамандардың еңбек жағдайын жақсартуды жалғастыра береміз, бірақ олардың да жұмыс деңгейіне қойылатын талаптар артып келеді. Партиямыздың «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында мемлекет, қоғам және азамат арасындағы қарым-қатынасты барынша цифрландырудың, қызметтер алудың барлық сатысынан адам факторын алып тастаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді, – деді депутат.
Болатбек Нажметдинұлы дайын құжаттарды беру секторының, операциялық залдың, автодромның және басқа да бөлімдердің жұмысымен танысты. Кездесу соңында депутат туындаған мәселелерді шешуге, оның ішінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының балансында тұрған автодромдарды қаржыландыруға қатысты қажетті қолдау көрсетуге ықпал ететінін айтты.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәселелері туралы заңға қол қойған болатын. Депутаттар бастамашы болған заң азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізе алатын халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне тиісті жауапкершілік деңгейін қамтамасыз етеді, жасырын мемлекеттік қызметтерді анықтау механизмін енгізеді, сондай-ақ азаматтарға қосымша қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді.